Қытайдың аз ұлт өкілдері арасындағы «Тұлпар» әдебиет сыйлығының 2016 жылғы иегерлерінің есімдері белгілі болды. 1981 жылдан бері 3 жылда бір ұйымдастырылып келе жатқан бұл мәртебелі байқау биыл 11 рет өткізіліп отыр. Бұл жолы есімі Қытайда ғана емес, дүниежүзі қазақтарына белгілі ақын, жазушы, этногроф Нұрила Қызыханқызы «Тұлпар» сыйлығының иегері атанды.
Бұған дейін қаламгер «Қазақтың аңшылық құрал-саймандары мен әдіс-амалдары» деген мақаласымен және «Ләйла» повесімен қазақ-қырғыз «Тұлпар» сыйлығын алған болатын. Ал «Борандағы көш» повесі Тянь-Шянь әдебиет-көркемөнер сыйлығын иеленген.
Нұрила Қызыханқызының айтуынша, әдебиеттің түрлі жанрлары бойынша аз ұлт өкілдері арасында өтетін «Тұлпар» әдебиет сыйлығына өз шығармаларын алғаш рет ұсынған. «Роман», «Әңгімелер мен повестер жинағы», «Шалқыма», «Поэзия», «Очерк», «Аударма» аталымдары бойынша «Тұлпар» сыйлығын иеленген 28 адамның ішінде ол жалғыз қазақ болып отыр.
– «Тұлпар» сыйлығын мен «Әңгімелер мен повестер жинағы» аталымы бойынша алып отырмын. Жеңімпаз атанған «Бақыттың иесі» деген кітабым «Күйтін» баспасынан шыққан. Оған төрт повесть пен оншақты әңгімем енген еді, – дейді ол.
Бұған дейін бұл марапатты дәл осы аталым бойынша 2012 жылы жазушы Оразхан Ахметов «Тұлпардың соңғы тұяғы» атты повестер жинағы үшін иеленген болатын.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
журналист
АЛМАТЫ