Еліміздің ауыл шаруашылығы саласының өндірісінде, мемлекеттік басқару жүйесінде және ғылымында ұзақ уақыт еңбек етіп келе жатқан азамат ретінде Елбасымыздың «Нұр Отан» ХДП-ның кезекті ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде айтылған білім беру саласына қатысты ұстанымдарына орай ойымды білдіргенді жөн көрдім.
Бұрынғы кеңес дәуірінде де ғылым-білімнің беделі мен ықпалы бүгінгіден едәуір жоғары болғанның өзінде де оған қатысты аз сын айтылмаған ғой. Елбасы сондай-ақ өзінің биылғы халыққа Жолдауында атап айтқандай, бүгінде ғылымның қай саласы болса да бей-берекет ғылыми атақ алу үшін ғана құрылып отырғандай пікір қалыптастыратыны ащы да болса шындық. Соңғы 20 жылда тым жас ғылым докторлары саңырауқұлақша қаптап кетті демеске лажың жоқ. Әрине, ғылыми атақ алу үшін тың жаңалық ашу қажет болмағанымен, ғылыми-тәжірибелік негізде ел экономикасына тиімді болатын іс-шараларды қалыптастыру да оңай шаруа емес қой, яғни білімділікпен қоса айтарлықтай уақыт пен тәжірибе де қажеттілігін өмір дәлелдеп отыр.
Дегенмен, шет елдерде бәрі жақсы деп, еліміздің табиғи, әлеуметтік, экономикалық ерекшеліктерін ескермей ғылыми атақ иелерінің бәріне бірдей күйе жаға беру де жөн емес сияқты, сондықтан да бұл мәселеде оңтайлы жүйені қалыптастыру үшін төмендегідей жәйттерді ескеру керек секілді.
Мен жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін біршама уақыт шаруашылықта еңбек етіп, өндірістен қол үзіп оқитын аспирантурада (үш жыл) оқып, яғни тәжірибе жұмыстарымды шаруашылық базасында керзі етік киіп атқарып, өз қолыммен ғылыми зертханаларда сараптау жұмыстарын жасап, еңбегімнің қорытындысын арнайы ғылыми кеңесте қорғап, ғылым кандидаты атандым.
Бұдан кейін де ауыл шаруашылығы ғылыми-тәжірибелік құрылымдарында қызметкер, басшылық қызметтерінде ғылыми іс-шаралар ауқымын ұлғайта, тереңдете ізденіс жұмыстарын жалғастырдым. Сонымен қатар, кейінде жинақтаған ғылыми-тәжірибелік ізденістер тұжырымдамаларын, ауданға ауыл шаруашылығы бойынша басшылыққа тағайындалғанда, өндірісте сынақтан өткізгеннен кейін ғана бүгінде менің ойымша толымды докторлық ғылыми еңбегімді қорғауға ұсыну мүмкін болды. Демек, қандай да болмасын ғылыми атақтың маңыздылығы оны иеленген адамның жас шамасына емес, ғылыми еңбектің тиісті сала үшін құндылығына байланысты болуы керек деп санаймын.
Сонымен қатар, ғылыми зерттеу жұмыстарының маңыздылығын арттыру мақсатында келешекте, кандидаттық, докторлық диссертациялардың қорғалуына мерзімдік талаптар қойылса тиімді болатын сияқты. Әрине, бұл айтқаным алдағы кезде ондай атақтар беру сақталатын болса дегенім. Мысалы, ғылым кандидаты атағын иелену жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін 5 жыл мамандығына сай еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған соң жүргізген ғылыми ізденістерінің нәтижесінде, ал ғылым докторы – ғылым кандидаты болғаннан кейін 10 жылдай ғылыми-зерттеу құрылымдарында еңбек етуі негізінде ғана мүмкін болатын болса, бұл іс-шараның да берері аз болмас еді. Бүгінгі ғылыми атақтар иеленуге байланысты қойылатын талаптар, яғни 30 мақаланы ғылыми баспаларда жариялау, оның 5-еуін жоғарғы аттестациялық комиссия белгілеген баспаларда жариялау, соңғы ғылыми мақаласы жарияланғаннан 2 айдан кейін ғана еңбекті қорғауға ұсыну, сондай-ақ құзырлы мемлекеттік органдардан ғылыми еңбек нәтижесінің өндірісте құндылығы туралы анықтамалар алу, тікелей ғылыми еңбектің дәйектілігі мен негізділігіне айтарлықтай ықпал етпей келеді деп айтуға болады. Менің ойымша, керісінше, бұл талаптарды мейлінше оңтайландырса жөн болатын сияқты.
Елбасы «Нұр Отан» съезінде 2016 жылға қарай білім саласына қаржы ІЖӨ-нің 5 пайызын құрайтынын айтты. Жоғары білімді халықаралық стандарттарға жеткізу міндеті тұрғанын атап көрсетті. Демек, білім сапасы жақсарса, ғылым сапасының да жақсара түсетіні сөзсіз.
Кәкімжан САРХАНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.
Қарағанды.