Егер Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтан біреу «Қайтсек бай боламыз?» деп сұрайтын болса, өңір басшысы ойланбастан «Қызылша егіңіз» деп жауап берер еді.
Тағы біреуі қол көтеріп, «Қазір қай кәсіпке көбірек мойын бұрған дұрыс?» деген сұрақ қойса, ол кісіден тағы да «қызылша егіңіз» деген жауап естисіз.
Шынында соңғы кездері облыс әкімі қызылшаның қып-қызыл табыс көзі екенін дәлелдеп, бармаған жері жоқ. Ауыл-аймаққа атбасын жиі бұрып тұратын Кәрім Насбекұлы бос жатқан алқапты көрген сайын «Бос орынға қызылша егіңіз» деген әңгімені бастайды.
Биыл Жамбыл облысында 5650 гектарға қызылша егілді. Облыс басшылары құлашын бұдан да кеңге сермемек болған. Бірақ, бұл іске шаруалардың қызығушылығы аз болды ма, әлде дайындық мәселесі дұрыс ұйымдастырылмады ма, әйтеуір, осының өзін қанағат тұтып, бел шеше кірісіп кетті. 5650 гектардың 650-і тамшылатып, тағы 200 гектары жаңбырлатып суарылады. Әрине, қызылшадан мол өнім алудың басты шарты жерді дұрыс баптау мен сапалы тұқым егу болса керек. Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітовтің айтуына қарағанда биыл 220 млн. теңгеге Франциядан арнайы тұқым және 200 млн. теңгеге техника алыныпты. Осыдан кейін биыл облыс бойынша 125 мың тонна өнім аламыз деген жоспар бар.
Егер сіз қызылша еккен болсаңыз, ең алдымен оның әр гектарына субсидия төленеді. Мұны бір деп қойыңыз. Сосын тұқым алсаңыз, оған да субсидия беріледі. Бұл – екі. Бұдан бөлек тамшылатып немесе жаңбырлатып суару әдісін енгізсеңіз, тағы да субсидияның жолы ашылады. Тыңайтқыш сепсеңіз, тағы да субсидия алуға құжат дайындайсыз. Қызылшаны қолға алудағы ең қиын мәселенің бірі – күзде өнімді өткеру болатын. Жамбыл облысында екі қант зауыты бар. Бірақ өнімді өткізер кезде баға мың құбылып, соңында шаруалар ұтылып қалатын. Және қант зауыттары өнімді бірде алып, бірде кері қайтарып, шаруаны тағы шығынға батырады.
Бұл мәселе бойынша Тараздағы қант зауытының директоры Галина Баймұрзаева былай дейді:
– Жыл өткен сайын елімізде қызылша алқабы ұлғайып келеді. Біздің зауыт қазір бұл өнімді күні-түні қабылдайды. Баяғыдай қызылша артып келген көліктерді күні бойы қаңтарып қою, соңында кері қайтару мәселесі қазір мүлдем жоқ. Әр ауданға арнайы кесте берілген. Сол бойынша рет-ретімен өнімдерін өткізіп отырады. Биыл біздің зауыт қызылшаның 1 тоннасын 17 мың теңгеден қабылдайды. Арнайы құжат жасалып, бір айдың ішінде ақша шаруашылықтың есеп-шотына аударылады. Сондай-ақ, өнімді өткізушінің қалауына қарай ақша орнына қант та бере аламыз. Рас, біз көктемде шаруашылықпен келісімшарт жасасқан кездегі қанттың бағасы мен күзде өнімді өткізіп, ақшаны санап алған кездегі қанттың бағасы әртүрлі болуы мүмкін. Көктемде – арзан, күзде қымбат дегендей... Кейбір шаруашылықтар қантты көктемдегі арзан бағамен бер деп қиғылық салады. Біз оған жол бере алмаймыз. Өйткені, арзан бағаға қант алған шаруашылықтар алыпсатарлықпен айналысып, қанттың бағасын түсіріп жіберуі мүмкін. Бұл біздің зауыт үшін пайдалы іс емес. Қазір шетелден келетін қант шикізатының бағасы қатты өсіп кетті. Сондықтан, біздің зауыттар жергілікті жердің өнімін алуға және қызылша алқабының көбеюіне өте мұқтаж. Сондықтан, біз облыс орталығынан алыс жатқан Шу және Қордай аудандарынан қызылша артып келген көліктердің шығынының 50 пайызын өтеп беруге де келісіп отырмыз. Білесіз бе, қызылша болмай, зауыт тоқтап қалатын болса, біз күн сайын 5 млн. теңге шығынға отырамыз. Сондықтан, қай қиырдан келсе де қызылшаны зауытқа өткеруде ешқандай кедергі болмайды.
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қызылша егушілерге мемлекет тарапынан қолдау туралы айтып берді.
– Жақында «Даму» қоры Жамбыл облысының кәсіпкерлеріне жеңілдікпен 500 млн. теңге несие бөлетін болып, меморандумға қол қойдық. Осы келісімшартқа сәйкес банк қызметкерлері сіздің еккен қызылша алқабын келіп көреді, қанша табыс түсетінін шамалайды, сөйтіп алдын ала аванс ақша береді. Ешқандай кепілдің қажеті жоқ. Жалпы алғанда, бұл дақылдан түсетін пайда көп. Қызылша қызанақ, қияр сияқты тез бұзылмайды. Шаруашылықты дамыту арқылы халықты жұмыспен қамтуды да шешеді. Қызылшаны көп ексек, сонша жұмыс күші болады.
Міне, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев қызылша егушілердің қатарын көбейтудің бар амалын жасап жүр. Осыдан кейін әкімнің әңгімесі неге қайта-қайта осынау балтамырға соға беретінін түсінуге болатын сияқты. Әйтсе де «қызылша ексең, ақшаға қарық боласың» деген жарнама тек жұртты қызықтыру ғана болса керек. Әйтпесе, көк жапырағы жайқалған осынау алқапқа қанша қаржыны құйсаң да тер төгіп, еңбек етпей ешқандай табыс болмайтынын ел де түсінуі тиіс. Қашанда еңбектің алмайтын асуы жоқ қой. Адамды биік шыңдарға тек еңбек қана жеткізеді. Дегенмен де «Қалай тез баюға болады?» деген жандарға біз де «Қызылша егіңіз» деп айтқан болар едік. Өйткені, ауылшаруашылық мамандарының есептеулеріне қарағанда, 1 гектар қызылша алқабынан 25 тонна өнім алсаңыз, ең кемі 175 мың теңге, егер 50 тонна өнім алсаңыз, 465 мың теңге пайда көресіз. Ал тамшылатып суару әдісі бұл табысты тіптен еселей түседі. Мұндай жағдайда 100 тонна өнім алсаңыз, 1 миллион 270 мың теңгеге дейін табыс табасыз. Бұл, әрине, еселі еңбек еткен сайын қалтаң ақшаға тола түседі деген сөз.
Айтпақшы, әкімнің «пияз егіңдер» деуінде де бір мән бар. Жамбыл ауданындағы «Үміт» шаруа қожалығы биыл 35 гектарға пияз еккен екен. Гектарына 100 тоннадан өнім аламыз деп қолдарын ысқылап отыр. Көрдіңіз бе, баптағанға жер жомарт деген осы шығар, сірә.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы
Суретті түсірген
Алтынбек ҚАРТАБАЙ