• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
18 Тамыз, 2016

Шебі берік шекара

1559 рет
көрсетілді

Ел шебін ерекше күзетпесе, елден тыныштық кетеді. Шекараның қырағы қорғалуы мемлекеттегі бейбітшілік пен тұрақты дамудың негізі болып табылады. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Шекара әскерлері сонау 1992 жылғы 18 тамызда Президент Жарлығымен КСРО Шығыс шекаралық округінің базасында құрылған болатын. Ал содан бергі аралықта біраз уақыт өтті. Шекара әскерлері не бітірді? Ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар бар ма? Жалпы, ел шебін күзетуде не істелді? Міне, оқырмандар көкейіндегі осы сұрақтар төңірегінде еліміздің ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Ділмановты әңгімеге тартқан едік. – Дархан Айтқалиұлы, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр мемлекеттік шекарамыздың бүгінгі ты­ныс-тіршілігі туралы, шека­рашылардың күні-түні атқаратын қызметі жайлы білу үшін  қалың оқырман атынан өзіңізге жолығып отырмыз. Тәуелсіз еліміздің қасиетті шекарасын күзететін Шекара қызметінің құрылу жолдары туралы айтып өтсеңіз. – Иә, өздеріңіз жақсы біле­сіздер, тәуелсіз мемлекеттің нақты белгіленген шекарасы болуы қажет және ол көздің қарашығындай күзетілуі тиіс. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз еліміздің мемлекеттік шекарасы айқындалды. Мемлекеттік шекараны күзету, өзіңіз айтқандай, Шекара қызметіне жүктелген. Ал енді, сәл тереңірек бойлап тарихқа жүгінетін болсақ, 1992 жылы, ең алдымен, Қазақстан-Қытай шекара бөлігі күзетуге алынды. 1995 жылы шекара әскерлері Мемлекеттік шекараны күзету жөніндегі мемлекеттік комитетке айналды, содан 1997 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамындағы Мемлекеттік шекараны күзету күштері болып құрылды. Негізі, 1998 жылдан бас­тап эко­номикалық мүддені қорғау үшін ми­грациялық үдерістерге, есірткі трафигіне, экстремизм мен терроризмге қарсы тұру мақ­са­тында Қырғызстан, Түрік­менстан, Өзбекстан, Ресей елде­рімен арадағы және Каспий теңізіндегі мемлекеттік шекаралар күзетуге алынды. 1999 жылдың 10 желтоқсаны күні Президент Жарлығымен Мемлекеттік шекараны күзету күштері Қарулы Күштер құрамынан бөлініп, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі болып құрылды. – Бүгінде шекара қызметі негізгі назарын қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, Кеден одағы елдерінің сыртқы шекарасын күзетуге аударып отыр. Бұл туралы не дейсіз? – Дұрыс айтасыз, шекара­шыларымыздың іс-қимылы терроризмге, қару-жарақ пен есірткінің заңсыз айналымының жолын кесуге, контрабанда мен табиғи рес­урстарды талан-таражға са­луға, заңсыз миграцияға қарсы тос­қауыл қоюға бағытталған. Мысалы, 2016 жылдың бірінші жартысында шекара арқылы заңсыз өтетін тауарлар мен жүктердің саны 2,6 пайызға артты. Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді де заңсыз алып өту деректері тіркелді. Валю­таны заңсыз алып өту екі есеге, діни әдебиеттерді алып өту 25 пайызға артқандығын айту керек. Осы айтылған мерзім ішінде шека­ра кеңістігінде 7 мың құқық бұзушылық тіркелді. Ал айналымнан 76,5 кг. есірткілік заттар (оның ішінде 52 кг.-дан астамы героин), 226 дана қару-жарақ, сондай-ақ, аумақтық және ішкі суларда 40-тан астам браконьерлік жүзу құралдары мен 313 шақырымнан астам заңсыз аулау құралдары тәркіленді. – Шекара бойында қандай өзгерістер бар және оны сенімді күзету үшін қандай іс-шаралар атқарылуда? – 2000 жылдан бері қарай күзетілетін мемлекеттік шекара­ның ұзындығы 8,5 есеге артты, яғни, 1783-тен 15132 шақырымға дейін жетті. Бақылау-өткізу бекеттері 6-дан 98-ге дейін көбейді. Ал жолаушылар легі соңғы жылдары ондаған есе артық, жылына 46 млн. адамға жетіп отыр. Жалпы, қазіргі таңда әскерлер дайындығының жоғары болуы шекараны сенімді күзетудің басты тіректерінің бірі болып табылады. Соған сәйкес негізгі күш Мемлекеттік шекараның оңтүстік және оңтүстік-батыс бағыттарын күшейтуге жұмылдырылған. Мәселен, Қазақстан – Қырғызстан, Қазақстан – Түрікменстан, Қа­зақ­­стан – Өзбекстан шекара бөліктерінде құқыққа қайшы іс-қимылдардың жолын кесу үшін шекаралық 4 жедел шара өткізілді. Ал заң бұзушылық бо­йынша өткізілген іс-шаралардың негізгі бөлігі Қазақстан Респуб­ликасының миграциялық заңда­рын бұзуға қатысты. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше-мемлекеттер аумағында үшінші елдердің заңсыз миграциясының және адам саудасының жолын кесу үшін шекарашылар бірлескен «Нелегал-2016» жедел-сауықтыру іс-шарасына қатысты. Сондай-ақ, олар ТМД аясында, сыртқы шекара арқылы өтетін, Ауғанстан аумағы арқылы террористік топтардың, қару-жарақтың, есірткі заттарының, заңсыз мигранттардың жолын кесу үшін шекаралық арнайы «Чаунб-2016» іс-шарасына атсалысты. Қазақстандық шекарашылар «Айбалта-2016» жедел-так­тикалық командалық-штаб­тық оқу-жаттығуына, арнаулы операциялар күштерінің «Қа­ратау-2016» оқу-жаттығуына қатысты. Оқу-жат­тығу барысында өңірлік бас­қармалар жауапкершілігіндегі учаскелерде араласқан топтар құру, басқару және қолдану мәселелері, Мемлекеттік шекараны күзету бойынша топтарға бас­шылық жасау, Қазақстан Қарулы Күштерінің және Ұлттық Ұланның штабтарымен өзара бірлесіп, іс-қимыл жасау мәселелері пы­сықталды. Мемлекеттік шекарамыздың оңтүстік-батыс бағытында «Ба­тыс-2016» деген атпен біржақ­ты көпсатылы жедел-такти­калық командалық-штабтық оқу-жаттығуы үш кезеңде өткі­зілді.  Іс-қимылға Шекара қыз­метінің барлық бөлімшелері қатыс­тырылды, шекаралық авиация, кемелер мен катерлер, әскери тех­ника, сондай-ақ, топтық және атыс қарулары қатыстырылды. Шекара сақшылары әскери қақ­тығыс кезіндегі екі өңірлік бас­қармалардың түйіскен жерін­дегі – оңтүстік-батыс бағыттағы іс-қи­мылдарды пысықтады. Қа­зақстандық шекарашылар өзде­рі­нің әскери жауынгерлік, жедел-қызметтік жағдайларын тексер­ді, ұйымдық-басқару жұ­мыс­тарын қаншалықты атқара алатын­дықтарын бақылады, қауіп-қатер жағдайындағы күштер мен құ­рал­дарды қамтамасыз ету, әскери қақ­тығысты ауыздықтаған жағдай­дағы іс-шаралар легі қам­тылды. – Еліміздің Каспий теңі­зіндегі бөлігі, батыс өңірі қа­шан­да ерекше көңіл бөлуді қажет ететіндігі анық. Теңіз арқылы өтетін шекараны қорғау ісі қаншалықты қамтамасыз етілген?  – Қазіргі уақытта теңіз арқы­лы шекарамызды күзететін құ­рылымдар шекаралық кеме­лермен, ұшқыр катерлермен жабдықталған. Аталған техни­калардың барлығы да заман талабына сай жауап беретін қару-жарақпен қамтылған. Биылғы жылы гидроакустикалық стансасы бар «Барыс» шекара кемесін дайындау аяқталды. Қазір оны сынақтан өткізіп, қабылдау жұ­мыстары атқарылуда. «Зенит» зауытының мамандарымен бір­лесе отырып, «Қажымұқан» жобасы бойынша жасалған мұзжар­ғыш, тіркеме тартатын катерді іске қосу жұмыстары Атырау қала­сының өзен портында жүргі­зілуде. «Сарбаз» шекара кемесінің командиріне осы айда сал­танатты жағдайда әскери-теңіз жалауы тапсырылады, ол кеме биыл мамыр айында қарулы сапқа қосылған болатын. Сондай-ақ, Теңіз жағалауы күзетінің бөлімшелері Каспий теңізінің акваториясында «Батыс-2016» жедел-так­тикалық командалық-штабтық  оқу-жатты­ғуына қатысып, заңсыз қа­ру­лы құрамаларды жою және кон­трабандалардың жолын кесу туралы тапсырмаларды «үздік» бағаға орындап шықты. – Шекарашы офицерлердің Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігін күзететіндігін де бі­леміз. Осы миссия туралы кеңі­рек айтып өтсеңіз. – ҰҚК ШҚ әскерлерінің бірін­ші тобы Қазақстанның Ауған­стандағы елшілігін күзету жө­ніндегі миссиясын орындап, осы жылғы маусым айында елге оралды. Енді Кабул қаласына шекарашы офицерлердің екінші тобын аттандырдық. Олар Кабул қаласындағы шетелдік мекемені және оның қызметкерлерін күні-түні күзету бойынша өздерінің міндеттерін абыроймен орындауда. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңға сәйкес шетелдегі меке­ме­лерді күзету, қорғау міндеттері Шекара қызметіне жүктелген. Қазіргі уақытта шетелдегі меке­мелерді күзететін әскери қыз­метшілерді дайындау бойынша жоспарлы түрде іс-шаралар атқа­рылуда. Олар Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Үкімет бекітетін тізімдегі меке­мелерді күзету ісіне жіберілетін болады. – Қазіргідей алма­ғайып уақыт­та шекарашыла­ры­мыз­дың кәсіби біліктілік көр­сетіп жүргендігі анық. Олардың арқасында мемле­кеттік шек­арамыз сенімді қорға­лып отыр. Шекарашылардың осы еңбегі басшылық тарапынан қалай бағалануда? – Әскери-жауынгерлік қыз­меттегі табыстары үшін биылғы жылдың басынан бері қарай 3500 шекарашы марапатталды. Олардың төртеуіне «Айбын» ордені, «Epлiгi үшiн», «Жауынгерлiк epлiгi үшiн» медальдары секілді мемлекеттік марапаттар тапсырылды. Ал 3000-нан астам әскери қызметші мен қызметшілерге ведомстволық наградалар берілді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»