• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2016

Шеберлігін шыңдады

295 рет
көрсетілді

Отандық балет жұлдызы, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжан Сеулде өткен XIII халықаралық би байқауында жеңіске жетті. Әртіс «Классикалық би» санаты бойынша ерлер арасындағы ересектер тобында виртуоздық техникасымен және кәсіби шеберлігімен көзге түсіп, көрермендерді таңғалдырды әрі қазылардың да көңілінен шыға білді. Нәтижесінде, 1-ші орынға ие болды. 6-10 тамыз аралығында Корей Ұлттық театрына дүние жүзінің белді балет әртістері жиналды. Онда 11 жастан 35 жасқа дейінгі бишілер үш санат бойынша бақ сынады. Олар: классикалық, қазіргі заманғы және халық биі. Бақтияр Адамжан шілде айын­да Ыстанбұл қаласында өткен Балет әртістерінің V ха­лықаралық конкурсында бас жүлдені иеленіп, еліне жеңіспен оралған еді. Кейін бір апталық демалыстан кейін ол Сеулдегі байқауға қатысу үшін бірден дайындыққа кіріседі. Әртіс классикалық балеттерден Л.Мин­кустың «Баядеркасын», Б.Асафьевтің «Париж жалынын», Ц.Пунидің «Эсмеральдасын», сонымен қатар, қытайлық хореограф Исян Чжанның қойы­лымындағы «Ояну сәтінде» (In the wake) атты заманауи туындысын сахнаға шығарады. Бишінің пікірінше, жоғары деңгейде өнер көрсету үшін, ең алдымен, жақсы көңіл-күй және физикалық дайындық қажет екен, сол себепті, ол кон­курс барысында дәл осы қағи­даны басшылыққа алыпты. Сонымен қатар, Бақтияр Адам­жан конкурс аясында жоғары кәсіби техникалық дең­гейімен ерекшеленетін корей балет мектебімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алғанын, бұл оның кәсіби тұрғыда шыңдала түсуіне ықпал еткенін айтады. Ал байқаудың қазылар алқасының құрамында «Ас­тана Опера» театры балет труп­па­сының директоры, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиев те болыпты. Балетмейстер әлем­дік балет элитасын шың­даған жобаға қатысу үлкен құрмет әрі жауапкершілік екенін жеткізді. «Біздің әртістеріміздің шығармашылық әлеуеті жоғары, бұл олардың алдыңғы қатарлы әлемдік сахналарда табысты өнер көрсетулеріне, айтулы байқауларда жүлделі орындарға ие болуларына мүмкіндік беріп келеді. Өнерпаздарымыздың табыстары, олардың кәсіби шеберліктері мен балет өне­ріне деген сүйіспеншілігі мені айрықша тебірентті. Халық­аралық деңгейдегі маман­дардың қазақстандық әртіс­терге берген бағасы да жоға­ры. Бұл Отанымызға деген мақтаны­шымызды молайта түскендей болды», – дейді Тұрсынбек Нұрқалиев. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»