Көкшетауға жақсы хабар жетті. Қырғызстанның Шолпан ата қаласында өткен ІІІ халықаралық «Ыстықкөл толқынында» балалар шығармашылығы байқауында «Аққу» ұлттық би ансамблі бірінші орынды жеңіп алды.
Өнер ұжымы «Достар» мəдениет сарайының жанынан 2013 жылы құрылған болатын. Ансамбльдің шеберлік шыңдауына оның алғашқы жетекшісі Бекзат Жүсіпова көп еңбек сіңірді. Айналасы үш жылдың ішінде «Аққу» халықтық ансамбль атанып отыр.
Биыл Тəуелсіздіктің 25 жылдығы аясында өнер ұжымына Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының аға оқытушысы Алмат Құмаржанов сабақ беріп, «Ақиық сұңқар», «Киіз басу», «Серпін» сияқты прологтар мен фольклорлық-тұрмыстық билерді жəне лирикалық қыздар биін меңгеруіне ықпал етті. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Гүлнəр Сайтованың режиссерлігімен композитор Нұрғиса Тілендиевтің күйіне негізделген қазақ биін репертуарына қосуы да үлкен жетістік саналады.
– Біз халықаралық өнер байқауында жоғарыда аталған билердің барлығын көрсеттік, – дейді ансамбль жетекшісі Дина Қожабаева. Сондай-ақ, ұлттық нақыштағы «Мереке» және «Белес» стильдік биі өнер додасының екі кезеңінде де қазылар алқасының биік бағасына ие болды. Тартысты конкурста сынға түсіп, қанаттанған ұжымымыз алдағы кезде де биік белестен көрінеді деген сенімдемін.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы