Кезінде бұл мәселеге қатысты «Егеменнің» бетінде мақала жарияланып, оқырмандар қызу үн қосқан болатын. Біз сол кезде Үкіметтің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы №1256 қаулысының кей талаптарына байланысты көзқарасымызды білдіріп, жұртшылықтың талқысына салған едік. Жыл өткен сайын бұл саладағы жағдай күрделеніп келеді. Бұдан былай елді мекендердегі білім ошақтарының жаппай қысқаруына, жабылуына көз жұма қарау – ана тіліміздің тамырына балта шабу, салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың киелі орнынан айырылу деген сөз.
Үкіметтің бекіткен қаулысы бойынша 11 жылдық мектеп – 80, негізгі мектеп /9-жылдық/ – 41, бастауыш мектеп – кемі 5 оқушымен қамтылуы тиіс. Іс жүзінде жағдай мүлдем басқаша сипатта өріс алып, жауыннан кейінгі саңырауқұлақ құсап шағын комплектілі мектептердің саны күрт ұлғайғанын байқау қиын емес. Мәселен, Қызылжар өңірінде 532 білім ошағы болса, солардың 431-і шағын комплектілі санатына жатады немесе 81 пайызды құрайды. Бұл үрдіске табиғи туудың төмендігі секілді демографиялық ахуал кері әсер етіп отырса, екіншіден, ауылдан қалаға көшу секілді урбанизацияның толқыны да өте-мөте күшті.
Биылғы жағдай да қуантарлық емес. 8 бастауыш мектеп жабылып, 5 онбіржылдық мектеп негізгі және бастауыш мектепке көшкен. Мұнымен тоқталмайды. Мектептерді оңтайландыру одан әрі жалғасатын көрінеді. Атап айтқанда, 24 мектептің мәртебесі өзгертіліп, қайта құрылмақ. Басым көпшілігі – ұлттық білім үйлері. 53 бала күнделікті тасымалданып, 321 бала интернаттарда жатып, білім алатын болады. «Толар-толмас мектептің болар-болмас директоры» демекші, оқушылары жарым-жартылай орталанып қалған оқу ошақтарының басшылары мен мұғалімдер жаңа оқу жылы алдында ойға-қырға «сауын» айтып, «жоқтың» орнын көзбояушылықпен толтыратынын жасырып қайтеміз? Мұндай өлместің күнімен, жабылып қалмастың тірлігімен ұзаққа бармасымыз белгілі. Биыл Кеңес Одағының батыры Жәлел Қизатов туып-өскен Есіл ауданының Қарағай ауылында 9 жылдық мектеп жабылды. Аудандық әкімдік оны сақтап қалудың шараларын ойластырғанымен, Үкімет шешіміне қарсы жүзуге шарасыз. Бұдан кейін 30-ға жуық оқушының тағдыры не болмақ? Көрші қазақ ауылдарында интернат жоқ. Күнде тасып-жеткізу ісін ұйымдастыруға шықпа жаным шықпамен күн кешіп отырған ұсақ қожалықтар мен қаражаты жоқ ауылдық әкімдік дәрменсіз. Жаздың жадыраған күнінде қатынау қиын: ал, қыстың қытымыр қысында, саршұнақ аязында, долы боранында не болмақ? Есімі елімізге белгілі тарихшы-ғалым Бүркіт Аяған үлкенді-кішілі ведомостволардың есігін қағып жүріп, 2009 жылы туған ауылында спорт залын өзі атшаптырып 90 орындық екіқабатты зәулім білім үйін салдыртқан еді. Сол кезде негізгі білім ордасында оқушылардың саны 60-қа жетеғабыл болатын. Қазір екі есеге дейін кеміп кеткен. 5 отбасы жүгін буып-түйіп, облыс, аудан орталықтарына көшпекші. Олай болса, таяу жылдары тағы бір мектеп ошағының жұртын сипап қаларымыз анық.
Әңгіменің тоқетері: мектептердегі оқушылардың санын белгілеу құзыры Үкіметтен алынып, облыстың билік орындарына берілгені жөн. Олар жергілікті жер жағдайын, қордаланған проблемаларды шешу жолдарын жақсы біледі. Тез арада мәселенің мәніне терең бойлап, мәслихат арқылы қаражат бөлуге де қауқарлы. Үкіметтің жоғарыдағы қаулысының күшін жоймайынша, болмаса басқадай жеңілдікті шараларын қарастырмайынша ауылдық, оның ішінде, ұлттық мектептердің жабылу, қысқару үрдісіне тосқауыл қою қиын.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан
Солтүстік Қазақстан облысы