• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2016

Бесік жырын бағаламай жүрміз

581 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік қолға тигелі ұр­паққа тәрбие беру ісінде ұлттық құндылықтарымызды кеңінен қолдануға, ата-баба жолын ұстануға әжептәуір бетбұрыс жасалды. Бірақ осы бағыттағы жұмыстар, түзу ниеттен басталған оң талаптар сыртқы рухани, ақпараттық агрессияның қысымынан көз ашпай келеді. Десек те, ұлттық рухани байлығымыздың әлеуетін пай­далана отырып, сыртқы күш­терге қарсы күресімізді үдете бер­геніміз абзал. Бұл күресіміз нәти­желі болуы үшін қазақтың шыр етіп дүние есігін ашқан әрбір нә­рестесінің бойына бірінші кезекте қазақылықтың нәрін құюға тырысуымыз керек-ақ. Балғын шақта қазақы тәрбие қанына сің­ген бала кері күштердің илеуіне оңайлықпен берілмейді. Ал осы орайда балаға  тәрбиені жөргегінен сіңіретін бесік жыры мен бесіктің орны бөлек. Рас, ұрпаққа ұлттық негізде тәлім-тәрбие беру бағытында биік мінберлерден тұшымды, қонымды мәселелер көтеріліп, бұл тұрғыда мемлекеттік деңгейде көптеген игі істер атқарылып жатқанын жоқ­қа шығара алмаймыз. Алайда, «осыған байланысты жүзеге асырылып жатқан іс-әрекеттердің қоғамдағы ықпалы қандай, нендей оңды нәтижелерге қол жеткіздік?» дегендей сұраққа нақты жауап беру қиын... Өскіндердің ішкі сарайына халқымыздың рухани құнды­лық­тарының дәнін егеміз деп қан­ша жерден заңдар, бағ­дар­ламалар қабылдап және ықпал етуші те­тіктерді, күштерді жұмылдыр­ғанымызбен, отбасылық тәрбиені ұлттық негізге бағыттамай тірлік оңбайды. Бұдан біз болашақ алдындағы парыз-қарызымызды абыроймен орындап шығу үшін ең негізгі міндет ата-аналардың мойнында екенін аңғаруға тиістіміз. Осы күрделі жауапкершілікті ұл-қыз өсіріп отырған отағалары мен отаналары қаншалықты сезінуде? Бұған да «пәлен» деп ештеңе айта алмайсың. «Баланы жастан...» дейтін қа­зақтың көпшілігі қазіргі кезде бұл ата­лы сөздің мәніне, маңызына бас ауырта қоймайтындай. Қазір азды-көпті шаңырақтарда бүлдіршіндер тал бесікке таңыл­май, әлди әнін тыңдау маңдайына жазылмай өсіп келеді. Олардың алдағы алар өнегесі де, көрер кө­рінісі де осындай сипаттан асып кете қоймайды. Мұның басты себебі, әлгіндей жағдайда өмірдің өрісіне аяқ басқан балғындардың әке-шешелерінің қазақшылықтан хабары аздығынан, Алланың ра­қымымен тамыры тереңге тар­тыл­ған ұлтының ұстанымына, қа­сиетті қағидаларына көз жұма қарай­тындарынан туындауда. Өкінішті! Бейнелеп айтқанда, бесік – әлемнің, қоршаған ортаның шағын макеті. Сызбасын қазақ деген дала сәулетшісі түзген. Қаншама ға­сырлар өтсе де оның құрылысын одан да жақсартып, өзгертемін деп ешкім де әуре болмағандай. Егер мұндай ниеті барлар табылып жатса, шамасы да келмес еді. Өйткені, бесік – әбден жетілген, өзгертуді қажет етпейтін дүние. Ал бала жатар осы «шағын әлемді» тылсым жырмен тербеген дала даналығының астарында ғалам мен тіршілік иесін ән арқылы байланыстырып, бірін бірі ұға түсуге, тани білуге әсер етпек ниеті жатқандай. Бесік жырының құ­ды­реттілігі де осында. Осындай ба­ға жетпес байлықтан жерінуіміз ашық күнде адасқандық емес пе? Өз шаңырақтарының астында таным-түсінігімізге жат, теледидардан, радиодан үздіксіз беріліп жататын даңғыраған дыбыстарды естіп, бойы үйренген сәбилер қазақ ұлтының болмысымен біте қайнаса ертеңіне аяқ басады деп айта алмаймыз. Олар өз халқының рухани әлеміне, діліне өгейси қарап, өзгенің арзанқол жылтырағына бас ұрып, кіріптарлық танытады. Өзге дінге бет бұрып кететіндер де солардың арасынан шығады. Мұн­дай жағымсыз үрдіс расында бе­лең алса, тосқауыл қою мүмкін бол­май, «...қолымды мезгілінен кеш сермедімнің» кері сонда келеді. Осы мақаланы жазардан бұрын тақырыпқа байланысты әртүрлі жастағы бірнеше адамнан пікір сұраған едік. Енді солармен болған әңгімеге көз жүгіртсек. Жеті бала дүниеге әкеліп, олар­ды аман-есен өсірген, бү­гін­де 65 жасқа келген Айман деген құдағиымыз бесік пен бе­сік жырының пайдасын, артық­шылығын тамсана отырып айтып берді. «Бесіктен көрген рахатым көп. Әсіресе, нәрестені таза ұстауға, жылағанда тербетіп жұ­батуға таптырмайтын дүние. Баланы емізуге де ыңғайлы. Ал бесік жыры, ол – баланың өз анасынан еститін әсем ырғақты өлеңі. Бесік жырының ырғағы бізге ата-бабаларымыздан жеткен. Онда бір тылсым күш бар», – деді ол. Ал Гүлзира деген танысым бесік пен бесік жырына немқұрайлы қарайтынын жеткізді. «Мамам бізді кереуетте, кольяскіде өсірді. Бесікке жатпағанымыздан кемтар болып қалғанымыз жоқ. Бесік дегенің жұмысы көп, төсеніші қабат-қабат зат қой. Мен екі баламды мамамның тәсілімен-ақ аяқ­тарын тәй-тәй бастырдым. Қазір дайын «памперс» бар, сол рахат. Ал бесік жыры туралы ештеңе айта алмаймын. Өйткені, ондай жыр бар екенін естігенім болмаса, басқадай хабарым жоқ», – деді. Нұрбол атты көршім өз сөзінде бесік пен бесік жырына деген көз­қарасы оң екенін сөз етті. «Бесік­тің қасиетінің алдында басымды иемін. Ол – тұтас бір ұлтты тербеткен асыл дүние. Бірақ бесік жырын жаттап алып, бесік жанында нәшіне келтіре айтатын адам аз. Кешегі шешелеріміздің жолын қуған жас аналар көп деп айта алмаймын», – деді ол. Төрт бала тәрбиелеп отырған, мінезі тіктеу Самат деген бауы­рым­ның ойы былайша өрбіді. «Өз басым, бесіксіз де баланы өсі­руге болады деп ойлаймын. Ба­ла­ларымызды қайда жатқызса, он­да жатқызсын, әйтеуір, миды ашыт­­пай тамағын беріп, жылатпаса болды да. Ал бесік жырын айтатын әйелді көрген емеспін», – деді. Міне, өздеріңіз оқып отыр­ғандай, әртүрлі ойлар, әртүрлі тү­сі­ніктер. Әрі қарай өзіңіз-ақ кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін пайымдай беріңіз. Бесікке, бесік жырына қырын қабақ танытатындардың бетін бері қарату мүмкін бе?.. Әрине, қиын. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»