• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2016

Зере әже – зердемізде

862 рет
көрсетілді

Таяуда тарихи Семей қаласы мен Жарма ауданының орталығы Қалбатауда екі күнге созылған айтулы елдік шара өтті. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті мен аталған аудан әкімдігі бірігіп, «Ұлы Даланың ұлы аналары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Ғылыми жиынға Астана мен Алматы қаласынан және еліміздің барлық облыстарынан келген белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Конференция мінберіне Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Хангелді Әбжанов, этнограф, профессор, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспембетов, Қазақстанның халық әртісі, «Біржан сал», «Құнанбай» сынды көркем фильмдердің режиссері әрі басты рөлдерді сомдаушы Досқан Жолжақсынов, Мәдениет қайраткері, Зере рөлін сәтті ойнаған Нұрсипат Салықова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әлімғазы Дәулетхан, Шығыс Қазақстан университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков, тағы да басқа тұлғалар көтеріліп, мазмұнды баяндама жасады, шығармашылық тәжірибелерін ортаға салды. Университет ректоры Мейір Ескен­діров пен аудан әкімі Нұрлан Сыды­қов конференция жұмысын жүйелі үй­лес­тірді. Құнды пікірлер жарыссөзге шығушылар тарапынан да айтылды. Осы күні түстен кейін Семей қала­сы­ның жұртшылығы университетте «Құнанбай» көркем фильмінің режиссері Досқан Жолжақсыновпен және Жам­был облыстық драма театрының әртісі Нұр­сипат Салықовамен кездесіп, туындының жасалу ерекшеліктерімен танысты. Тар­тымды сұрақтар қойылып, тұшымды жау­аптар алынды. Кешкісін «Еңлік – Кебек» кинотеатрында «Құнанбай» фильмі көрсетілді. Келесі күні Жарма ауданының орталығы – Қалбатауда Зере әже ескерт­кішін ашу салтанаты өтті. Мүсін үстіндегі ақ жамылғы сыпырылғанда, жұртшылық жақсылыққа құштар немересін алдына алып отырған абыз әже бейнесін көріп, қуанып қалды. Әже – Зере  Бектемірқызы, бала – жасынан ұғымтал балақай Абай сұлбасы екеніне қанықты. Ескерткіш авторлары – әкелі-балалы Ертіс және Еркебұлан Тәти. Екеуі де – ұстаз. Абай ауданының азаматы. Семей өңірі бұларды ізденгіш, шығармашыл педагогтар ретінде жақсы таниды. Әсіресе, әке Тәти темірден түйін түйеді. Зере әже ескерткіші – ұлт анасының, ел әжесінің жиынтық бейнесі. Рәмізді ес­керткіш. Зере – рухани төлқұжатымызға ай­налған Абайдың әжесі ретінде де ұлт даналығының бастауы. «Абай жо­лы» роман-эпопеясы арқылы Зере бей­несін – ұлт берекесі мен дәстүрі кей­пінде сомдап шыққан дара жазушы Мұх­тар Әуезов тағылымы енді қоладан құй­ыл­ған туынды түрінде жалғасын тапты. Жамбыл ТІЛЕП