«Көкшетау» мәдениет сарайында Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев пен Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен жергілікті атқару органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне қатысты облыстық мәжіліс болып өтті. Оның жұмысына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық қауымдастық өкілдері шақырылды.
Мәжілісте Ақмола облысы әкімі аппаратының басшысы Жомарт Нұркенов сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның алдын алу тақырыбында баяндама жасады. Шешен атап көрсеткеніндей, өңірде Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы мен жасырын экономикамен күреске бағытталған іс-шара жоспары жүзеге асырылуда. Облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілген жоспарға сәйкес мақсатты жұмыстар атқарылып жатқандығы тілге тиек етілді. Қалалар мен аудандар әкімдіктерінде арнайы комиссиялар құрылған. Жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен ағымдағы жылы сыбайлас жемқорлық тақырыбында 250 семинар-кеңес пен дөңгелек үстел мәжілістері өткізілді.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес мақсатында, Ақмола облысы әкімдігінің жанында кәсіпкерлік қозғалысты дамыту жөніндегі сараптамалық комиссия жұмыс істеуде. Жалпы облыс бойынша осындай 19 кеңес белсенді қызмет атқарып отырғаны жөнінде таратып айтылды. Нақтылай түссек, 2015-2016 жылдар аралығында комиссиялардың 70 мәжілісі өткізіліп, жеке кәсіпкерлік мүддесіне қатысты 96 нормативтік-құқықтық акт жобасы қарастырылған.
Өңірде облыс әкімінің, мемлекеттік органдар басшыларының кәсіпкерлік палатасы және қоғамдық бірлестік өкілдерімен кәсіпкерлік саласындағы сыбайластық көріністеріне қарсы тұру мәселелерін арқау еткен кездесулері тұрақты сипат алған.
Облыста шағын және орта бизнесті қолдау, оның ішінде бизнесті жүргізуге қолайлы жағдайлар жасау бойынша тұрақты негіздегі жұмыстар жүргізілуде. Мұның бір мысалы ретінде, Көкшетау қаласында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылып, бір терезе негізінде кешенді қызмет көрсетіп жатқандығы айтылды. Биылғы жылы 1904 азамат орталық қызметіне жүгінсе, облыс бойынша 5760 кәсіпкерге толыққанды кеңес берілген.
Мәжіліс барысында А.Шпекбаев сыбайлас жемқорлық заңының қолданыс аясы, құқық бұзушылық орын алған жағдайдағы қолданылатын шаралар мен жазалар ауқымы жөнінде кеңінен түсінік берді. Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты танымдық бейне роликтердің де әсері мол болды. Өз кезегінде өңір басшысы С.Кулагин бүгінгі маңызды шара сыбайлас жемқорлық қауіпін мейлінше төмендетуге және оның алдын алуға қосымша екпін беретінін атап өтті.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
КӨКШЕТАУ