Болгариялық археологтар Пазарджик қаласының маңынан осыдан 6500 жыл бұрын жасалған алтын алқаны тапты. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл осыған дейінгі табылған алқалардың ішіндегі ең ескісі екен.
Бұған дейін Варнадағы көне қорымнан табылған алтын ең ескі заманға тиесілі деп саналған еді. Ғалымдар біздің дәуірімізге дейінгі 5 мыңжылдықта жер өңдеумен айналысқан адамдардың алтыннан бұйым жасауды қайдан үйренгенін біле алмай, таңғалысқан болатын. Пазарджиктен табылған жәдігер болса Варна алтынынан екі ғасыр бұрын жасалғаны анықталып отыр.
Пазарджик қорымынан алтын алқамен қатар, көптеген қыш бұйымдар, мүсіндер, ыдыс-аяқтар табылыпты. Археологтар бұл жердегі қазба жұмыстарын әлі бірнеше жыл жүргізуді жоспарлап отыр. Олар бұл қорымда қола дәуіріндегі Балқан өркениетінің жәдігерлері сақталған деп санайды.
Нұрислам АСҚАР