Ақмола полицейлері жүйке ауруханасынан қашып кеткен 28 жасар Александр Паленисті екі күннен кейін Астана қаласында ұстап, Зеренді ауданының Алексеевка кентіндегі ауруханаға алып келді.
Бұрын сотталған және белгілі бір тұратын жері жоқ А.Паленис 2016 жылдың 9 сәуірінде Атбасар ауданындағы Маринов туберкулезге қарсы ауруханасынан Алексеевкадағы жүйке аурулары ауруханасына еркінен тыс емдеуге жіберілген болатын. Ол жүйке-туберкулез бөлімшесінде өзге сырқаттар сияқты ем қабылдап жатқан. 2016 жылдың 9 тамызында, таңғы сағат 9-да Паленис облыстық туберкулезге қарсы диспансеріне, бөлімше дәрігерімен және санитармен бірге жоспарлы тексеріске жіберіледі. Бірақ, қызметтік көліктен түскен бойда ол орман жаққа қашып, ұстатпай кеткен.
Бұл оқиға туралы Зеренді аудандық ішкі істер бөліміне 10 тамыз күні ғана хабарланыпты.
Жедел іске кіріскен полиция қызметкерлері сырқаттың туыстық байланыстарын және Астана, Қостанай, Петропавл бағытындағы автокөліктерді тексеріп, саяжай аумағын сүзіп шыққан. Көрші облыстарға да хабарлар жолданды. Ақырында ол Астана қаласында ұсталып, Алексеевкадағы жүйке сырқаты ауруханасына жеткізілді.
Бақберген АМАЛБЕК