Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Семей полигонының жабылуының 25 жылдығына орай және Конституциясы күніне арналған екі бірдей көрменің тұсауы кесілді. Салтанатты шараға қатысушыларды Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсенбай Жұмабеков құттықтады.
«Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына орай жүргізілген ғылыми-іздестіру экпедицияларының нәтижелерін «Ядролық қарусыз әлемнің қазақстандық үлгісі» көрмесінде алғаш рет жария етіп отырмыз. Бірегей 100-ге жуық тарихи материал көпшіліктің назарына ұсынылды. «Өте құпия» белгісімен Лаврентий Берия мен Иосиф Сталиннің атом бомбасын жасау туралы жазған хат-деректері, жарылыстан опат болған адамдардың тізімі сияқты құпия ақпараттарды көрмемізден көруге болады. Себебі, бұл ақпараттар ұзақ уақыт бойы көзден таса сақталғанмен, полигоннан зардап шеккен қаншама халықтың тағдырына тікелей әсер еткен дүниелер», – деді ол. Сонымен қатар, Бейсенбай Жұмабеков Ұлттық Ядролық Орталықтың жетекшісі Юрий Стрильчуктің бір маңызды жобасын зиялы қауымның назарына ұсынды.
«Виртуалды картада заманында Семей полигоны қалай жұмыс істеді, қазақ жерінде қандай алапат жарылыстар орын алды, сынақ алаңы қалай тоқтады, осының бәрі егжей-тегжейлі баяндалған», – деді Елбасы кітапханасының атқарушы директоры.
Өз кезегінде Семей қаласындағы Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Гүлсім Көшпесова сынақтардың кесірінен халықтың денсаулығына және аймақтың экологиясына келтірілген зардаптары жайлы әңгімеледі. Екінші қатарлас ұйымдастырылған көрмеде, еліміздің негізгі заңы қалай қабылданды, сол тарихи кезеңді толық қамтыған «Қазақстан Республикасының Конституциясы-Тәуелсіздігіміздің құқықтық негізі» тақырыбы кеңінен ашылған. Мұндағы экспозицияда Елбасының жеке қорынан және кітапханасынан алынған материалдар мен басылымдар қамтылыпты. Айта кету керек, осы аталған қос көрме Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директоры міндетін атқарушы Махмұт Базарқұлұлы Қасымбековтың бастамасымен тікелей қолға алынған шара болып отыр.
«Көрмеде Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуын баяндайтын аса құнды 68 ғылыми еңбек пен альбомдар жинақталыпты. Оосыншама жұмыстың басын біріктіріп, халыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлік дара жолын түсіндіре білген «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының кітапханасы» ұжымының еңбегін жоғары бағалауға болады», – деді, Индонезия мемлекетінің елшісі Фостер Гултом – Семей сынақ полигонының тарихы мен жарылыс зардаптарын да құнды көрмедегі экспонатары арқылы біздің жүрегімізге жетті. Басқа басқа емес, Абай елінің тағдыры қандай аянышты еді, деп бас шайқауымызға тура келді. Әрине, ел тағдырын ойлап, полигонды жапқан Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі әлемдік деңгейде атап айтуға да, өзгелерге үлгі етуге де тұрарлық. Ең бастысы осыны ұмытпаған жөн.
Көрмеде Әз Тәукенің Жеті жарғысы, қазақтың үш биі Төле, Қазыбек және Әйтеке билердің халық үшін жасаған билік шешімдері қамтылған басылымдар да көрнекті жерден орын алыпты. Семей полигонын жапқан Елбасының тарихи Жарлығы да құнды заң құжаттарының бірі болып саналады. 10 томдық «Қазақтың Ата Заңдары», «Жеті жарғы», «Жеті Жарғы», «Ұлы Дала өсиеті», «Нұрсұлтан Назарбаев: ел жігерін жандырған 70 сөз» сияқт құнды кітаптармен қатар, Мемлекет басшысының сөйлеген сөздері, хат алмасулары, жұмыста қолданған қағаз-құжаттары да толығымен қамтылған. Және семейлік мүсінші Құрман Аймұханбетовтың мүсіндері де көрмеден елеулі орын алған.
«Қазақстанда полигонды жабу туралы қозғалыстар, толқулар басталған кезде Мәскеуді елшілікте жұмыс істедім»,-деді ғылым докторы, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэролин Браун ханым. Сондай-ақ ол: «Ол кезде тәуелсіздігін енді ғана алған мемлекет, әлемдегі алпауыт полигонды жабады-ау деп ойламаған екенмін. Тіпті, бүгін қарасам, мына көрмеде біз бұрын-соңды қолымызбен ұстап көрмеген қаншама құнды құжаттар тұр. Осының өзі Қазақстан мемлекеті ашық демократия аясында дамып келе жатқандығын айқындайды», – деді.
Осылай деген Кэролин Браунның сөзіне Германияның Қазақстандағы елшілігінің өкілі Джонни Крамер де қосылып, бүгінгі ұйымдастырылып отырған қос көрмедегі шындық пен ақиқат орын алған іс қағаздарын, құжаттарды жоғары бағалайтындықтарын айтып, атқарушы директордың орынбасары Жапсарбай Қуанышевқа ризашылық сезімдерін білдірді. Алдағы уақытта да осындай биік белестер мен жоғары талғам деңгейінен көріне берулеріне тілектес екендіктерін жеткізді. Көрменің ашылу салтанаты жиынына Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай, Конституциялық кеңестің мүшесі Унзила Шапақ, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев және тағы басқа қоғам, мемлекет қайраткерлері қатысты.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА