Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Шетелде мамандар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Отырысты ашқан Г.Әбдіқалықова бірінші кезекте еліміз үшін білімді, білікті мамандар даярлаудың өзектілігіне тоқталып өтті.
«Әлемдік экономикада жоғары деңгейлі мамандарға деген сұраныс артып келе жатқаны байқалуда. Бұл тұрғыда әлемдік сарапшылар жуық арада білікті мамандарға деген тапсырыс көлемі өсе түсетінін болжап отыр. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында елдің адами капиталын дамытуға арналған ауқымды инвестициялар мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өткен болатын», – деді Мемлекеттік хатшы.
Одан әрі Г.Әбдіқалықова жоғары білікті мамандар дайындауда «Болашақ» бағдарламасының жоғары мәнге ие екенін сөз етті. Сондай-ақ, ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, аэроғарыш және көлік индустриясы салаларына жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарды белсенді атқару керектігіне назар аударды.
Жиында белгілі болғандай, биылғы жылдың басынан бері бұл бағдарлама Президенттің «Болашақ» халықаралық стипендиясының 2016-2020 жылдарға арналған жаңа даму жоспары бойынша іске асырылуда. Құжатта оны жаңартудың негізгі бағыттары белгіленген.
Бұдан бөлек, отырыс барысында 2017 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы бойынша ауыл мұғалімдеріне жеңілдіктер қарастырылатыны сөз болды. Бұл тұрғыда «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығметов мәлім етті.
«Бүгiн жаңа тапсырмалар берiлдi. Оның iшiнде ауыл мұғалiмдерiне жеке квота қарастыру бар. Дәлірегі, келесi жылдан бастап ауыл мұғалiмдерiне «Болашаққа» жеңiлдiкпен түсуге мүмкiншiлiк болады. Ауыл мұғалiмдерi ағылшын тiлiн орта деңгейде бiлсе, «Болашақ» бағдарламасымен магистратураға түсе алады. Келешекте оларға жалпы мамандық бойынша жұмыс iстеу талабы қойылады», – деді орталық басшысы.
Ғ.Нығметовтің айтуынша, биылғы жылы «Болашақ» бағдарламасына 23 жыл толып отыр. Осы жылдар iшiнде 12 мыңға жуық стипендия бөлiнген. Шетелде білім алған 9 мың азамат елге оралған. Қазір 1,5 мың студент шетелде оқып жатыр.
Сонымен бірге, Ғ.Нығметов «Болашақ» бағдарламасы Қазақстанның үлкен жетiстiгi екенін атап өтті.
«Болашақ» – елiмiздiң ең ашық, әдiл бағдарламаларының бiрi. Бұл бағдарлама әрбiр азаматқа қолжетiмдi. Өз бетiмен шетелге оқуға түскен үмiткерлер үшін екi жыл еңбек өтiлi талабы алынып тасталды. Жақында бұл жөнінде Үкiметтiң қаулысы қабылданады.
Жалпы, «Болашақ» бағдарламасы «Қазақстан-2050», «Нұрлы Жол», «100 нақты қадам» бағдарламаларына мамандар дайындайды. Сондықтан қазiр инженер-техник мамандықтарына үлкен көңiл бөлiп жатырмыз», – деді Ғ.Нығметов.
Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылға 700 стипендия бөлiніпті. Жылдың басында 137 стипендияның иегерлері анықталса, маусым-шiлде айларында екiншi кезең бойынша құжаттар қабылданған. Ал үшінші кезеңге құжаттар 30 қыркүйекке дейін қабылданып, қорытындысы желтоқсанда шығарылмақ.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»