• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2016

Айқын азаматтық дауыс

270 рет
көрсетілді

Ұлтын-жұртын жарты ғасыр бойы жыр жауһарына кенелтіп, жас ақыннан хас ақынға айналған аралықта, шашасына шаң жұқтырмай жүйткіген тұлпар ақын Шөмішбайдың табысы мен шабысына талғам таразысымен қарасақ, оның қазақ өлеңіне қосқан үлкен үлесіне еріксіз тәнті боласың. Жас шайыр Шөмішбай бала кезінен Арал айдынына құлаш ұрып, өзі туып-өскен Қамбаш суын қанып ішті. Табиғатпен сырлас, тағдырласпен мұңдас болды. Дала табиғаты, құм мінезі, теңіз толқыны ақын жүрегін тебірентпей қоймады. Аралдың ақ шағаласының шаңқылы ақын­ды ала таңнан оятып, теңіз­дің толассыз толқыны – ана ала­қанынд­ай аялады. Қамбаштағы мектеп оқушы­сының Арал теңізінің үстінде өткен жыр мерекесіне қатысуы – оның ақындық сапарының алғашқы қадамы болды. Қолына дәптер ұстап аттанған бала шәкірт мектепке қалам ұстап қайтты. Қаламының ұшында жыр жалыны ұшқын атып, шабыт шырағына айналды. Өлеңдері аудандық, облыстық газеттерге басылып, жас шайырдың ақын атағы бірте-бірте шыға бастады. Сөйтіп, сол кездегі ақиық ақын, Арал жыршысы Зейнолла Шүкіров­тің назарына ілігіп, алғаш­қы өлеңдерінің тұсауын кес­тіріп, ақ батасын алды. Зейнолла Шүкіровтің әлемді шарлап кеткен Шәмші әніне жазылған «Сыр сұлуы» өлеңі  өн бойын жалындай шарпып, жүрегін шымырлатты. Оның әнге сұранып тұрған толқындай мөлдір, әсем жырларына жас Шөмішбай да үн қосып, бара-бара сол бір аяулы ақынға ұқсап бара жатқанын өзі де байқамай қалды. Шабытына шабыт қосып, жыр шоғын үрлей бастаған жас шайырдың жырлары елге жаңа-жаңа таныла бастаған тұс еді. Мектептегі он жылдық оқуын ойдағыдай тәмамдап, Алматыға баруға онша асықпай, аудандық газетте қиялына ғана ерік беріп, қаламын серік етіп қамсыз жүрген жас ша­йырды бір күні өзі құралпы Аралдың тағы бір талантты ақыны Жарасқан Әбдірашев іздеп келіп, таныспасы бар ма? Бірін-бірі сырттай білетін балауса ақындар көрген бетте қауыша құшақ ашып, төс тақастырып табыса кетті. Сол күні қауышқан қос ақынның құшағы Жарасқан жарық дүние­ден өткенше ажыраған жоқ. Өлеңі де, өмірі де бірге жұптасып, бір арнада тоғысып жатты. Соның бір айғағы – екеуі Қазақ теле­видениесінің «Тамаша» ойын-сауық отауының іргесін қалады. Шаңырағын көтерісіп, уығын бірге шаншысқан шапағатты күн­дер­ді сол кездегі көрермендер әлі ұмыта қоймаған шығар. Жақсыға жанаса білетін, кіші­ге қамқор, үлкенге үйір, жан адам­ды жатсынбайтын жайсаң ақын Шөмішбай Алматыға келген соң әдеби ортаға бірден сіңісіп, алғаусыз араласып кетеді. Келген бетте өзінің жерлес ағалары – Әбділдә Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Мүсілім Базарбаев сынды сындарлы тұлғалармен табысып, ініліктің ізгі жолын жалғастыра білді. Сол кездегі жыр дүлдүлдері Сағи, Тұманбай, Қадыр ағаларының соңына еріп, жыр жолында бірге сапар шекті, Ғафу, Сырбай ағаларынан тағылым-тәлім алып, талантын шыңдады. Оның ең алғашқы өлеңдерінің бірі: Жайсам деймін мол өркен, Гүлдей арай жүрегім. Озбау үшін көлеңкем, Күнге қарай жүремін, – деп келетін жыр шумағы зиялы сыншы Зейнолла Қабдоловтың көзіне шалынып, жақсы жырды қалт жібермейтін қадірлі ғалымның ықыласына бөленді. Ғалым ұстаздың назарына ілігіп, мақ­т­ау-мадаққа ие болған осынау жыр шумақтарын келе-келе жеріне жеткізіп, тылсым сыр, тың ойлармен өрнектеп, өз өрісін кеңейте түсті. Ақын тағы да сол көлеңке туралы: Қойынына енем жердің мен ертең, Маған лайық жер табады кең өлкем. Менің осы тік тұра алар қалпымда, Туған жерге аунап жатыр көлеңкем, – дейді. Баяғы Зейнолла Қабдолов мақ­таған «көлеңкенің» керемет көрінісі өзінің классикалық үлгі­сінен үзілмей, тұтастық тапқан. Бұл баяғы жас шайырдың бас ақынға айналғанға дейінгі аяқ алы­сынан айнымай, жорға жүрі­сінен жаңылмай, діттеген жеріне жете білгендігін байқатады. Біздің осы ойымызға Шөміш­бай­дың өзі ұстаз тұтқан тағы бір ақын ағасы – Ғафу Қайыр­беков­тің қанатты сөзі дәлел болғандай. «Шөмішбай дауысы – айқын, аза­маттық дауыс. Оның өлең­дерінен өз дәуірі, өз уақытының лебі еседі. Өз замандастарының бей­несі елестейді. Елді, жерді сүю, оның бүгінін танып, ертеңін болжау талабы көзге айқын шалынады. Бұл жағдай тек ақындық қуатпен ғана емес, білімділік пен еңбекті қос­­қан­да ғана келсе керек. Ол үшін «та­лап­­тың мініп тұлпарын, тас қияға өр­­ме­­лететін» құлаш, серпін керек». Ғафекеңнің осынау қастерлі ойына кезінде М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, Ә.Сәрсенбаев, Қ.Бек­хожин секілді өз заманы­ның сақа ақындары үн қосып, лебіз ле­гін жалғастырған болатын. Сөзіміз дәлелді болу үшін сол лебіз­дердің бір-екеуіне кезек берелік: Әбділдә Тәжібаев: «Шөмішбай деректі көзбен көріп, қолмен ұстарлық, өз сезімімен тікелей сабақтасатын тақырыптарға кел­ген­де айтқыр ақын... Асықпа, Шөмішбай, толдым, болдым екен деп асықпа да, масықпа. Ақын өмір бойы оқуға, өсуге міндетті, біз жетпегенге сен жет демекпін». Ал ақын ағасы, ардагер сыншы Мұхаметжан Қаратаев не деген? «Шөмішбай Сариев­тің өлеңдері табиғат, өмір сурет­терін эстетикалық тал­ғам­да қа­был­дауымен, лирика­лық кейіпкерлерінің әрі шынайы­лығы­мен әрі қарапайымдылығымен баурайды. Дуалы ауыз сыншы Мұха­метжан Қаратаев айтқандай, лирикалық кейіпкерлерімен баурай білген Шөмішбай, міне, бүгін өз оқырманына «Поэзия падишасы – лирика» деген жыр кітабын ұсынып, сардар сыншының айтқан үдесінен шығып, елеулі еңбегін оқырмандар сарабына салып отыр. Шетелге жиі шығатын ақын­ның өзге елдер жайлы өзекті жырлары оқырманды бейжай қалдырмайды. Оны осы кітапқа енген Лондон шаһарында туған жырлардан бағамдауға болады. Мәселен, оның «Лондон түні» деген өлеңіне назар аударып көрейікші: Лондон түні шырайлы, Көңілің қайда құлайды. Сағынды ма жүрегім, Елді ойлап мұңайды.   Лондон түні жұмақтай, Аққан күні бұлақтай. Көгімізден самғайды, Жұлдыздары сұрақтай.   Ойлантады түнгі әлем, Неге келдім мұнда мен?! Кейде шалқып тасамын, Батам кейде мұңға мен.   Құнарлы екен жері де, Ұлы Британ елі де. Лондон түні ұйқысыз, Ұйықтатпайды мені де.   Бір үмітке жетерміз, Көз ілмедік бекер біз. Сырласамыз ұйқысыз Лондонмен екеуміз! Міне, осы өлеңді оқып отырып, ақынның жалпы адамзат баласына тән ұғымы, сезімі, елді, жерді алаламайтын адал көңілі өлеңнің әр жолынан айқын аңғарылып тұрғандай. Ақын нені жырласа да, қай тақы­рыпты алса да ағынан жары­лып, өзінің Аралымен табыс­қандай, Алматысымен қауышқан­дай әсерде болады. Тәуелсіздік өркен жайып, ел есігі әртарапқа ашылғаннан кейін, төрткүл дүниеге көз сал­ған ақынның тақырып аясы кеңейе түскендей. Шөмішбай жырла­рының өрісінің кең, тынысының мол болуы – Тәуелсіздік жылдары­ның жарқын келбетін көрсете отырып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бүгінгі сарабдал саясатынан туындаған көркем ойларын көрікті жырларымен кестелей білуінде. Кітаптағы Елбасы туралы топтама жырлар оқырман­дарын бейжай қалдырмасы хақ. Бұрын кеңестік кезеңде бауыр­лас елдер төңірегінде қалып­тасқан қатаң түсініктің көбесі сөгіліп, ауқы­мы арта түскеніне куә боламыз. Шөміш­бай бұл тақы­рыпқа да алғаш­қылардың бірі боп түрен салған. «Поэзия падишасы – лирика» деп ат қойып, айдар таққан осынау кітап көз алдымызға көгіл­дір туы­мыздың кейпін келті­ріп, мұқабасы алтын­мен апта­лып, күміспен күп­телген жыр жина­ғындағы өлең­дерінен лириканың лебі есіп тұр. Ендеше, біз де оқыр­ман ойы­на қо­сы­лып, «Жолың болсын, жыр па­ди­шасы лирика» дегіміз келеді.  Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ