Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын, бес институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған тапсырмаларды орындау және ақтөбеліктерге «Жұмыспен қамтудың жол картасы- 2020» және «Өрлеу» бағдарламаларының тиімділігін жан-жақты түсіндіру мақсатында тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып келеді. Бұл шараны орталық мамандары «Қамқор» акциясы аясында өткізуді қолға алған. Үстіміздегі жылғы 3 маусымнан басталған акция бұған дейін қаланың «Шығыс» базары мен халыққа қызмет көрсету орталығында өткізілді.
«Қамқор» акциясы аясында орталық мамандары қала тұрғындарына аталған мемлекеттік бағдарламалардың барлық бағыттарын түсіндіріп, ақпараттық жұмыстар жүргізеді. Бұл жолғы жұртшылықпен жүздесу «Алтай» базарында ұйымдастырылды.
Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлшат Қаңтарбаеваның айтуынша, халыққа мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін осындай акция түрінде, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, тренингтер мен дөңгелек үстел отырыстарын ұйымдастыру арқылы түсіндіріп келген. Мақсат жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы мүшелерін «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және «Өрлеу» бағдарламаларына қатыстыру арқылы халықтың әл-ауқатын көтеру әрі қала тұрғындарын мемлекеттен көрсетілетін әлеуметтік көмек түрлерімен ақпараттандыру болып табылады.
Бұл жолы қаладағы 116 мекеме 833 бос жұмыс орнын ұсынды. Жыл басынан бері қалада 5 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Нәтижесінде 189 адам жұмысқа орналасқан. «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» мен «Қамқор» акциясын шатастыруға болмайды. Өйткені жәрмеңкеге жұмыс беруші мекеменің өкілдері қатысса, ал акция аясында орталық мамандары тұрғындарға бос жұмыс орындарын айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, яғни бұған дейін ұйымдастырылған «Қамқор» акциясы бойынша 40 адам жұмысқа орналасқан.
Мамандардың айтуынша, қазір қала мектептеріне бастауыш сынып мұғалімдері мен құрылысшыларға сұраныс жоғары. Сондай-ақ қаланы көркейту, абаттандыру шараларына 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жүрген жастарды уақытша еңбекке тарту мүмкіндігі қарастырылған.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы