Хельсинкиде Қазақстанның Финляндия Республикасындағы елшісі Мұрат Нұртілеуов Финляндия Бейбітшілікті қорғау одағының төрағасы, халықаралық ядроға қарсы қозғалыстың танымал белсендісі, бұрынғы еңбек, сондай-ақ, жұмыспен қамту және экономика министрі, Еуропарламенттің экс-депутаты Тарья Кронбергпен кездесті.
Сұхбат барысында елші Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен ядролық қарусыздану, таратпау және азаматтық атом жобаларына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үдерісіне Қазақстанның қосқан тарихи зор үлесіне назар аударды.
Халықаралық қатынастардағы оқиғалар мен сын-тегеуріндер аясында Мемлекет басшысының БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы мен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттер көтерген бастамаларының маңызы мен заманауилығы және оны жүзеге асырудың күн тәртібінен бір сәт те түспеу керектігі атап өтілді.
Т.Кронберг Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бастамаларын жоғары бағалады. «Қазақстан үлкен сенім мен құрметке ие. Ол қарусыздану үдерісі барысын ғана емес, сонымен қатар, халықаралық қатынаста ядролық арсеналдың орны мен рөлін өзгертті. Әлемдегі төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқан, Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім қабылдап, ядролық қарудан азат Орталық Азия аймағын құру және басқа да көптеген бастамаларымен шыққан Қазақстан қандай құрмет пен насихатқа да лайық», – деді Т.Кронберг.
Оның пікірінше, Қазақстан аумағында МАГАТЭ-нің бақылауындағы Төмен байытылған уран банкін құру әлемдік қоғамдастықтың жоғары сенімінің белгісі болып табылады.
Қазақстандық дипломат Бейбітшілікті қорғау одағының төрағасын Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығы аясында Қазақстанда өтетін мерейтойлы іс-шараларға қатысуға шақырды.
Жыл сайын Бейбітшілікті қорғау одағы Хельсинки қаласында Жапониядағы ядролық бомбалаудың құрбандарын еске алуға арналған іс-шаралар ұйымдастырады. Осы жылы Қазақстан елшілігі аталған одақпен бірлесіп, Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған фотокөрме ұйымдастырғанын айта кетейік.
Іс-шараға Парламент депутаттары, Хельсинкиде тіркелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, жергілікті азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Қоғамның назарына Семей полигонының құрылу тарихы, сынақтардың зардаптары мен салдары, 1991 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың полигонды жабуы және ядролық сынақтарды болдырмау мен ядролық қаруды таратпау үдерістері бойынша еліміздің жұмсап келе жатқан күш-жігері көлденең тартылды. Ядроға қарсы қозғалыста Қазақстанның жетекші рөлі бірнеше рет атап өтілген Вашингтондағы, Сеулдегі және Гаагадағы Ядролық қауіпсіздік бойынша жаһандық саммиттерден фоторепортаждар экспозицияда ерекше орын алды.
«Егемен-ақпарат»