Тәуелсіздік – терең ұғым.Тәуелсіздіктің айбыны асқақ, тұғыры алтын. Тәуелсіздік тәңірдің сыйы, халқымыздың баға жетпес байлығы мен бағы. Күнімізді күлдіріп, көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды шарықтатқан тәуелсіздік сан ғасырлар бойы ереуіл атқа ер салып, найза ұшына үкі таққан ата-бабаларымыздың асыл арманы. Аттың жалы, түйенің қомында өсіп, сайын дала, киелі жерін, асқар тауын, аққулар жүзген айдын көлін дұшпаннан қызғыштай қорғап, кейінгі ұрпағына қалдырған бойтұмарлы аманаты.
Биыл ел тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Осы жылдар ішінде ел бірлігінің арқасында алынбас асулар алынды. Өркениетті дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосылдық. Көк туымыздың бейбіт күн аспанында желбіреп, ел тәуелсіздігінің тұғырлана түсуіне елі сүйген, елін сүйген Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы, сарабдал саясатының жемісі екені баршамызға аян.
Тәуелсіздіктің тұнық ауасымен тыныс алған жылдары аудан экономикасы да өсіп-өркендеу жолына қадам басты. Елбасымыздың жыл сайынғы Қазақстан халқына арналған Жолдаулары болашағымыздың бағдаршамына айналды. Атқарылар ауқымды істерге тың серпін берді. Әрбір салаға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында халық мүддесі, игілігі үшін өрелі істер кеңге қанат жайды. Алға қойған міндеттерді жүзеге асыру бағытында үстіміздегі жылдың қаңтар-маусым айларында нәтижелі істердің жүзеге асуына қол жеткізілді.
«Индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен жалпыұлттық телекөпір арқылы үлкен жоба «ЕвроХим-Тыңайтқыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тау-кен өндеу кешені іске қосылды. Аталмыш кәсіпорын 2015 жылы 319,8 мың тонна өнім өндірген болатын, ал биыл 640,0 мың тонна фосфор өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр.
Осы уақытқа дейін «ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС мен «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС 170,3 мың тонна өнім өндірді. Өндірілген өнімдер шетелдерге жіберілді.
Сонымен қатар, «ЕвроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жаңатас қаласындағы фосфаттарды қайта өңдейтін химиялық кешен (2 кезең) құрылысын жүргізуде. Кешен 2019-2020 жылдары іске қосылады. Жобаның құны – 950,0 млн АҚШ долларын құрап отыр.
Келешегі кемел, болашағы жарқын Жаңатас қаласының тарихи тамыры тереңде жатыр. Жаңатас тау қопарып, тас жарған кеншілердің құт мекені. Қаланың іргетасы қаланған күннен бастап бұл құтты мекенге бұрынғы Одақтың түкпір-түкпірінен жастар келіп қоныс тепті. Сөйтіп, жастар қаласы атанды. Қазіргі таңда мұнда тұрып жатқан көптеген ұлт өкілдері сол кезде келген жастардың ұрпақтары. Бүгінде «ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС жұмысы қайта жандана түсуде. Сондықтан бұл еңбек ұжымының күннен-күнге қарқын алған қат-қабат қыруар жұмыстарына жалын атқан жастардың күш-қайраты, жігері керек. Алдағы уақытта қаламыз жас кеншілермен толыға түседі деген ойдамыз.
Өнеркәсіп көлемінің ұлғаюына жұмыс істеп тұрған өндірістерді жетілдіру және қайта жаңғырту мақсатында биыл бірнеше инвестициялық жобалар іске асырылады.
«Тараз көлік жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асфальт-бетон зауыты өңірлік индустрияландыру картасына 2015 жылы енгізілді. Салынатын инвестиция көлемі 250,0 млн теңге. Жылына 600,0 млн теңгенің өнімін өндіру жоспарланып отыр. Онда 50 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірістік базада құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған, бүгінгі күні зауыт 1200 тонна дайын асфальт пен 1000 тонна қиыршық тас өндірді. Аталмыш зауытта электр желілерін жүргізу мақсатында «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасы бойынша 57,0 млн теңгеге құжаттар жасалып, мемлекетттік сараптама алынды. 74 азаматқа «Бизнес кеңесші» оқу курсының сертификаты табыс етілді. «Асыл тұз компаниясы» кәсіпорнының ас тұзын өндіру зауытына 700,0 млн теңге инвестиция жұмсалады. 75 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 50,0 мың тонна ас тұзы шығарылады. Зауыт құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар, осы екі жобамен шектеліп қалмай ауданға инвестициялық жобаларды іздестіріп, оны өндіріске енгізу жалғасуда. Атап айтқанда, Жаңатас қаласында ашуға жоспарланған «SODIUM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2016 жылдың ақпан айынан бастап жұмыс жүргізуге жер учаскесі бөлініп берілді. Зауыттың жобалық құны – 262,0 млн теңге.
Сарысу және Талас аудандарындағы ірі өндіріс орны – «Қазфосфат» ЖШС филиалы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені де қазір даму үстінде. Фосфор өнімі Еуропа және Азия мемлекеттері тарапынан үлкен сұранысқа ие болуда. Өнім Шығыс және Батыс Еуропаға, ТМД елдеріне, Қытайға және ішкі тұтынушыларға шығарылады. Кешенде барлық мамандықтар бойынша 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Орташа айлық жалақылары 92000 теңгені құрайды.
Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлуде. Оның айқын дәлелі – агроқұрылымдардың ісін ілгерілетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар. Бірақ, жасыратыны жоқ, мұндай жеңілдіктер туралы қарапайым еңбеккерлер, тіпті тәжірибесі бар, белгілі кәсіпкерлер де жете біле бермейді. Сол себепті, біз осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын жандандыруға бел буып отырмыз. Былтыр ауданда облыстық деңгейде үлкен инвестициялық форум өтті. Сол жиында аудан әкімдігі мен инвестициялық жобаларды іске асырушы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қандай жеңілдіктер жасалатыны жайлы кеңірек әңгіме қозғалды.
Меморандумға қол қою арқылы шаруалар ауданда 100 басқа арналған мал бордақылау алаңын салу, 150 сиыр сыятын тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізу келісімдеріне қол жеткізді. Форумда кәсіпкерлер көтерген мәселелер бойынша, нақтырақ айтсақ, жаңадан тұз өңдейтін зауыт салу, сонымен бірге, асфальт жасайтын өндіріс орнын пайдалануға беру, құрылыс материалдарын өңдейтін цехтар ашуға нақты қолдау көрсетіле бастады. Сондай-ақ, құс фабрикасы, жүн жуу, қамыстан құрылыс материалдарын дайындау, шұжық цехтарын ашу секілді ірі жобалар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жалпы, кәсіпкерлікті дамытуға арналып ауданда арнайы индустриялық аймақ құрылды. Жүзеге асырылатын жаңа инвестициялық 12 жобаның құны 1,2 миллиард теңгені құрайды.
Ауданда шаруаның өнімді жұмыс істеп, кәсіп жасауына барынша мүмкіндіктер жасалуда. Дегенмен, әлі күнге өз жерін игере алмай немесе бірігіп ірілене алмай отырған қауқарсыз шаруа қожалықтары да жоқ емес. Олар кешегі кеңшар мен өндірістік кооперативтер тараған шақта пайлық үлестеріне жер, техника, жылжымайтын мүлік алып, бірақ оны әрі қарай дамыта алмаған шаруалар қатарына жатады. Бірнеше жыл бойы егін еге алмай, қолдағы бар техникасын сатып жіберген шаруалардың бүгінде жерлерін жалға бергеннен басқа амалдары қалмаған. Ұсақ шаруашылықтардың қолға алған ісі де мардымсыз. Бірігіп іріленбейінше алға жылжу жоқ. Осы мәселелер шаруа қожалық басшыларына кеңінен түсіндіріліп, қозғау салынуда.
Қазіргі таңда пайдаланылмайтын жерлерге талдау жасалып, игерілмей жатқан жерлер конкурс арқылы иелеріне қайтарылуда. Бұл жұмыс өз нәтижесін беруде. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың арқасында соңғы жылдары Жон жотасы қайта түлеп, тұрғындар қызыл қырманның қызығын, ризығын көре бастады. Ауданда егін шаруашылығы бойынша 2015 жыл қорытындысында 1,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілуі – соның айғағы.
Былтыр егістікке 17040 гектар жер пайдаланылды. Бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда бірнеше есе жоғары көрсеткіш. Гектар түсімділігін арттыру үшін агротехникалық шараларға да барынша назар аударылуда. Әсіресе, шаруалар лизингке жаңа техника ала бастағалы жер өңдеудің сапасы арта түсті. Орайы келгенде «Игілік» өндірістік кооперативі лизингке қосымша техника алып, машина-трактор паркін жаңалады. Мемлекет тарапынан «МТЗ»-80 тракторы тегін беріледі.
Кәсіпкерлік саланы дамыту уақыт талабы. Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту бағытында 1954 кәсіпкерлік нысан тіркелген, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 74 бірлікке немесе 3,9 пайызға өскен. Оның ішінде 13-і орта, 1 941 шағын кәсіпкерлік нысандары.
Былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда жеке кәсіпкерлер саны 1256-тен 1326-ға артып, 70 азамат кәсіппен айналысуда. Ал жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер саны 79-дан 99-ға ұлғайып, 20 жауапкершілігі шектеулі серіктестік мемлекеттік кірістер басқармасына тіркеуге енгізілді. Аудандағы шағын және орта бизнес нысандарына 5 751 адам уақытша және тұрақты жұмысқа тартылған.
Саудакент ауылында күнделікті 350-400 дана нан пісіретін наубайхана ашылды. Жыл басынан бері наубайханаларға тұрақтандыру қорынан 3,6 млн теңгеге 60 тонна бірінші сұрыпты ұн таратылып берілді. 2016 жылы ақпан айында аудан кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының қатысуымен барлық ауылдарда жылжымалы жәрмеңке өткізіліп, 3,5 млн теңгенің тауарлары сатылды. «Тараз» сауда-саттық компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қатысуымен тұрақтандыру қорынан осы жылдың ақпан айында Тоғызкент, Байқадам ауылдық округтері мен Жаңатас қаласында 7,0 млн теңге көлемінде төмен бағада азық-түліктері сатылды.
Жалпы, ауданымызда аграрлық-өнеркәсіптік аймаққа айналдыру үшін жасалып жатқан жұмыстар ауқымды.
Бейбітбек ЖАЙЛЫБАЕВ,
Сарысу ауданының әкімі
Жамбыл облысы