Өмір соқпағында бірде ылдиға түсіп, бірде өрге жүзіп жүрсең де, қапияда қимас жаныңнан айырылып қалған қилы тағдырлар жайы жаныңды жеп, көңіл түкпірінде бір құлазу кетпей тұрып алатыны несі екен? Мұның өзі, бір жағынан, барша адамзат баласына тән қасиетті сезім, киелі мұң шығар-ау. Рая Қуанқызы – Оңтүстік Қазақстан облысының Шолаққорған ауылында 1956 жылы дүниеге келген. Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің озат түлегі болып, М.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институтының математика факультетін қызыл дипломмен бітіріп шықты. Білікті маман, абыройлы ұстаз атанып, аз уақытта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне жоғарылап, шәкірт тәрбиелеп жүрген кезінде науқасқа ұшырап, соның салдарынан қыршынынан қиылып, арманда дүние салды... Ол біздің шаңырақ үшін қанатымен су бүріккен қарлығаштай еді. Оқу-білім жағынан кейінгілерге жөн сілтеп, жол көрсеткен жетекші болатын.
Оның денсаулығы болмай, мазасызданып жүрген тұста мен әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы міндетімді өтеуге аттанып кетіп едім. Елге қайтып оралған кезімде әпкеміздің дерті асқына бастаған екен. Өкінішке қарай, жасатқан ем-шаралардың нәтижесі ойдағыдай болмаған. Алдында әкеміздің қайтыс болып кеткені де жанына батса керек. Олай дейтінім, біз анамыздың бауырында қалып, көп нәрсені аңғармаған екенбіз. Ол болса ес біліп, шетке, ел ортасына шыға бастаған бойжеткен. Ондай сындарлы кезде әкеден айырылу қыз балаға өте ауыр тиетін жағдай болды ма деп те ойлаймын. Соған қарамастан ол күш-жігерін бойына жинап, ширақтық таныта білді. Қаза үстінде жылап-сықтап қалғанда, Рая әпкем бәрімізге басу айтып, қайрат беріп, өзінің көз жасы мен қайғысын басқаларымызға білдірмей, үлкен адамға ұқсап «енді жылай бергеннен ештеңе шықпайды, дос бар, дұшпан бар, бір-бірімізге тірек, анамызға сүйеу болайық, әкеміздің шаңырағын шайқалтпай, алдағы өмір үшін тіршілік жасайық» деген сияқты салиқалы сөздерді айтып, бала болсақ та, қайғымызды сейілтіп, санамызды серпілтіп, бойымызды сергітіп жіберді. Мұндай сөздерді жанашыр жан, өжет жүрек айтпағанда, кім айтады? Әкей қайтқан соң, өмірге басқаша қарау керек болды. Үлкен ағаларым студент болатын. Үш қарындасым мектепте оқиды. Ешкімнен көмек күтетіндей емес, ағайын-туғанның өз тіршілігі бар. Ол кезде жасым он жетіде, соның алдында әкемнің айтуымен наубайханаға жұмысқа кірген болатынмын. Анамыз зейнеткер. Осы нәпақалар үй ішімізге қанағатшылықпен жетіп те жатты. Раяның өзі де бәрімізге бас-көз болып, асымызды қамдап, киімімізді жуып-тазалап, үй ішінде кемшілікке жол бермеді. Әрине, Рая жалғыз емес, көбінесе үлкен әпкеміз Орынкүл тәтемен ақылдасып, сол кісімен ой бөлісіп, көмек алып, іс қылатын.
Амал не, аяулы әпкемізден айырылып қалатын қиын сәт туды... Әлі есімде, сол бір қайғылы күні, біздің үй ішіміз ғана емес, жанашыр жандар да іштей мүжіліп, марқұмның азасын тартты. Тіпті, табиғаттың өзі де аяқ астынан өзгеріп сала беріп, алай-дүлей дауыл болып, қабағы қатуланып, қара жамылып тұрғандай болды. Біздің де жанымыз астаң-кестең, көзде – жас, көңілде – мұң. Анамыз да аңырап қала берді... «Аллаға да жақсы адам керек» дегендей, айналасына ізгіліктің, білімнің нұрын шашып жүрген аяулы жан, жас жүрек өмірдің қызығын көре алмай қапияда бақиға аттанып кете барды.
Рая әпкем менің алғашқы ұстазым секілді, мектеп табалдырығын аттайтын тұста тұңғыш рет дыбыстарды оқуды, әріптерді жазуды үйреткен еді. 1970 жылы 1-сыныпқа барған кезім. Қыс басталып, боран соқса есіктің алды қарға толады. Оны тазалап, жол ашамыз. Сол бір күндері ойылған қардың қапталына мен әпкемнің атын жаза беріппін. Ойма таңбаларым біресе Рая, біресе «Ная» болып кете беріпті. Мұны көрген ол, Бердібек, сенің «Р-ға» тілің келмей ме, менің атым «Рая» емес пе, не жазсаң да сауатты, дұрыс жаза білу керек қой деп, қатемді бетіме бассын. Аулада алғашқы қар жауған кездерде сол оқиға есіме түсіп, әлі күнге күліп аламын, әпкемнің ақжарқын бейнесі де қар бетінде қылаңдап, көз алдымда елестеп, сағынышпен еске түседі.
Мен институтқа оқуға түсіп, аудандық банкте қатардағы қызметке ілігіп, жұмыс істеп жүрген кезімде әпкем үйде мазасы болмай ауырыңқырап жүрді. Апама қолғабыс жасайды, кітап оқиды, құрбыларына барып қайтады. Жабырқап қалмасын деп, ойына алған керек-жарағы болса, қолма-қол алып беремін. Ондайда көңілі көтеріліп, бір мәз-мейрам болып қалатын. Қайран әпкем-ай, сенің бір сәт те болсын қуанып, шат күлген шақтарыңа не жетсін! Арсыз күлкілер де, алдамшы жандар да сенің сондай риясыз күлкіңнен, пәк көңіліңнен садаға кетсін!.. Өзің бастап берген өміршең жолға түсіп, тобымыз толысып, өз қолымыз өз аузымызға жеткен осы кезең болса, шіркін-ай, өзіңді төбемізге көтеріп-ақ өтер едік қой. Алланың ісіне амал не? Рухың шат болсын!..
«Өзің бастап берген жол» деп айтуымыздың да реті бар. Бүгінгі күні тоқсанның төріне шыққан анамыз Балажан қажының өзі «суымның тұнығы», бөлекше туған қарағым деп, өзіңді әлі күнге дұғасынан да, аузынан да тастамайды. «Балаларымның ішінде ерекше туған перзентім еді. Орынкүлді де ес тұтып, өзіме де әрдайым ақыл қосып отырушы еді. Оған жан жетер ме» деп уһілейді кейуана-жүрек.
Сенің білімге құмарлығың, есеп-қисапқа жүйріктігің, математик-ұстаз болып шығуың, соңыңнан ерген барша бауырыңа да жақсы әсер етті. Өзіңнен кейінгі бір інің, менің ағам – Берік те сол жолмен жүріп, өзің ұшқан ұяда оқып, білікті маман болып шықты. Серік ағам да қызметін ұқсатып, шаруасын дөңгелетіп әкетті. Сіңлілерің де өсіп-өнді. Қалдыгүл балабақша меңгерушісі. Раушан қаржы саласының маманы. Райхан кәсіпкерлікпен айналысады. Шүкір, бәрінің де тұрмыс-тіршілігі жаман емес. Біз, бауырларың басымыз қосылған сайын өзіңнің тәлім-тәрбиеңді, ұстаздық өнегеңді әрдайым әңгіме қылып, айнала жұртқа да айтып жүреміз. Мен де өзіңнің ізгілікті ізіңмен жүріп, азамат атандым. Сол игілікті істердің бәрінде сенің титтей де болса тәлімің, өшпес өнегең бар екені де ақиқат. Талай рет намысымды қайрап, сынға да сала білдің. Ал енді титтей жақсылығымды, жақсы жағымды көре қалсаң, қолпаштап, сүйсініп, мұның бойында талабы мен талғамы көп, қарым-қабілеті мол, шындап кіріссе көп нәрсе қолынан келеді деп, ақ көңіліңді ақтарып салушы едің. Иә, біздің қолымыз жеткен жетістіктерге сенің де қосқан үлесің өлшеусіз зор. Інілерім мен сіңлілерімді оқытып, даңғыл жолға салсам деген ізгі пейілің, ықылас-ниетің, күш-жігерің зая кеткен жоқ. «Мен жете алмаған арманға осы бауырларым жетсін» деген ақ тілеуің біздерге үлкен демеу болды, намысымызды қамшылады, өрге жетеледі...
Аяулы әпкем-ай, сен бүгін тірі болғанда 60 жасқа толар едің-ау?! Зымырап өткен қайран уақыт-ай... Аяулыңнан айырып, қанатыңнан қайырып кететін тағдырға не дерсің?.. Әттең дүние-ай, амал жоқ... Әйтпесе, сенің әз рухың абзал анамыздың бүкіл болмысымен, бауырларыңның жан-жүрегімен бірге жасап келеді. Жайған дастарқанымызда, жайылған көңілімізде асыл рухың бірге жүргендей болады...
Иә, сен бақиға аттанып кеткеніңмен, кезінде елге жасаған жақсылығың, игі істерің мен ізгі ниеттерің жоғалып кеткен жоқ, ол ізгі қасиеттер өзіңді білетін адамдардың тыныс-тіршілігімен жалғасын тауып келеді. Жанашыр бауыр, жасампаз жан көзден кетсе де, көңілден кетпейді ғой. Оған бірге туған біздің арман-аңсарымыз ғана емес, өзіңе ұстаз болған үлкен тәлімгерлердің де, қатар өскен құрбы-құрдастарыңның да, шапағатың тиген шәкірттеріңнің де естелік сөздері куә. Ана бір жылы өзіңнің рухыңа арнап іс-шара өткізген едік. Сонда олар өзіңе арналған жүрек сырларын ақтарып, саған деген қадір-құрметтерін риясыз білдірген еді. Бірге оқыған сыныптастарың да, институтты қатар бітірген құрбыларың да, ұстаздықты бірге бастаған әріптестерің де әртүрлі байыпты қылықтарыңды еске алып, әңгіме тиегін ағытады. Олар сенің ертелі-кеш сабақ оқып, оқу залы мен кітапханадан шықпайтыныңды сабақ десе, ішкен асыңды жерге қойып, мұқият даярланатыныңды, әдістемелік тәсілдерді қолдана отырып, өткенді қайталап, айнаның алдында отырып алып, көпшіліктің ортасында өзіңді-өзің ұстау мәнеріңе, киім киісіңе, дауыс ырғағыңа дейін ыңғайлап, дамыл таппайтыныңды жыр ғып айтады. Дос-жаранға жанашырлығыңды, достық көмегіңді, ақыл-кеңесіңді аямайтыныңды тілге тиек етеді. Өзің қатты сырқаттанып жүрсең де, ауырып қалған құрбы-құрдасыңды көрсең, дереу жәрдемдесіп, дәрігерге жетелеп, емделу жолдарын түсіндіруден жалықпайтыныңды сөз етеді. Елге барған сайын сіздің сол сыныптастарыңызды, сыйлас достарыңызды көргенде, жақын сөйлесіп қалғанда менің де жаным толқып тұрады. Солардың арасында өзің де бірге жүргендей сезімде боламын. Суханберді, Тайжан, Балташ ағалар, Айман, Сәуле, Ғайни тәтелерім және басқалары көзіме оттай басылып, арасында өзіңді еске алып, бір-бірімізге амандық тілесіп қоштасамыз.
Кейде ел ішінде өзіңді үлгі тұтқандардың «Қуан ата мен Балажан әженің қызы Раядай талапты да алғыр, өнегелі де өжет болғанға не жетсін» деген тәлімді сөздері де ауыздан-ауызға жетіп, айтылып жатады екен. Мұның бәрі халқымыз жиі айтатын «ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» дейтін аталы сөздің өзіңе де арналатынын сездіретіндей. Сондықтан да біз сені жиі еске алып, дұғамызды арнаймыз, жаңағыдай мүбәрак ой-ниеттерді көңілге медеу тұтамыз, соған шүкіршілік етеміз.
Бердібек МЕЙІРБЕКОВ