• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2016

Құрылысшыларға құрмет

261 рет
көрсетілді

Шамамен 170 күннен соң Алматы қаласы «Универсиада-2017» спорт­тық ойындары салтанатын қар­сы алады. Құрылысшылар күні  құрметіне орай  өткізілген мерекелік жиында қала әкімі Бауыржан Бай­бектің бұл әлемдік спорт жары­сының мәні мен мағынасына ерекше тоқталуының сыры да сонда жатқан еді. Қазақстан «Универсиада-2017» спорттық ойындарына 950 миллион­дай АҚШ долларын жұмсайтыны бұған дейін белгілі болған жайт. Осынау қаражатқа оңтүстіктегі бас шаһарда Мұз сарайы мен екі мұз айдынын, студенттер мен олим­пиадалық қалашықтарды, Алма­ты әуежайындағы халықаралық тер­минал құрылысын салып бітіру көзделген. Үлкен шара­ға қаражаттың мейлінше аз жұмса­луына Алматыдағы 2011 жылғы өткен Азия ойындары кезінде тұр­ғызылған спорт ғимараттарының едәуір септігін тигізгені де ақиқат. Бүгінгі таңда жоғарыда айтылған негізгі құрылыс нысандары салынып бітіп, пайдалануға берілді. Қала әкімі олардың бірқатарын өзі бас болып қабылдады да. Алматыда аса маңызды өте үлкен екі жол айрығының құрылысы аяқ­талатын күн де таяу. Мұның сыр­тында күн сәулелі шаһарда күн санап көкке бой көтерген жаңа ғи­мараттар мен тұрғын үй кешендері­нің өзі қаншама! Алматы қалалық құрылысшылар кәсіподағының төрағасы Серікхан Кенжебеков былай дейді: – Алматы құрылысында 40 жылдан бері еңбек етіп келемін. Менің білетінім, қала құрылысы 2007-2008 жылдары аздап саябырсығанымен, ешуақытта әуелгі өзіне тән екпінінен жаңылған емес. Кәсіподақ құрамына кіретін 5000 құрылысшы – олардың арасында метро, спорт ғимараттары, металл құрылғылары мен тұрғын үй ғимаратында еңбек ететіндер бар. Бір сөзбен айтқанда, біздің құ­ры­лысшыларымыз алдыңғы буын ағалардың еңбек дәстүрін лайықты жалғастырып келеді. Жамбыл атындағы филармонияда мереке құрметіне сай лайықты марапаттауларға ие бол­ған құрылысшыларға арнап Қа­зақстанның белгілі өнер шеберлері ән мен жырдан шашу шашты. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ Суретті түсірген Нұрманбет ҚИЗАТОВ