Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Каменный Брод ауылында тұратын Сыздықовтар отбасының қуанышына, жарқын жеңісіне ортақтасып, құттықтаушылар қатары көп. Шалғай елді мекенді қоныс еткен әке-шешесі Әнуарбек пен Мәрзияда тіпті ес жоқ.
Әнуарбек жастайынан спорттың бірнеше түрімен айналысқан. Мектепте оқып жүргенде аудандық, облыстық бәйгелердің алдын бермеген.
Ал отбасындағы 4 ұл-қыздың арасында жолын қуғаны Эльмира болды.
– Бір күні Саран қаласында балалар және спорт мектебінің директоры болып жұмыс істейтін ағамның баласы Райымбек ауылға келгенде, Эльмирамның спортқа деген ерекше ынта-ықыласын байқап, Қарағандыға алып кеткісі келді. 7 сыныпта оқитын қызымызды баласынып жүрген біз бастапқыда келіспедік. Алайда, қабырғамызбен ақылдаса келіп, бағын байламауды ойладық. Ә.Молдағұлова атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған спорт мектеп-интернатқа түсіп, содан кейінгі өмірі күреспен тығыз жалғасып келеді,–дейді Әнуарбек өткен күндерді еске алып.
– Эльмира алғашқы белдесуде жеңілгенде қатты қобалжыған боларсыздар?
– Атағынан ат үркетін ресейлік балуан қызды Эльмира бұрыннан білетін. Қай жарыста екені есімде жоқ, ұтқаны да бар. Ә дегеннен сәтсіздікке ұшыраса да, жүлдегер болады-ау деген сенімді жоғалтпадық. Наталья Воробьеваның жартылай финалға шығуы қола үшін белдесуіне жол ашып, көңіліміздегі үміт отын тұтатты.
Иә, Эльмираның боз кілем үстіндегі кездесулері, жеңіске деген ерекше құштарлығы, қайсар мінезі бәріміздің көз алдымызда, өте тәнті етті. Жұбаныш белдесуінің бірінші кезеңінде монғол Очирбатын Насанбурманы 3:1 есебімен тізе бүктірді. Одан кейін мысырлық Энас Мұстафаны қалауынша иліктіріп, 3 ұпай есебімен басым түсті. Осылайша қазақ қыздары арасында күрестен Олимпиада жүлдесіне іліккен тұңғыш спортшы атанып, есімі алтын әріптермен жазылды.
– Айтпаңыз, – дейді Әнуарбектің апасы, осында мектеп директоры қызметін атқаратын Айжан Сыздықова. – «Баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысады» демекші, Эльмирамыз күреседі дегенде, інімнің шаңырағына ауыл болып жиналып, сарала таңды сарыла күтіп отырдық. Моңғол қызын жеңгенде, үстімізден ауыр жүк түскендей жеңілденіп сала бердік. Енді Эльмира мен Данеляның Рио-де-Жанейродан оралуын тағатсыздана күтіп отырмыз.
– Эльмира түсінікті. Данеля кім?
– Туған сіңлісі. Қарағандыда бірге тұрады. Әпкемнің тілеушісі боламын деп, еріп кеткен. Бірінші болып «сүйіншілеген» де сол.
Эльмираның алғашқы жаттықтырушысы – әкесі. Күрестің әліппесін үйретіп, қыр-сырына баулыған. Спорт мектебінде Владимир Старосельский баптаса, қазіргі жаттықтырушысы – Владислав Сутормин. Бір басына жетерлік атақ-даңқын Әнуарбек санамалап шықты.
– Былтыр өткен «Mongolian Open-2015» халықаралық турнирі есімде жатталып қалыпты. Улан-Батор төрінде қызымыз қарсылас шыдатпады. Ақтық айқаста АҚШ-тан келген Бейжің Олимпиадасының жүлдегері Рэнди Миллердің мысын басты. Астана қаласында ұйымдастырылған Азия чемпионатында вьетнам, корей, өзбек балуандарын қоғадай жапырды. Финалда үнділік спортшыны 8:1есебімен ойсырата ұтып, Рио жолдамасына ие болды, – дейді қызының Олимп шыңына жетудегі жеңісті жолдары жайлы әкесі.
Қазақ қыздарының Олимпиададағы алғашқы медалі ізбасарларына жұғысты болғай!
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы