• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2016

Су қоймасының серпінді құрылысы

793 рет
көрсетілді

Су ресурстарына қолжетім­ді­лікті арттыруды қамтамасыз ету, бұл сайып келгенде, еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін арттырып, экологиялық ахуалды да жақсартады. Сондықтан облысымызда тіршілік нәрін тиімді пайдалану бағытында көптеген жобалар жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – Жамбыл су қоймасы. 34 миллион текше метр су жинайтын Қапшағай су қоймасы бар Бәйдібек ауданына жаңа тоған не үшін қажет болды? Біріншіден, Жамбыл су қоймасы 1250 гектар жерді нәрлендіреді. Екіншіден, жүздеген ауыл адамдарын жұмыспен қамтамасыз етеді. Мамандардың есептеуінше, 2019 жылға қарай 242 миллион теңге таза табыс әкеледі. Үшіншіден, қазына қоржынына қыруар қаржы түседі. Сонымен қатар, мал азығы қорын көбейтуге де септігін тигізеді. Түптеп келгенде, жаңа су қоймасы төңірекке климаттық жайлылық сыйлайды, қоршаған ортаның тазалығы мен тартымдылығы арта түседі. Жамбыл ауылының тұрғындары үшін бұл жер таптырмас демалыс аймағына айналады. Созақ-Шымкент тас жолының бойымен кетіп бара жатқан жолау­шылар Шаяннан өте бере төменде көзмоншақтай жарқырап жатқан аймаққа ерекше сүйсіне қарайтын болады. Міне, осы жаңа нысанға табанымыз тиіп тұр. Су қоймасының құрылысын «Құрылыс» ЖШС салып жатыр екен. Бізді учас­ке бастығы Ғалым Мырзабаев қарсы алды. Оның айтуымен біраз жайтқа қанықтық. Құрылысқа 37 техника, 85 құрылысшы жұмылдырылыпты. Айналаның барлығы тынымсыз еңбек. Эксковаторлар жер қазып, алып жүк көліктері қиыршық тас пен топырақ тасып жүр. Ал мына бір шетте бетон зауыты тынбай жұмыс істеп тұр. Су қоймасының қашыртқысының өзі үлкен каналды елестетеді. Иә, қайда қарасаңыз да, мұнда еңбек көрігі қызу қайнап жатыр. Шілденің мазасыз желі мен қапырығы да құрылысшыларға тосқауыл бола алмауда. Өйткені, құрылысшылар жаздың әр күнін тиімді пайдаланып, су қоймасын белгіленген мерзімнен бұрын әрі сапалы тапсыруды көздеуде. Қойманың тосқауыл-бөгеті 1 километр 800 метрге созылмақ. Бүгінге дейін дамбы түгелдей тұрғызылып біткен. Біз барғанда тосқауыл-бөгеттің су жиналар беті бетондалып жатты. Бөгеттің биігінен қарағанда болашақ тоған аумағы алақандағыдай көрінеді. Жамбыл су қоймасының ғы­лыми, жобалық-іздестіру жұ­мыс­­тарын «Южказаг­ропром­проект» ЖШС жасапты. Құры­лысты жоспарлау, технологиялық карталар­ды әзірлеу, геологиялық ізденіс­тер мен геодезиялық есептеулер дерек­терін өңдеу жөніндегі инже­нер­лік қызмет алдын ала жүргізіл­ген. Су қоймасының  құрылысы дәлдікті, берік­тікті қажет етеді. Мұнда мүлт ке­туге бол­майды. Сондықтан, бас мер­дігер ма­ман­дары әрбір қадамына қы­ра­­ғы­лықпен қарайды екен. Оған құ­рылыс барысындағы тиянақты­лық, жинақылық дәлел. Тоған құрылысы 2015 жылғы маусым айында басталған. Учаске бастығы Ғалым Мырзабаев қой­маны алдағы қазан айында пай­да­лануға береміз деп отыр. Десе дегендей, мұндағы жұмыс қарқыны олардың уәде үдесінен табылатынын аңғартады. Су қоймасының аумағы 98 гектарды құрайды. Сыйымдылығы 2650 мың текше метр. Құдайым бе­тін аулақ қылсын, егер Қапшағай су қой­масынан су қашса, осы жерге келіп бөгеледі. Мұның өзі ел қауіп­сіздігіне сеп. Мамандар Қызылсу каналы күр­делі жөндеуден өткізілмесе, көл-көсір судың ысырапқа ұшы­рауы мүмкін екенін айтуда. «Сол үшін су реттегіштен бастау ала­тын арнаны түгелдей бетон-канал­ға айналдыру қажет. Осы каналды Тасқұдық ауылы арқылы Жиен­құмға жеткізсе жергілікті тұрғын­дар­дың егінжайларына нәр барады. Мұның өзі ауыл еңбеккерлеріне екінші тыныс береді», дейді олар. Сабырбек ОЛЖАБАЙ Оңтүстік Қазақстан облысы