• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Тамыз, 2016

ДҮБІР

368 рет
көрсетілді

Бір күнде – 2 алтын, 1 күміс медаль

Қазақстан қоржынына осыншама жүлде түсті

Алексей Ни бір алтын мен бір күміс аламыз дегенде, «Егемен Қазақстанға» оның болжамға батыл адам екенін жазғанбыз. Бас жаттықтырушы бізді қатты таң қалдырды. Айтқаны айдай келді. Алтынды да алды, күмісті де алды. Әулие де өзі екен, данышпан да өзі екен. Басқаша қалай айтасың. Біздің ұл мен қыздың, басқасын былай қойғанда, қытайлық қарсыластарының алды – әлемнің үш дүркін чемпионы, Олимпиаданың чемпиондары. Әлемнің рекордтарын қалауынша өзгертіп жүрген сайыпқырандар. Соған қарсы бір дүркін әлем чемпионы және екі дүркін күміс жүлдегермен қарсы тұрмақшы. Қолында осындай қару болса, ешқандай жаттықтырушы асылық сөз айтпас еді. Алдымен қыздардың сайы­сы басталды. Қытайлықтар біздің қызды бағуда. Армян қызы Назиген Авдалян 107 киломен тоқтады. Осы салмақты екінші кезегінде бағындырған Сара Ахмад енді шығатын екеуін күтті. Жазира 110 килоны қиналмай алды. Сара 112 килоны көтеріп кетті. Алдында 120 килоға тапсырыс берген Сян 113 килоны бағындырды. Ақырында Жазира екеуі ғана қалды. Біздің қыз 115 килоны бір толғап төбесінде ойнатқанда, күміс медальдың қалтамызда екенін ұқтық. Сян тағы бір килоға артық тапсырыс берді. Көтерді. Біздің қыздың 117 килоға шамасы жетіңкіремей қалды. Соңғы кезегінде Сян 118 килоны көтеріп жатып мойнына түсіріп алды. Нағыз жаны сірі екен, тез өзіне келді. Сөйтіп, жұлқа көтеруден 1 кило артта қалдық. Қорқынышты емес сияқты. Өйткені, Алексей Ни Жазираның жаттығуда 150 килоны еркін алатынын айтқан. Міне, жаттықтырушының есебі қайда жатыр? Ахмед Сара мен Леди Солис 140 килодан аса алмады. Жазира шықты. Кем дегенде, күміс қолында екендігін біледі. Қырсық шалғанда, 140 кг. зілтемірді ырқынан шығарып алды. Армандап отырған «алтынымыздың» ауылы алыстап бара жатқанын осы кезде ұқтық. Енді бәрі кеш. Кеудесінен жаны шығып кетпесе, әлем рекордшысы енді есе бермейді. Солай болды. Жазира 140 килоны екінші кезекте алғанда, Сян 142 кг. көтерді. Жазира соңғы кезегінде 144 кило көтергенде, ол көп қиналмастан 145-ті көтерді. Сян – Олимпиада чемпионы. Енді ол жанын қинаған жоқ. 147 килоға тапсырыс бергенімен, кеудеге апарып тастап жіберді. Қоссайыс қорытындысы бойынша Сян Яньмен 261 кг., Жазира 259 кг., Египет қызы Сара Ахмед 256 кило жинап, үш мәртебелі орынды пышақ үстінен бөліп алды. Жазира жіберген есені үш сағаттан кейін 77 кг. салмақтағы Ниджат Рахимов қайтарғандай болды. Бұл жарысты ел телеарна­дан көрді ғой, біз көре, ести алмағандарға айтайық. – Ниджат – қытай атлеті, Олимпиялық ойындар мен әлем чемпионы, рекордшысы Люйдан жұлқа көтеруде 12 кг., армян Андроник Карапетяннан 9 кило артта қалғанда, бізді ойша жерлегендер көп болды, – деді Алексей Ни журналистермен кездескенде. – Үшінші орын алады деп ойлады. Бізге керегі де осы еді. Жұлқа көтерудегі есемізді серпеден алуға тырыстық. Біз көз алдау үшін әдейі 202 килоға тапсырыс бердік. Қытайлықтар біздің шамамыз осыған ғана келеді деп ойлады. Сондықтан төмен тапсырыс берді. Бірақ 197 килоға берген алғашқы кезегін ала алмағаны жоспарымызды бекіте түсті. Мен Ниджаттың алдында бас иемін. Маған ва-банкке бару үшін атлетіміздің барлық жағынан дайындығы керек. Ол жаттығу барысында 214 килоны көтеріп көрген емес.Сол үшін де нағыз жауынгер, тума талант әрі данышпан. Бәрін түсінді, ақыл таразысына салды, тәуекелге барды. Сол қасиеті үшін оған шексіз разымын. Расында қытайлықтар алтын медаль біздің қолда, енді оған таласуға ешкімнің шамасы келмейді деп арқасын кеңге салып тұрғанда, біздің штаб ауызындағысын жырып кетті. Мұндай жағдайды ешкім күтпеді. Журналистерге арналған орында Олимпиада чемпионы Ниджатпен де, күміс жүл­дегер Жазирамен де арман­сыз сұхбаттастық. Жазира өз қате­лігінен Токио Олимпиа­дасында қорытынды шығармақшы. «Алтын алмай елге қайтпаймын» деді. Түсіне білгенге бұл асқан жауапкершілік. – Мен жұлқа көтеруде негізгі қарсыластарымнан көп қалып кеттім, – дейді Ниджат. – Оның есесін серпе көтеруден қайтару керек болды. Сондықтан, бапкерлерге бірінші кезекте медаль үшін көтеріп, екінші кезеңнен бастап алтын алатын салмақты көтеруге дайын болатынымды айтым. Чемпион екенімді білдім деп өтірік айта алмаймын, бірақ, ішкі түйсігім күшіме сендірді. Мен маған сенім артқан бас жаттықтырушы Алексей Ниге, Энвер Түркелериге, үш жыл бойы туған бауырындай бар жағ­дайым­ды жасаған Атырау хал­қына, бар­лық жанкүйерлеріме үл­кен рахмет айтамын. Бұл – менің ғана жеңісім емес, маған сенген барша қазақстандықтардың жеңісі. «Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі Бақтияр ТАЙЖАН Рио-де-Жанейродан хабарлайды

Жүлделер жиынтығы

(11 тамыздағы мәлімет бойынша)

№ Құрамалар Алтын Күміс Қола Барлығы 1 АҚШ 11 11 10 32 2 Қытай 10 5 8 23 3 Жапония 6 1 11 18 4 Австралия 5 2 5 12 5 Венгрия 5 1 1 7 6 Ресей 4 7 4 15 7 Оңт. Корея 4 2 3 9 8 Италия 3 6 2 11 9 Ұлыбритания 3 3 6 12 10 Франция 2 3 1 6 11 Қазақстан 2 2 3 7 30 Украина 0 2 1 3 35 Грузия 0 1 1 2 36 Әзербайжан 0 1 0 1 43 Өзбекстан 0 0 2 2 45 Қырғызстан 0 0 1 1

Алматының «алтын» баласы

Риодан келіп жеткен «Сүйінші» Алматы тұрғындарын бір желпінтіп тастады. 200 метрлік қашықтықта брасс әдісімен жүзген алматылық Дмитрий Баландин Қазақстан тарихында жүзуден тұңғыш рет Олимпиада алтын медалін алды! Рио-де-Жанейро Олимпиадасы Қазақстанға осындай қуаныш сыйлады. Өз қуанышын еш жасыра алмаған 21 жасар Дмитрий Ба­лан­дин алғашқы сәтте журналис­терге берген сұхбатында шектен тыс жүрек толқынысын іркіп қала алмады. – Мен өзім де дәл мұндай жеңіске жет­кеніме әлі сенбей жүрмін, – деді Дмитрий. – Бірақ менің жер­лес­­терімнің маған зор үміт арт­қа­нын жақсы білемін. Сон­­дық­тан да бүгін бүкіл Қазақстан той­лап жатқан шығар деп ойлай­мын. Олимпиада алдындағы жаттығу барысында маған бір сөз­бен айтқанда «оттан да, судан да, мыс құбырдан» да өтуге тура келді. Бұл жеңіс –сол еңбек­тің, төккен тердің жемісі. Жат­тық­тыру­шы­ларыма, жанкүйерлеріме алғысым шексіз. Дмитрий Баландин Алматыда 1995 жылы 4 сәуірде туған. Же­ңім­паздар арасында Диманың бойшаң екені көзге ұрып та тұрды. Спортшының бойының ұзындығы 195 см, салмағы 85 кг. Бразилия айдынында балықтай жүзген Баландиннің бұл жеңіске жететініне қазақстандықтар бек сенген. Өйткені, 2014 жылғы Кванджу­да өткен жазғы Универ­сиада­да 100 метр қашықтыққа брас­пен жүзуде «алтын» алған Дми­трий Баландин 2015 жылы Оң­түстік Кореяда өткен Жазғы Азия ойындарында 50, 10, 20 метр­ге браспен жүзуден үш алтынды қатар алып айды аспанға шығарған. Риодағы алғашқы жарыс сынағы кезінде Дмитрий Баландиннің 100 метрлік қашықтықта браспен жүзуде ең соңғы, 8-орын алуы спорт мамандарын да, көрермендерді де әрі-сәрі күйге түсірген... Алайда, Алматының «алтын» баласы суда жүзу спортында өзінің кім екенін күні кеше дәлелдеп шықты. 200 метрлік финалдық жүзуде ресейлік репортерлер баға бергендей, «Қазақстандық Дмитрий Баландин теңдессіз әрі күтпеген ерлік жасады». Шын мәнінде сенсациялық көрсеткішке қол жеткізген (2:08,20) қазақстандық жүзгіш атағы жер жарған 2015 жылдың чемпионы Марко Кох пен вице-чемпионы Кевин Кордесті айдындағы жан беріп, жан алған тайталаста артқа тастап кетті. Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиадалық ойындарда Дмитрий Баландин Қазақстанға зілтемірші Ниджат Рахимовтан кейін екінші алтын медальды алып келді. Көк туымыз америкалық, ресейлік тулардың алдына шығып, Әнұранның сазымен көкке өрледі. ...Қазір жаз. Алматының суға жүзу бассейндерінде балғын балалардың дауысы күн ұзақ бір тыншымайды. Бүгін бассейн басындағы балалардың бар әңгімесі – алматылық Дмитрий Баландиннің Қазақстан қоржынына салған алтын медалі туралы болып тұр. Қаншама балғын жастың арманы өзі де сол Дмитрийдей Олимпиада чемпионы болу емес пе?! Бүгінгі жеңіс – балғындардың қиялына қанат байлағанына біз куәміз! Риодан жеткен соңғы жаңалық жас жүзушілердің жігерін бұрынғыдан да жани түсті. Өйткені, күні кеше Дмитрий Баландин да дәл осы Алматының бас бассейнінде осылар секілді суды шолпылдатып, шеберлігін шыңдаған... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Кенже ұлдың кемел шағы

Тегі әзербайжан ауыр атлеті Ниджат Рахимов 2015 жылдың ақпан айында Қазақстан азаматты­ғын алып, еліміздің құрама командасы сапында өнер көрсете бастағалы бері жаһандық деңгейдегі ең үлкен екі аламанға қатысып, оның екеуінде де алтыннан алқа тағып қайтты. Оның Апшерон түбегіндегі туған отанынан кетіп, Атырауға келіп қоныс тебуіне Әзербайжан құрамасындағы орын алып отырған берекесіздік пен әділетсіздік себеп болған сияқты. Сондықтан Ниджат күні кеше Рио-де-Жанейродағы Олимпиялық ойындарда алтын жүлдегер атанған кезде біз бұл туралы Әзербайжан бұқаралық ақпарат құралдары не жазып жатқанын білмек болдық. Сонда байқағанымыз, басылымдардың дені әзербайжан ауыр атлетінің Қазақстанға Риодағы алғашқы алтын медальды алып бергенін, ал өз елдерінде әлі мұның жұрнағы да жоқ екенін көбірек қаперге алып жатыр екен. Ниджат қазақ елінің бағына туған тарлан болып жатқанын талай портал атап өтіпті. Әлбетте, бұларда өз елінен шыққан перзентке деген мақтанышпен қатар, оның өзге елдің абыройын асқақтатып кеткеніне қызғанушылық сезімі де бар. Осылайша екі бірдей түркі жұрты елінің мақтан тұтар майталманына айналған Ниджат тумысынан ауыр атлетиканың алыбы болып жаратылған сияқты. Тура ертең 23 жасқа толғалы тұрған ол 1993 жылдың 13 тамызында Баку қаласында туған. Жасынан зілтемірді тасқаяқтай қақтырып ойнауға құмар болған ол алғашқы үлкен табысына 2010 жылдың мамырында Еуропаның Испаниядағы Валенсия қаласында өткен жасөспірімдер іріктеу турында бірінші орын алумен қол жеткізеді. Сол жылғы тамызда Сингапурде жасөспірімдер арасындағы бірінші жазғы Олимпиялық ойындарда алтын медаль жеңіп алады. Ниджат 2013 жылы Перуде өткен жасөспірімдер әлем чемпионатында күміс медальдың иегері атанады. Бірақ осы жылдың жазында Әзербайжанның 18 зілтеміршісімен бірге допинг дауына ілініп, екі жылға спортпен қош айтысады. Міне, осы шектеу біткеннен кейін құрамаға қайта оралған атлет өзін онда ешкімнің күтіп отырмағанын байқайды. Осыдан кейін әкесі Әли ұлының келешегі кесіліп кетпеуі үшін жатпай-тұрмай оған басқа құрама іздеуге кіріседі. Мұны естіген Әзербайжан ауыр атлетика федерациясының бір мүшесі бұған көрші Грузияға ауысуды ұсынады. Бірақ әкелі-балалы Рахимовтердің сол кезде келісімге келіп, тоқтағандары Қазақстан болады. – Ниджатты Әзербайжаннан сыртқа жіберуге бірінші себеп құраманың бас жаттықтырушы болып отырған болгар маманы Златан Ваневтің жұмысты бетімен жібергені болды, – дейді қазір Әли Рахимов. – Ол тек өзімен бірге келген болгар атлеттеріне ғана көңіл бөлетін де, жергілікті зілтеміршілермен жұмыс істеген жоқ. Жамағатта арақ ішіп, темекі шегу күнделікті құбылысқа айналыпты. Сосын баламды тезірек құтқаруым керек болды. Ал құтқаратын мекенім Қазақстан болып шықты. Ниджат мұнда келгелі қайта түлеп, бірте-бірте өсе бастады. Айтса айтқандай, Ниджат Рахимов Қазақстанға келген жылдың күзінде, 2015 жылдың қарашасында АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарды. Міне, оның соңы Риодағы толағай табысқа алып келді. Айтпақшы, араб тілінен аударғанда, «ниджат», «нидхат» деген сөз «кенже ұл» деген мағынаны білдіреді екен. Ниджат та өз әке-шешесінің кенжесі көрінеді. Қазақстанға келіп, кемел шағына жеткен сол кенже ұл Риодағы жеңісінен кейін іле-шала журналистерге ендігі жерде өзінің өмірін осы елмен жалғастыра беретінін анықтап айтты. Ал бұдан бұрын оның Ойындардан кейін әзери жеріне қайта оралатыны туралы айтылып жүр еді. – Мен енді елге қайтпаймын. Менің елім – Қазақстан. Маған Қазақстан да, өзім тұрып жатқан Атырау да ұнап қалды. Мен тек Қазақ елінің намысын жыртатын боламын, – деді ол. Ниджаттың Қазақстан әнұраны ойнап жатқанда, оған күбірлеп қосылып, жылап жібергенін көрмеген көрермен кемде-кем шығар. Мұның қуаныштың жасы екенін, оның өзін осындай дәрежеге жеткізген елге деген құрметі мен алғысы екенін бәріміз де пайымдадық. Енді сол қуанышты жылдар мен жолдардың ғұмыры ұзақ болғай деп тілейік.

Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»

ҚазҰУ студенті – Олимпиада чемпионы

*Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Дмитрий Баландин Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында «алтын» жүлдені қанжығасына байлады. Ол ерлер арасында брасс әдісімен 200 метр қашықтыққа жүзуден үздік көрсеткішпен жеңіске жетті. Бұл қазақ спорты тарихындағы Олимпиада ойындарында жүзуден алған алғашқы алтын. Дмитрий Баландин әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың денешынықтыру және спорт кафедрасының 4-курс студенті. Спортшы университеттің аға оқытушылары, спорт шеберлері – Андрей Хохлов пен Қуат Мақашевтың жетекшілігімен жаттығады. Дмитрий – халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, сондай-ақ Инчхонда өткен (Оңт.Корея) XVII Азия ойындарының браспен жүзу әдісі бойынша үш дүркін алтын медаль иегері. *Бұған дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Елдос Сметов Рио Олимпиадасында ерлер арасындағы дзюдодан 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, Қазақстан қоржынына алғашқы күміс медальды салған болатын. Елдос Сметов – дзюдодан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Риодағы олимпиада ойындарына Қазақстанның ұлттық құрамасында ҚазҰУ-дың 17 студенті спорттың 6 түрінен: жүзу, ауыр және жеңіл атлетика, дзюдо, еркін және грек-рим күресінен бақтарын сынауда. ҚазҰУ студенттері спорттық шеберліктерімен, жеткен жетістіктерімен университеттің еліміздегі ғана емес, сонымен қатар халықаралық аренадағы үздік оқу ордасы екенін тағы бір дәлелдеді. «Егемен-ақпарат»

«Менен басқаның  бәрі оңбаған»

Француз ауыр атлеті Бер­наден Кингу Матам 69 кг сал­мақта сайысқа түсіп, онда же­тінші орынға табан тіреді. Бірақ жүлдегерлер қатарынан көрі­не алмағанын өзінен емес, бәсе­ке­лестерінен көреді. Онысы «менен басқалардың бәрі – оңбаған» дегенге саяды. – Егер Халықаралық олим­пия­лық комитет бәрін дұрыс жасаса, мен төрт сатыға ілгері жылжыған болар едім. Себебі, олардың бәрі «таза» атлеттер емес. Бәрі де допинг күшімен көтерілген. Сондықтан допинг-сынаманың қорытындысын күтіп отырмын, – деді француз атлеті.

КХДР гимнастын өлім жазасы күтіп тұр

Ойындар кезінде Солтүстік Кореяның гимнаст қызы Хон Джон Юн өзінің оңтүстіктегі қандас құрбысы Ли Ын Джунмен бірге селфи жасасып, екі ел достастығын көрсеткілері келген екен. Ал КХДР-да түстік азаматтарымен араласқан кез келген адам аса қатал жазаға ұшырайды. Бұқаралық ақпарат құралдары осыған байланысты Пхеньянның бұл оқиғаны отанды сату деп бағалауы әбден мүмкін екенін жарыса жазысып жатыр. Ал КХДР-да отанды сату бабымен айып тағылған адам үкіметте төңкеріс жасаумен, мемлекеттік сатқындықпен және терроризммен бірге қарастырылып, өлім жазасына кесіледі. Міне, абайсыздық пен аңқаулықтың ақыры неге апарып соқтырғалы жатыр! Дамир ҚОЖАМҚҰЛ