• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2016

Қатысушылар қатары артып келеді

271 рет
көрсетілді

Жақында ЭКСПО-2017 көрмесінің Комиссары Рәпіл Жошыбаевтың Шри-Ланка Республикасына сапары өтті. Сапары барысында ол Шри-Ланка Республикасының Өнеркәсіп және сауда министрі Ришад Басиудинмен, осы елдің Ұлттық секция комиссары – «Huejay International» корпорациясының басқарма басшысы Хуберт Джакодимен және іскер топтары өкілдерімен кездесті. Өнеркәсіп және сауда министрлігінде өткен кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. ЭКСПО-2017 Комиссары қабылдаушы жаққа Қазақстанның бастамаларын, сондай-ақ, еліміздің 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі кандидатурасын қолдағаны үшін алғыс білдіріп, «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы көрмеге дайындық жұмыстары туралы хабардар етті. Шри-Ланка Комиссарымен өткен кездесу барысында көрмеге қатысу шарттары талқыланды және павильонның орналасу реті белгіленді. Шри-Ланка павильонының аумағы 526 шаршы метр шамасында. Сонымен қатар, Комиссар Хуберт Джакоди ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Шри-Ланка ұлттық күнін 2017 жылы 19 шілдеде өткізуге өтініш білдірді. Аталған шараға Шри-Ланка Президенті Ланки Майтрипала Сирисеннің қатысуы жоспарланыпты. Рәпіл Жошыбаев Шри-Ланканың ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы екіжақты қарым-қатынастардың дами түсуіне айтарлықтай оң әсер ететіндігін атап өтті. 12 халықаралық көрменің Комиссары болған Хуберт Джакоди мырза, Астанада өтетін көрмеге дайындық жұмыстарын жоғары бағалап, Шри-Ланкада «жасыл» энергетика саласындағы қолданыс тапқан технологияларды көрсету жоспарланып отырғанын айтты. Комиссар Хуберт Джакодидің сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Шри-Ланканың энергетикалық объектілерінің жалпы қуаты 3,9 ГВт құрап, оның 11%-ы немесе 448 МВт энергия­сы жаңартылатын энергия көздері арқылы алынады. Ал «жасыл» энергия шағын гидро және жел электр стансалары арқылы өндіріледі екен. Шри-Ланка 2030 жылға қарай электр қуатын өндіруде жаңғырмалы энергия көздерінің үлесін 100%-ға жеткізуді жоспарлап отырған көрінеді. Кездесу қорытындысы бойынша, көрме комиссарлары Р.Жошыбаев пен Х.Джакоди Шри-Ланканың Өнеркәсіп және сауда министрі Ришад Басиудин мен Қазақстан Республикасының Үндістандағы елшісі – Шри-Ланкада елшілік қызметті қоса атқарушы Б.Сәрсенбаевтың қатысуымен Шри-Ланканың ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу келісіміне қол қойды. «Егемен-ақпарат»