• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2016

Тоғызыншы күн де толқумен өтті

431 рет
көрсетілді

Ойындардағы жарыстың тоғызыншы күні тағы да толқытты. Үш  күн бойы сарыла  күткенде жеңіл атлет Оль­га Рыпакова үш қарғып секі­руден Олимпиялық ойын­дардың қола жүлдесін қор­жынымызға салды. Қом­сынатын жүлде емес. Осы күні Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің  6 дүркін чемпионы, ирандық  Хамит Сориан балуан өмірінде бірінші рет бір де бір белдесуде  жеңіске жете алмай, бетін басып ұзақ отырды. Біздің Ольга, екі бала­ның анасы, отбасы күйбеңі мен жат­тығудың арасын қосқан аяулы қызымыз Лон­дон­дағы бабында  бол­мағаны­мен, мемле­кеті­нің мерейі үшін ая­нып қалған жоқ.  Алғашқы  кезегін­де-ақ 14,73 метр қа­шықтыққа секіріп, біразға дейін бас­қаларды алаңда­тып қойды. Екінші орында 14,71 метр нә­ти­жемен америкалық Кетура Оржи келе жат­қан. Жарыс қызғанда, Оржи төртінші орынға сырғып кетті де, қайта  келе алмады. Жарыс жолындағы қыздарға қарасаң көз де, көңіл де тоя­ды. Кілең ақалтеке, қыл мойын араб аттар ала­манға түсіп жатқандай ерекше көз тартады.  Әсіресе, ко­лум­­биялық Катрин Ибар­гуэннің жа­рысқа түсер мәнері ерекше. Ор­нында тұра алмай, мың тықыршып, басын төмен салады да, құй­ғыта жөнеледі. «Ал­тынды» осы қара мар­жан  қыз қақшып кетті. Ешкімнен сұрап алған жоқ, еңбе­гінің жемісімен  алды. Оның нәти­жесі – 15,17 метр. Екінші орын 14,98 метрге қарғыған вене­суэлалық Юлимер Рохас­тың үлесіне тиді. Айтқан­дай, Ольга осы нәти­жемен Лондонда  топ жарған еді. Оның бұл жолғы көрсеткіші 14,74 метр болды. – Мен Отанымның намысын лайықты қорғап, қола медаль алғанымды үлкен мақтаныш көремін, – деді Ольга. – Лондоннан  кейінгі төрт жыл мен үшін оңай болған жоқ. Жас сәбиі бар адамға тынымсыз жаттығуға уақыт та, жағдай да келе бермейді. Өзіме өзім толық келмегенім Олимпиада барысында қатты аңғарылды. Екпін алып жүгіруде, жерден күш алуда өзімді жайсыз  сезіндім. Тек бесінші мүмкіндігімде ғана өзіме келіп, нәтижемді жақсарта алдым.  Жарыс кезінде болмаса, жаттығуда жақсы нәтиже көрсете алмаймын, мені жарыс өсіреді. Катрин Ибаргуэнмен жақсы доспыз. Ол төрт жылда тек жеңіске жетіп келеді. Бір турнирде ғана маған жол берген. Жарыстан соң бір-бірімізге жақсылықтар тіледік. Мен спортты әзір доғармаймын. Лондондағы әлем чемпионатына дайындаламын деп шештім. Ол қала маған ұнайды, өмірімдегі ең ірі жетістігіме сол жерде жеткенмін Жеңіл атлетика спорт ойындарының ханшайымы саналады. Осындай ең мәртебелі жарыста олжамызды еселеген қызымыз осылай дейді. Енді бұрнағы күндерді қорытындыласақ. Медальдарға жаман үйреніп қалыппыз. Жұма күні 85 кило салмақтағы атлетіміз Денис Уланов жүлде алады деген нық сеніммен бардық. Жобамызда медальға төрт спортшы таласады. Олардың көш басында, әрине, әлем рекордшысы Киануш Ростами бар. Ол да өз күшіне сенген жайсаң екен. Келсең кел дегендей, жұлқа көтеру мен серпе көтеруде бәрінен жоғары салмаққа тапсырыс беріп қойыпты. Қытайлық Тян Тао, Денис Уланов және украин  Алексанар Филишенко тапсырыстары бір-бірімен қарайлас. Сайысқа түскен 11  атлеттің ішінен алғашқы жаттығуда армян Аракел Мирзоян жарақат алып, шығып қалды. Ұзын сөздің қысқасын айтқанда, атлетіміз төртінші орыннан аса алмады. Күндізгі сессияда 52  килодағы боксшымыз Олжас Сәттібаев алғашқы кездесуін жақсы бастады. Бірінші раундта екі төреші пуэрториколық Жевпер Кинтронға жеңіс жазғанымен, соңғы екі раундта біздің оғлан жеңісті өз пайдасына аударып алды. Спортта мінез болмаса, қарсыласыңның шылауында кетесің. Олжас аянбай айқасып, төрешілерге өзінің мықты екенін дәлелдеді. Кешкі сессияда үш боксшымыз шаршы алаңға көтерілді. Алдын ала озып айтсақ, бұл күн қазақ боксының табысты күні болды.  Венесуэлалық Габриэл Маэстре деген пақыр: «Елеусінов – мықты  боксшы, бірақ мен одан мықтымын, бұрын оны  жеңгенмін. Менің арманым – Олимпиада медалін алу» деп жаһанға жар салып қойды. Атақты Феликс Савонның ағайыны Эрисланди – кеудесін ұрмағанымен, өте қауіпті қарсылас.  Аса ауыр салмақта әлемнің екі дүркін чемпионы,  Алматыдағы әлемдік додада біздің Иван Дычконы ұрып құлатқан әзербайжан Могамадрасул Меджидов «керек болса, тағы да құлатып тастаймын» деп қарадай кіжініп жүр. Осындай сойқандардан кейін тыныс алудың өзі ауыр. Қазақ боксының дәуірлеп тұрғанын шойын жұдырық жігіттеріміз көрсетті. Әуелі Данияр Елеусінов астамсыған Габриэл Маэстренің кәрі жынын қағып алды. Өз мәнерімен шегіне ұрыс салып, қорғана жүріп, қарсыласының қорғанысын тас-талқан етті. Үшінші раундта үш төреші де бір ауыздан жеңісті біздің ұлға берді. Бұдан кейін Василий Левит бірінші кезеңді кубалық Эрисланды Савонға беріп қойғанымен, кейіннен бет қаратпады. Осылайша бізден финалға бірінші болып шықты. Бұдан әрі Иван Дычко атой салды. Алматыдағы әлем чемпионатында да осы Меджидовті екі раунд әдемі ұтқан. Соңғысында тұрып айқасамын деп ауыр соққыға көзігіп қалған. Содан жақсы қорытынды шығарыпты. Бұл жолы Меджидовтың қалауы емес біздің жігіттің қалауы болды. Екінші раундта Меджидов көзінен жарақат алып, дәрігер оны жарыстан алды. Сол күнгі жарысқа аты аңызға айналған кәсіпқой боксшы Флойд Мейвезер келді. Әрі бері шығып жүрген ол Данияр Елеусіновтің жекпе-жегін  мұқият көрді. Қол соғып құрмет көрсетті. Біз бұны үлкен құрмет деп ұқтық. «Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі Бақтияр ТАЙЖАН Рио-де-Жанейродан хабарлайды

Жүлделер жиынтығы

(14 тамыздағы мәлімет) № Құрамалар Алтын Күміс Қола Барлығы 1 АҚШ 26 21 22 69 2 Ұлыбритания 15 16 7 38 3 Қытай 15 13 17 45 4 Ресей 9 11 10 30 5 Германия 8 5 4 17 6 Франция 7 8 7 22 7 Италия 7 8 6 21 8 Жапония 7 4 15 26 9 Австралия 6 7 9 22 10 Оңтүстік Корея 6 3 5 14 16 ҚАЗАҚСТАН 2 2 4 8 29 Беларусь 1 2 1 4 39 Өзбекстан 1 0 4 5 48 Украина 0 3 1 4 49 Әзербайжан 0 2 0 2 51 Литва 0 1 2 3 52 Грузия 0 1 1 2 42 Қырғызстан 0 0 1 1 42 Эстония 0 0 1 1

Майкл Фелпс – 22-ші мәрте чемпион

Америкалық суда жүзуші Майкл Фелпс 200 метрлік қашықтықты кешенді жүзуде қатарынан төртінші рет жеңіске жетіп, Олимпиаданың 22-ші мәрте чемпионы атанды. Сөйтіп, осы Риода өзі жасаған үш рекордты тағы жаңартты. Ол бұл аралықты 1.54,66 минутта жүзіп өтіп, өзінің жапон бәсекелесі Косуке Хагинодан 1.95 секундқа озып келді. АҚШ спортшысы Бразилия жерінде жеңіп алған 4 алтын медалін мұның алдында 200 метрге кролл әдісімен жүзуден, 4х100 және 4х200 метрлік эстафеталардан бастап жинады.

Армян ауыр атлеті қолынан

айырылып қала жаздадыАрмения құрамасының ауыр атлеті Андраник Карапетян 195 кг салмағы бар зілтемірді серпе көтеру кезінде сол қолының шынтағын қайырып жіберіп, сындырып ала жаздады. Қолы артына қарай қайырылып кеткен 20 жастағы спортшы ауру жанына батқаннан айқайлап жіберді. Ол дәрігерлердің көмегімен тұғырды тастап шықты.

Жұрт назарын аударған қозықарынды жүзгіш

Суда жүзу жарысына қатысқан спортшылардың бірі 59 жүзгіштің ең соңынан келді. Өзі басқа атлеттер сияқты сыптай емес, денесі толық, тіпті аздап қарны да бар. Қозы қарынды бұл олимпиадашының кім екені сәл кейінірек анықталды. Робел Кирос Хабте есімді жүзгіш Эфиопия жүзу федерациясы президентінің ұлы болып шықты. Бір қызығы, Робел Хабте су бәйгесінде «тезек теріп» қалғанына еш жабырқаған жоқ. Ресми мәлімет бойынша, Хабте Халықаралық жүзу федерациясының арнайы жолдамасымен келген. Алайда, оның әкесі жүзу федерациясы президенті екені анықталған соң, Эфиопияда одан гөрі жылдам жүзе алатын спортшылар жоқ екеніне күмәнмен қарайтындар көбейді. Хабтенің өзі болса «Эфиопияда бәрі жүгіреді. Ешкім жүзбейді. Мен жүгіргім келмеді, жүзгім келді. Қандай орын алғаным маңызды емес» дейді.

Чемпионның анасы стадионға кіре алмай қалды

Біздің суға жүзуден тұңғыш Олимпиялық ойын­дардың чемпионы Дмитрий Баландиннің анасы – Татьяна ұлының толағай табысқа жеткен сәтін телевизордан көрген. Бұған Риоға баласының соңынан жеткен оның стадионға кірер билетті жөпелдемеде жоғалтып алғаны себеп болыпты. Өзінің айтуынша, алдымен еліміздің спортшыларымен бірге ауыр атлеттер сайысын көруге барған. Соңынан сол жерден жүзушілер жарысы өтетін бассейнге келген. Осында қатты соғып кеткен жел оның аккредитация жасалған бейджін ұшырып әкеткен. Сосын билет сатып алмақ болып кассаға барған. Бірақ билет таппаған. Ақырында қонақүйге қайтып келуіне тура келген. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ

Жуалы жасөспірімдері шетінен шымыр

– Мұндай қыздар ұрғанын құлат­са керек… Соққылары жой­қын ғой.. Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев әйелдер мерекесі қарсаңында Ақордада бір топ қыз-келіншектермен жүздесіп, қазақ қыздарының ішінен шыққан тұңғыш әлем чемпионы Назым Қызайбай туралы осылай деп ағынан жарыл­ған болатын. Әрине, әзіл ретінде айтыл­ғанымен, бұл осынау әдемі қыздың шын мәніндегі күш-қуатына, дарынына берілген баға еді. Қайсар мінезді қазақ қызының жеңісі мен Елбасының Назымға деген құрметі талай бойжеткеннің спортқа деген қызығушылығын оятып, бокс қол­ғабын киюге асықтырғаны анық. Екі жыл бұрын Жуалы ауданы­ның орталығы Б.Момышұлы ауы­лынан әдемі спорт кешені бой көтерген. Күн сайын мал қарап, шөп тасып, отын жарып жүрген ауыл балалары шетінен шымыр келеді емес пе, тек олардың спортқа деген қызығушылықтарын оятып, шынықтырып, дұрыс бағыт-бағдар бере білу керек. Сондықтан осынау орталық ауылдағы қаршадай қара күш иелерінің спортпен айналысуларына көп мүмкіндік бергені рас. Бүгінде бұл шаңырақта 700-ден астам жеткіншек спорттың волейбол, дзюдо, бокс, кір тасын көтеру және қазақ күресі түрлерімен бел­сенді айналысуда. Соның ішінде былғары қолғап киген жуалылық қыздар аз уақытта біраз белестерді бағындырды. Нақтырақ айтатын болсақ, Әйгерім Ошақбай мен Елена Шерункова әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізсе, Ақерке Дүйсеналы мен Балнұр Қалдарбек бірнеше рет Қазақстан чемпиондары атанған. Жақында Орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалы Жуалы ауданына пресс-тур ұйымдастырды. Сол сапарымызда осынау боксшы қыздарымыздың жаттығу үстіндегі жойқын соққы­ларын көріп, шынында бұл бойжеткендер ұрғанын құлататын нағыз шеберлер екенін байқадық. Әйгерім мен Балнұр спорттың осы түрімен соңғы бес жылдан бері айналысып келеді екен. Екеуі де: «Әке-шешеміздің спорт саласына ешқандай қатысы жоқ, боксқа өзіміз қызықтық. Жаттығу кезінде көп тер төксең, рингте өзіңді өте сенімді ұстайсың», дейді. Лайым, боксшы қыздар ал­дағы уақытта Назым әпкелерінің жеңіс­ті жолын жалғастырып, әлемдік бәсе­келерде Әнұранымызды шырқата бергей. Олимпиада чемпионы әрі Баркер кубогінің жеңімпазы атанған Бақтияр Артаевтың кіндік қаны тамған Жуалы жерінің қыздары ғана емес, жігіттері де үлкен спорттық бәсекелерде атой салып жүр. Дәл осы әдемі ғимаратта жаттығу жасап, тер төгіп жүрген Ардақ Қаныбай – армрестлингтен әлем чемпионы, Абылай Қалып – Азия, Ғалым Жандуллаев пен Бекжан Абдарамбек таэквондодан ел чемпиондары атанды. Айтпақшы, спорт алаңында волейбол ойнап жатқан жеткіншек­тер­дің ішінен бір бала көзімізге ерекше жылы ұшырады. Әдетте волейболшылардың бойы ұзын, серейіп қалған болушы еді. Мына баланың бойы бәкене болса да, әуелеп келген допқа деген ұмтылысы сұмдық екен. Әбжіл қимылымен допты еппен қағып та, күшпен ұрып та үлгеріп жатқан Нұржан Ермаханов Нұрлыкент ауылынан келіпті. Ықыласы мен ынта-жігерінің мол­дығы ғой, Нұржан бастаған жеткін­шектер ел чемпионатында бақтарын сынап, екі мәрте үшінші орыннан көрінген екен. Әрине, болашақтағы соқпақтары спортпен түбегейлі түйісе ме, жоқ па, ол жағын уақыт көрсетер, дегенмен, бұл мақаланың жазылуына себеп болған осынау жеткіншектердің спорт залдағы төккен терлері өмір бойы өздеріне күш-қуат беріп, жолдарын жеңілдететіні айдан анық. Ендеше, ауыл жастарының спортпен айналысуына барлық жағдай жа­салуы тиіс. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»  Жамбыл облысы, Жуалы ауданы Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН