Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиялық ойындардың дзюдошылар турнирінің 1/8 финалында чех Лукаш Крпалектен ұтылған 100 кг салмақтағы Максим Раков жарыс жолынан шығып қалды.
Қазақстандық спортшының бұл жолғы қарсыласы әлемнің 2014 жылғы чемпионы болып кезікті. Ол біздің атлеттің екі шидо, яғни ескерту алуы арқылы жеңіске жетті.
Осымен Қазақстанның Ойындардағы ең соңғы дзюдошысы да турнирден кетті.
Раков өзінің бірінші жекпе-жегінде эстониялық Григорий Минашкинді ескертуінің көптігі арқасында ұтып еді.
Бұған дейін республика дзюдошылары Қазақстан қоржынына түскен алғашқы екі медальдің иелері болған еді. Атап айтқанда, Отгонцэцэг Галбадрах – қола, ал Елдос Сметов күміс медаль жеңіп алған болатын.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ