• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2016

«Нұрлы көштің» ауылдары

424 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республика халқымен дәстүрлі тікелей сұхбат барысында елге оралған қандастарымыз, оларға жасалып жатқан қамқорлық жөнінде айта келіп, бірқатар облыстарда бой көтерген жаңа ауылдар туралы айтқан еді. Сондай елді мекендердің бірі облыс орталығының іргесінде бой көтеріп, тіршілік тамыздығын маздатып отыр. «Елге ел қосылса – құт» дейді халқы­мыз. Қазақстан тәуел­сіздігінің басты құндылығы да осында. Көк бай­рағы­мыз жел­біреген алғашқы күннен бастап талай­лы тағдыр жетегіндегі қан­дас­тарымыз тарихи Отанына орала бастағаны ғанибет. Қазір олар облыста тоғыз мың отба­сына таяп қалды. Ұлы көш әлі де жалғасуда. Олармен бірге жаңа леп, жаңа рух келгенін көріп те жүрміз. Бір ғана мысал айтсақ, Зеренді ауда­нын­дағы Водо­пьянов селосына шо­ғыр­­лан­ған бауырларымыз ауылға Ақа­дыр деген әдемі ат беріп, өздері де әдемі тіршілік кешіп жатыр. Қазір Ақа­дыр облыстағы үлгілі елді мекендердің қатарында. Сондай-ақ, еселі еңбегімен, көргенді тәлімімен ел абыройын асырып жүрген қандастарымыз да көп. Олардың қатарына Көк­шетау мемлекеттік универ­си­тетін­де қызмет атқаратын ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының док­торы Әбілжан Құсайыновты, Жанай­дар Мусин атындағы Қазақ п­еда­гогикалық колледжі­нің оқы­тушысы, сазгер Құр­мет Сахайды, медицина ғылым­дары­ның кан­ди­даты, қалалық ем­хананың дәрігері Айгүлім Темірова және басқаларды қосуға болады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев ұлы көшке қатысты қам­қорлық шең­берін кеңейте түсуді тапсырса, оның игі нәтижелері қазірдің өзінде көрініс беруде. Құтты қадамның үлгісі ретінде Көк­шетаудың іргесінде зама­науи тұтас ауылдың бой көтергенін айтуға болады. Қазір­гі күні еңсесі биік елді мекен­ге айналған ауылдың алғаш­қы 30 отбасына пәтер кілт­­терін тапсыру салтанатына қа­тыс­­қаны­мыз бар. Оған Қырғыз­стан, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Моң­ғолия, Тәжікстан мен Түркі­мен­станнан оралған қандас­тары­­мыз қоныстанды. Қуаныш ие­лері атынан Қытайдан орал­ған бауырымыз Тұрдыбек Сұл­тан ал­ғыс сезімдерін жеткіз­ді. Сал­танат соңы шашу жоралғы­сым­ен, концерттік бағдарламамен жал­ғасқан еді. Көкшенің бүгінгі қонақтары ауылды алақай көңілмен аралап жүретінінің талай мәрте куәсі болдық. Арқаның кең қолтығына қонақтаған ақ шағала қоныс бес-ақ айда бой көтерді дегенге сүйсіне әрі таңдана қол соғады халық. Мемлекет басшысының бастамасымен өмірге келген «Нұрлы көш» бағдарлама­сының әлеуеті осынау елді мекеннің сал­танатынан көрініс береді. Жалпы аумағы 20,7 мың шаршы метрді алып жатқан 138 екі пәтерлі үйде қандас­тарымыздың 276 отбасы түтін түтетуде. Жаңа пәтер­лер жарық пен су, жылу жүйе­лерімен қамтылған. Ыстық су «Аристон» түріндегі италиялық қон­дырғының күшімен беріледі. «Біз мұны аталық қамқорлық деп білеміз, – дейді Ташкент қала­­сы­нан келген қарындасымыз Дәми­ра Жаханова. – Күйеуіміз екеу­міз жұмысқа орналастық. Кең­са­рай­дай (75 шаршы метр) үй бө­лін­геніне қуаныштымыз. Ал­дын­­да уәде етілгеніндей, «Нұрлы көш­ке» автобус қатынап, әлеу­мет­тік ны­сан­дар кезегімен көбейіп келеді». Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы