• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2016

Рио-2016: Қазақ боксшылары бүгін кімдермен шайқасады?

978 рет
көрсетілді

[caption id="attachment_56507" align="aligncenter" width="560"] данияр елеусінов[/caption] Бүгін тамыздың 14-іне қараған түні Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиялық ойындардың бокс турнирінде Қазақстанның 3 өкілі шаршы алаңға шығады. Бұған дейін бүгін 52 килоға дейінгі салмақтағы Олжас Сәттібаев 1/16 финалда Пуэрто-Рико спортшысы Джесус Джевиер Кантронмен кездесіп, оны 2:1 етіп тізе бүктірді. Енді Олжас 1/8 финалдық шайқасты 15 тамыз күні сағат 20:30-да әзербайжан Эльвин Мамишзадемен өткізеді. Эльвин Мамишзаде – 1991 жылғы 17 желтоқсанда туған. Әлемнің 2015 жылғы, Еуропа ойындарының 2015 жылғы чемпионы, Еуропаның 2010 жылғы - күміс, 2013 жылғы қола жүлдегері. Сәттібаев егер осы ұрыста жеңіске жетсе, 18 тамыз күні сағат 00:30-да ойналатын 1/4  финалдық жекпе-жекте Шахобидин Зоиров (Өзбекстан) – Антонио Варгас (АҚШ) жұбының қай ұтқанымен ұшырасады. Енді ринг төріне 69 кг салмақтағы Данияр Елеусінов (13.03.1991) көтеріледі. Ол сағат 03:30-да 1/4  финалдық жекпе-жекті Венесуэла боксшысы Габриел Хосе Маестре Переспен бастайды. Габриел Маестре – 1986 жылғы 22 қыркүйекте туған. Әлемнің 2013 жылғы қола жүлдегері, Оңтүстік Америка ойындарының 2014 жылғы, Панамерикан ойындарының 2015 жылғы чемпионы. Ол 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының жартылай финалында кубалық Ариспойд Диспайннан 0:3 болып ұтылған. Ал Бостандық аралының өкілін Данияр финалда 3:0 етіп тізе бүктірді. Маестре сондай-ақ 2015 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалында Гуам боксшысы Лестер Мартинесті 3:0 етіп ұтып, 1/8 финалында литван Эймантас Станионистен 0:3 есебімен ұтылған. Егер Данияр бұл қарсыласынан өтсе, 16 тамыз күні 03:30-да ойналатын жартылай финалда Сайлом Арди (Таиланд) – Соулейман Диоп Сиссоко (Франция) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Бұдан кейін бізден 91 кг салмақтағы Василий Левит (24.02.1988) кезек алады. Ол сағат 03:45-те кубалық Эрисланди Савонмен жартылай финалдық айқаста ұстасады. Эрисланди Савон – 1990 жылғы 27 шілдеде туған. Әлем чемпионатының 2015 жылғы күміс жүлдегері, Панамерикан ойындарының 2015 жылғы чемпионы. Василий егер осы айқаста жеңіске жетер болса, 16 тамыз күні сағат 04:15-те ойналатын финалдық жекпе-жекті ресейлік Евгений Тищенкомен өткізеді. Евгений бүгін 21:55-те өзбек боксшысы Рустам Тулягановпен ұшырасып, оны 3:0 етіп тізе бүктірді. Ең соңынан рингке аса ауыр салмақтағы Иван Дычко (11.08.1990) көтеріледі. Ол сағат 04:45-те  Әзербайжан құрамасының мүшесі Магомедрасул Меджидовпен 1/8 финалдық кездесуін өткізеді. Магомедрасул Меджидов – 1986 жылғы 27 қыркүйекте туған. Негізі - ресейлік боксшы. Дағыстанда туып-өскен. Ұлты - дарғын. Ресей чемпионатында бір рет қола жүлде алған. Содан кейін Әзербайжан азаматтығын алған. Әлемнің 2011, 2013 жылдарғы чемпионы, Еуропа ойындарының 2015 жылғы қола жүлдегері, Еуропаның 2013 жылғы чемпионы. Иван бұл қарсыласымен бұған дейін екі рет ұшырасқан. Оның біріншісі 2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатының жартылай финалында орын алып, алаң иесі ұпай санымен жеңіске жеткен. Екінші реті 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының финалына дөп келіп, ол Меджидовтің нокаут арқылы жеңуімен аяқталды. Егер Иван бұл шайқаста жеңіске жетсе, 1/4 финалда Ефе Ажагва (Нигерия) – Нигел Паул (Тринидад пен Тобаго) жұптарының жеңгенімен 16 тамыз күні сағат 04:45-те кездеседі. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ