• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2016

Ұмытшақ па, ұялшақ па?

244 рет
көрсетілді

Мемлекеттік қызметкерлерге талап күшейді. Оларды іріктеудің жаңа жүйесі жасалды. Соған орай әр мемлекеттік қызметкерге, әсіресе, басқарма басшыларына жүктелер жауапкершілік жүгі де артты. Алайда, жауапкершілікті жете сезіну әлі де олқы түсіп жата­тынын қайтерсіз? Осы сөзімізге дәлел керек пе? Оны облыс әкімінің өзі алғашқы жарты­жыл­дық қорытындыларына арналған отырыста келтірді. Сонда кей басқарма басшылары өз салалары бойынша қанша жұмыс орны ашылғанын дәйекті деректермен айта алмаған еді. – Ашылған жұмыс орны туралы ақпаратты бәріңіз біліп отыруыңыз керек, – деді облыс  әкімі Нұрлан Ноғаев. – Жауапкершіліктен қашып, жұмыстарыңыздың аясын шектеп отырсыздар. Әрбір басқарма бөлек әлемде өмір сүріп жатқандай. Бюджеттен бөлінген ақшаның басты мақсаты – жұмыс орындарын ашу. Кәсіпкерлік басқармасы ақшаның қалай жұмсалып жатқанын білмесе, жұмыс орнымен қамту басқармасы қанша жұмыс орнының ашылып жатқанын білмесе, ауыл­ша­руашылық басқармасы өз алдына хабарсыз болса, не үшін жұмыс істеп жатырмыз? Біздің мақсатымыз – ақша бөлу емес, жұмыс орнын ашу, экономиканы дамыту. Бөлінген ақшаның қалай пайдаланылып жатқанын қадағалау керек. Басқармалар арасында байланыс болсын... Міне, осының өзінен аталған бас­қармалардың басшылары өз міндеттерін немқұрайлы атқара­тынын байқауға болатындай. Әрине, әр басқарманың өз жос­пары, соған орай атқаратын жұ­мысы әрқилы болар. Бірақ, бәрі­нің мүддесі бір, яғни өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу емес пе? Ендеше, бас­қарма басшылары бір-бірімен өзара байланыс орнатуды көздеуі тиіс қой. Алайда, дәл қазір олай болмай тұрғаны өкінішті. Бас-басына би болуды көздей ме, әлде ортақ мақсат жолындағы дерек­терді бір-бірінен қызғана ма? Ат­қарып отырған жұмыстары жөнін­дегі деректерді айтуға келгенде неге ұмытшақ бола қалады? Бәлкім, басқармалар басшылары тым ұялшақ па? Қалай болғанда да, бас­қар­ма басшылары ашықтық қа­ғидатымен ештеңені бүрке­ме­лемегенін қалар едік... Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ