Жүйткіген жүйріктей, аққан жұлдыздай зулап өтіп жатқан уақыт-ай. Кемеңгер Абай атамыздың қалайша дәл айтқанына әрі қысқа тұжырыммен көп ой білдіргеніне дән риза боласың. Шындығында да зырғып ағып өмір өтіп барады. Үшінші мыңжылдықты бастағанымызға да он алты жылдан асты, тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдық мерекесін тойлағалы отырмыз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейдi дана халқымыз. Жаны жайсаң, жүзi жарқын, өнегелi iс-әрекеттерiмен жан-жағына нұрын шашқан абзал жандар бүгінде арамызда көптеп саналады. Жұрттың оларға деген ықыласы да айрықша. Осындай жандар көп бола берсе, өзгелер олардан үлгi алса екен деймiн. Жоғарыдағы ойшыл-ақын Абай бабамыз айтқандай, «алдыңғы толқын ағаларымыздың» бірі – Қайырлы Едіресұлы.
Қ.Едіресов 1946 жылы 20 тамызда Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы, Орталық ауылында дүниеге келді.
Адамның өмірі үлкен құбылыс екені баршамызға аян. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында әр адам өмірге парызы мен қарызын арқалай келеді. Бұл өмірді босқа өткізбей, сол қоғамға өзінің мүмкіндігінше үлесін қосуға тырысады. Менің көзқарасымда әуелі дүниеге келтіргені, тәрбиелегені, азамат етіп қалыптастыруға жағдай жасағаны үшін әкең мен шешеңе қарыздарсың деп ойлаймын. Әрбір азамат ата-анасын ардақтай біліп қадірлеуі керек. Әңгімемізге арқау болып отырған Қайырлы Едіресұлының да ата-анасы қарапайым еңбек адамдары еді. Елге сыйлы, көршіге адал, бейнетқор жандар болды. Сол ананың сүтімен берілген жақсы тәрбие кейіпкерімізді ерте есейтті.
Еңбек жолын 1966 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин ауданы, Николаевка ауылдық мектебінде ұстаздық етуден бастаған ол жұмысында жақсы жағынан көрініп, мектептегі партия ұйымының хатшылығына тағайындалды. Мектепте партия жұмысын алға сүйрейтін білікті ұстаздар, мамандар көп болса да таңдау осы жас маманға түседі. Ол кезде есімі облыстан да тысқары жерлерге мәлім Ленин орденді ұстаз, «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі» Асқар Игібаев басқарған біздің Николаевка орта мектебінің атағы дүркіреп тұрды. Мектеп басшысы Қайырлының бойындағы ұйымдастырушылық қасиетін ерте байқап, жас жігітке жауапты міндеттер жүктеді. Қайырлы ағамыздың қажырлы еңбегінің арқасында Есіл ауданындағы Николаевка орта мектебін 34 жыл басқарған ұлағатты ұстаз Қазақ ССР оқу ісінің үздігі, Бүкілодақтық мұғалімдер съезінің делегаты Асқар Игібаевтың білім саласын дамытудағы еңбегі еленіп, өзі басқарған мектептің қабырғасына мемориалдық тақта ілінді. Сонымен қатар, Қайрекең оның есімін мектепке беру ісінде де атсалысты.
Алдына қойған мақсатына жетуге деген табандылық Қайырлы секілді қарапайым қазақ баласын талай белестерді бағындыруға жетеледі. 1970 жылы ол Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтынан дене тәрбиесі мұғалімі мамандығын алып шықты. Одан соң 1981-1986 жылдар аралығында Ресей асып, Қорған қаласындағы ауыл шаруашылығы институтынан зооинженер мамандығын меңгеріп келді. Бұл сол кездегі кез келген жас тәуекелге бел буып бара бермейтін ауыр жолдар еді. Спортқа батыл ден қойып, оны терең меңгеру талай жастың асыл арманы еді. Бірақ, бойда жеткілікті ерік-жігер болмаса, осындай асу-белестерді бағындыру мүмкін емес еді.
Жас тәлімгердің мектепке келіп, ауыл балаларын аудандық, облыстық, республикалық спорттық жарыстарда жүлделі орындар алуға баулуы, сол кездегі танымал спорт ардагері Н.П.Шульгиннен тәлім алып мектептің спорттық базасын қайта жасақтауы, бұл дегеніміз, болашақ спортшылардың спорттық жоғары нәтижелерге жетуіне жағдай жасау ғана емес, саламатты өмір салтының қалыптасып, бұқаралық спорттың, оның ішінде ауыл спортының дамуына өзіндік елеулі үлес қосу болатын. Спортшылардың отансүйгіштікті қалыптастырудағы маңызын түсініп, олардың тұрақты қызығушылығын тудырудың арқасында ауылымыздың ұл-қыздары спорттың шаңғы тебу, шайбалы хоккей сияқты қысқы түрлерімен қатар, волейбол, баскетбол, футбол сияқты ойын түрлерінен де жақсы жетістіктерге жетіп, республикаға танымал бола бастады.
Эстонияда Отан алдындағы әскери борышын взвод командирі болып өтеп келген жас сарбаздың біздің мектепке аға сержант шеніндегі әскери формада келіп, дене шынықтыруы пәнінен сабақ бере бастауы мені қатты қызықтырды. Сол кездегі мектеп директоры Асқар Игібаев оқушыларды дереу сапқа тұрғызды. Залда өлі тыныштық. Осы тыныштықта сержант А.П.Белоконь мен аға сержант Қ.Едіресовтің нық басқан әскери саптық қадамдары ғана естіледі. Олардың Отан алдындағы әскери борыштарын өтегеннен кейін Николаевкадағы мектепке ұстаздық қызметті жалғастырғылары келетіндіктерін білдірген әскери тәртіппен берген баяндамалары мені болашақта әскери қызметкер болуға шешім қабылдауыма негіз болды.
Мектеп бітірген соң өмір соқпағы мені әжемнің ақ батасын алып, алыстан білім іздеп, Ташкент және Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищелерінің курсанты атануыма себепкер болды. Қайда жүрсем де ұстазыммен хат арқылы байланыс орнатып, еңбек демалысына елге келгенде ұдайы әңгімелесіп жүрдік.
Қалың жұртшылықтың мұң-мұқтажын өз жайындай сезіне білген ол көп кешікпей аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне тағайындалды.
Уақыт өте келе Қайырлы аға Ильич атындағы совхоздың парторгы, Ленин ауданы партиялық бақылау комитеті төрағасы дәрежесіне жетті.
Тоқсаныншы жылдардың тар жол тайғақ кешуінде Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы техникумын 17 жыл үздіксіз басқарып, ауылды дамытуға өлшеусіз үлес қосатын мамандарды дайындаумен айналысты. Сол кездегі облыс басшылығының аталмыш техникумды жауып, таратып жібермек болған қаулысына қол қоймай, басын бәйгеге тігіп, табандылық танытқаны өз алдына бөлек әңгіме. Сөйтіп, облыстың бір білім мекемесінің жабылып қалмай дамуына үлкен үлес қосты. Сабырлы, байсалды, танымы терең, қандай күрделі мәселе болса да одан қашпай, шешу жолдарын іздеуге ынталы азамат басшылықтың солақай саясатына төтеп беріп, 90-жылдары елге агроном, ветеринарлардың, тағы басқа мамандардың керек екенін жете түсінді. Міне, ұстазым Қ.Едіресов – осындай ортада тәжірибе жинақтап, көптің көңілінен шыққан азамат.
Қайырлы Едіресұлының қайраткерлігі мен азаматтығын облыстық мәслихаттың депутаты, мәслихат хатшысы болғанда да жиі көрдік, сүйсіндік. Білімі мен біліктілігін, еліне адалдығын көрсетті. Осындай азаматтың облыстық мәслихаттың хатшысы қызметіне сайлануы елі үшін туған азаматқа елінің берген әділ бағасы деп білемін.
Саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттық іс-шараларға белсене қатысатын оның жеке бастамасы бойынша барлық деңгейдегі депутаттар арасында ұдайы спорттық жарыстар өткізіліп тұрады. Бүгінде облыстағы волейбол федерациясын басқарып, оның дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Қайырымдылық жұмыстардан тыс қалмай «Мектепке жол», «Аққайыңдар өлкесі», «20 игі іс», «Қазақстан – біз сенің ұрпағыңбыз!» атты қайырымдылық акцияларының өтуіне мұрындық болып жүр.
Бүгінде оның еңбегі бағаланып, көптеген наградалармен, төс белгілермен марапатталған.
Отбасының алтын діңгегіне айналған зайыбы Роза Ислямқызы қазақтың ардақты аналары жолын жалғастырушы, қолы ашық, жоқты бар, барды мол ететін, «Жүзігім алтын болғанша, жүзім жарқын болсын» дейтін нағыз адал жар. Бүгінде үш бала тәрбиелеп, немерелерін бағуда. Үлкен ұлы Қанат әке жолын қуып мемлекеттік қызметкер атанып, білдей бір аудан әкімінің орынбасары болып, елге қызмет етуде.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты