• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
20 Тамыз, 2016

Шардараның Шопан Атасы

847 рет
көрсетілді

Қандай іске де «тұңғыш рет», «ең алғашқы», «бірінші болып» деген секілді теңеулерді жазбас бұрын қаламгер қауым қатты ойлан­уы керек. Өйткені, адамзат кеше жаралған жоқ, өркениетті өмірдің қалыптасқанының өзіне жуық шамамен 200 мың жылдан асыпты. Ал есті адамның пайда болғанын ғалымдар миллиондаған жылдардың ар жағына апарады. Сондықтан ең бірінші рет дегеніміз баяғыдан белгілі дүние болса – ұялып қаларымыз хақ. Жә, тым алысқа кетпей, осы өз өміріміздің шындығына оралайық. Жуырда Шығыс Қазақстан облы­с­ындағы Бесқарағай ауданында «Ата­кәсіпке алғаш рет ескерткіш қойыл­ды» деген шағын мақала жазылған еді, сөйтсек, Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданынан кезінде аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып істеген Қыстау Ілесов ағамыз редакцияға хабарласып, «Шопан Атаға» арнап ашылған ескерткіштің тұңғыш емес екенін жеткізді. «Шопан Атаның құрметіне шардаралықтар сонау Кеңес заманында, 1982 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ілесбек Бекжанов марқұмның ұсынысымен ескерткіш орнатып қойғанын айтқымыз келеді. Содан бері Шардараға келген қонақтарды биік төбенің басына орнатылып, қозы арқалаған Шопан Атаның ескерткіші бірінші болып қарсы алады. Мен ол кезде аудандық үгіт-насихат бөліміне басшылық жасағандықтан осы істің басы-қасында жүрдім. Ол кезде аудан құрамындағы Шардара, Көксу, Сүткент, Байырқұм кеңшарларында қаракөл қойы өсірілетін. Сүткент асыл тұқымды қой зауыты тікелей Мәскеуге бағынып, күлгін түсті қаракөл елтірісімен күллі Одаққа аты дүркіреп тұрған еді. Республика бойын­ша қой басын 50 миллионға жеткіземіз деген міндеттеме қабылданып, соны орындау үшін басшылар жатпай-тұрмай еңбек етті», дейді ағамыз. Үнінде өз еңбектерінің ұмытылып қалғанына өкпе болмаса да, наз бары аңғарылып тұрды. Жіберген суретіне қарағанда, ескерткіш әлі күнге жайнап тұрған болып шықты. Осы төбенің түбінде ашылған жанар-жағармай стансасын да халық «Шопан Ата» атап кетіпті. Биік төбеде арқасына қозы арқалап тұрған мүсіннің мазмұны бесқарағайлықтардікінен осал емес. «Бұрынғының бәрін ұмытып, «тұңғыш рет», «ең бірінші болып» деген сөздерді айтпау керек, ол әділетсіздік болады», дейді Қыстау ағамыз өзін нақ осы сөздер қайрағанын жеткізіп. Біз де ағамыздың назымен келісіп, осы шағын мақаланы жазып отырмыз. Әрқашан әділеттік алда болуы керек қой. Сонымен бірге, біз «Шопан Атаға» арналған ең алғашқы ескерткіш Шардара ауданында тұрғызылыпты дегеннен де аулақпыз. Еңбек адамын дәріптеуде алдына жан салмаған кеңестік насихат ата кәсіпті ардақтап, бұдан бұрын да ескерткіш тұрғызуы мүмкін. Біз ойлағанды олар да білгені сөзсіз. Ағылшынның «жаңаның бәрі ұмытылған ескі» дегені осындайда айтылатын шығар. Сондықтан еліміздің тағы бір түкпірінде сонау ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдары қойшы қауымға арналған ескерткіш тұрғызылыпты десе таң қалуға болмайды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан» Суретте: қозы арқалаған Шопан Атаның ескерткіші