Дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы Жетісу жерінде де басталып кетті. Себебі, бүлдіршіндердің бірі білім ордасының табалдырығын аттауға асықса, бірі күнкөріс қамы үшін базар жағалап, тағы бірі – алқаптарда жүр. Ата-анамызда бар екен деп заманауи құралдардан бас көтермейтіні өз алдына. Әйтеуір, бүгінде әлеуметтік теңсіздік етек жайып бара жатқаны анық. Солай екен деп билік қол қусырып қарап отырған жоқ. Алматы облыстық әкімдігінде Елбасының оқушылардың мектепке толық баруын қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес, тақырып аясында жиын болды. Оны Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев ашып, жүргізіп отырды.
«Ағымдағы жылдың 1 тамыз-30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» дәстүрлі республикалық қайырымдылық акциясы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Бақытты балалық шақ мекені» ұранымен Жетісу жерінде де басталып, қанатын жайды. Акцияның мақсаты – көп балалы отбасынан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету және түрлі әлеуметтік себептер бойынша мектепке балалардың бара алмауының алдын алу. 2015-2016 оқу жылында 51 237 балаға 427 млн. 500 мың теңге көлемінде көмек көрсетілген еді. Соның ішінде 46 392 балаға 375 млн. 8 мың теңгеге демеушілер оқу құралдары мен мектеп формаларын сатып алып берген болатын. Ал ағымдағы жылы жалпы 55 мың балаға көмек көрсетілейін деп отыр. Негізі, биыл да облыс әкімі Амандық Баталовтың «Мектепке жол» акциясын өткізу туралы арнайы өкімі шықты», деді өңір басшысының орынбасары.
Бұл күндері білім беру саласы мен ішкі істер органы қызметкерлері және ерікті ата-аналар бірлесе түнгі клубтар мен шаруа қожалықтарының алқаптарын, саяжайларды аралап оқушылардың оқудан кешікпеуіне ықпал етуде. Рас, қаламын, кітап-дәптерін, тіпті компьютерін дайындап отырған балалар жетерлік. Бұл оқуға деген ынтаны, ұқыптылықты, алға ұмтылушылықты білдіретін фактор. Әйткенімен, сананы билейтін өзге де жайттарды жасыра алмаймыз. Дей отырып, Білім күні жақындағанда байбалам салғаннан еш нәрсе өзгермейтінін қайта биліктің жайлап болса да игі қадам жасағанын қолдау қажет. Құптарлығы сол – балалардың құқықтарын қорғау, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органдарымен, кент, ауыл әкімдерімен, жастар, балалар және үкіметтік емес ұйымдармен, ата-аналармен бірлесе отырып, әр елді мекенде қиын балалар тобына жататын, оның ішінде қараусыз, қадағалаусыз қалған және жағдайы жоқ отбасылар мен мигранттар балаларын, сондай-ақ өзге де себептермен жүйелі түрде сабаққа бармайтындарды анықтау үшін рейдтерді жүргізілуде. Екіншіден, акцияның басында және соңында «Балаларды мектепке жинауға көмектес», «Оқушыға мектепке барар жолды табуға көмектес», «Барлық балалар мектепте оқуға тиіс», «Мен мектепті таңдаймын» деген шара аясында қайырымдылық көрсетушілер немесе меценаттар фестивалі ұйымдастыратынын билік айтып отыр. Үшіншіден, акция қорытындылары аудан, қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырыстарында қаралатыны да көп жайды аңғартады.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
ТАЛДЫҚОРҒАН