• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Тамыз, 2016

Қазақстан – жаһандық қауіпсіздік көшбасшысы

829 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы­на 25 жыл толуына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция болып өтті. Оның жұмысына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі Құрметті конференцияға қатысушылар! Ханымдар мен мырзалар! Қонақжай және бейбітсүйгіш Қазақстан жеріне қош келдіңіздер! 29 тамыз – барша адамзат тари­хындағы айтулы күн. 25 жыл бұрын, дәл осы күні менің Жарлығыммен жер бетін­дегі ең үлкен ядролық сынақ алаң­дары­ның бірі – Семей полигоны жабылды. 40 жыл бойы 500-ге жуық ядро­лық жарылыс жасалған полигон­ның үні біржола өшті. Осылайша, халқымыз тәуел­сіз­дік таңы атар сәтте бейбітшілік жолын таңдайтынын барша әлемге паш етті. Бұл Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік көшін бастаған теңдес­сіз қадамдарының бастауы болды. Биыл біздің еліміз Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдық мерейлі белесін атап өтуде. Қазақстан ширек ғасырдан бері тұтас жер беті бейбітшілікке бө­ле­нуі үшін бар күш-жігерін салып келеді. Біз қуаты жөнінен әлемде төр­тінші орынға ие ядролық қарудан өз еркімізбен бас тарттық. Әлемдік қауіпсіздікті нығайту жолында көптеген тың бастамалар көтердік. Қазақстанның бұл бағыттағы сан жылдық ерік-жігері мен ұсын­ған «Әлем. XXI ғасыр» мани­фесінде көрініс тапты. Біздің бейбіт бастамалар­ы­мыз­дың бәрі де әлем қауым­дас­ты­ғының жаппай қолдауына ие болуда. Соның нәтижесінде, Қазақстан жаһандық ядролық қарусыз әлем қозғалысының көшбасшысына айналды. Біздің ұсынысымызбен бүгінде жер жүзі 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халық­аралық күні ретінде атап өтеді. Бұл Қазақстанның бейбіт бас­тамалары жер бетіндегі барша елдердің мүдделеріне сай келетінін көрсетеді. Бүгінгі форум да бәрімізді ортақ мақсатқа жұмылдырып, жаһандық қауіпсіздікті нығайта түсуге сүбелі үлес қосатынына сенімдімін. 1991 жылы 29 тамызда біздің еліміз үшін де, бүкіл әлем үшін де тарихи маңызға ие оқиға болды. Біздің жеріміз бен хал­қы­мызды 40 жылға жуық қасірет шектірген милитаризмнің ең зұлмат сынағы ширек ғасыр бұ­рын заңдық тұрғыдан тоқ­татылды. Осы оқиғаның қарсаңындағы бірнеше онжылдық бойында әлем атом қаруын қысқарту, оны сы­науға мораторий жариялау үдеріс­тері арқылы ядролық қауіп дең­гейін азайтуға тырысты. Біз әлемдегі ең үлкен сынақ по­ли­гонын жабу туралы Жарлық қа­былдау арқылы Қазақстанда «Гор­диев түйінін» бірінші болып үздік. Біздің шешімімізден кейін ядролық державалардың полигондары үнсіз қалды, бірақ олардың ешқайсысы әлі жабылған жоқ. Қазақстан – осындай қадамға барған бірінші ел. Халқымыздың қалауы осындай болды. Бұл оқиғаның бүкіл планета үшін ұлық мәні де осында жатыр. Сондықтан біз осы конфе­рен­цияға жоғары мәртебелі шетел­дік қонақтардың қатысуын Қа­- зақстанның жаһандық анти­яд­ро­лық қозғалыстағы қыз­ме­тін (үлесін) халықаралық мой­ын­­дау акті ретінде қарас­тыра­мыз. Мен біздің конференция ядро­лық сынақтарға тыйым салу, атом қаруын таратпау, адамдарды ядролық ессіздік қаупінен арылту үрдісін жандандыру ісіне маңызды үлес қосатынына сенімдімін. Құрметті ханымдар мен мырзалар! Атом энергетикасының ашылуы ХХ ғасырдағы ғылымның ең айтулы жетістіктерінің бірі еді. Бірақ оны әскери мақсатта пайдалану адамзат тарихындағы ең қауіпті және ең үлкен адасу­шылық болды. Атом қаруын қолданатын соғыста жеңу әншейін елес екенін ұлы ғалымдар, әскери стратегтер мен саясаткерлер ядролық дәуірдің қарсаңында-ақ дәлелдеді. Бұл со­ғыста бәрі жеңіледі. Жалпыға ортақ жеңілістің құны –  әлемді құрту болмақ. Ядролық апокалипсистің ұдайы төніп тұратын қылы­шының ас­тындағы өмірге бой үйрету әсері әлден-ақ ұрпақтан ұрпаққа гене­тикалық тұрғыдан беріле бастады. Адамзат осы бір қатерлі құр­сауды үзе ала ма? Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 25 жылдық ме­рейтойы – «Тажал қаруын» қыс­қарту және толық тыйым салу жө­ніндегі күрестің жаңа кезе­ңін бастау үшін жақсы себеп. Планетаның өзін өзі ядро­лық жою қатерін толық еңсе­руге ұмтылып отырған Қазақ­стан­ның бірегей тәжірибесі әлем­дік тарихтағы бірден-бір әрі қайта­ланбаған қадам болып қалып отыр. Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім біз әлі бұ­рынғы КСРО-ның бір бөлше­гі болып отырған кезде қабылданды. Одақтық әскери-коман­да­лық машинаның қуатты қар­сылығын еңсеруге тура келді. Сол кезде, КСРО күйрегеннен кейін, біз қуаты жөнінен әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналға иелік етіп қалдық. Біздің территориямызда 104 құрлықаралық баллистикалық СС-18 («Сатана») зымырандары орналасты. Оларға 1400 ядролық оқ­тұм­сық орнатылған болатын. Біздің аэродромдарымызда 370 қанатты ядролық зымырандары бар 40 стратегиялық бомбалаушы ТУ-95 МС ұшақтары болды. Бұл Францияның, Ұлы­бри­танияның және Қытайдың ядро­лық күштерін қоса алғандағы әлеуеттен артық болатын. Семей полигонында ядролық қаруды өндіруге және жетілдіруге дайын тұрған қуатты ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы қалды. Бұған қоса, Қазақстан табиғи уранның әлемдік қорының төрт­тен бірін иелене отырып, оны байытудың толық циклына, яд­ролық отын, реакторлар мен қон­дырғылар өндірісіне иелік етті. Елдің аумағында ядролық отын­мен жұмыс істейтін 5 қондыр­ғы болды, соның ішінде Ақтау қа­ласындағы атом реакторы да бар. Осындай қуатты әлеуеттен бас тарту үшін күшті саяси ерік-жігер керек еді. Ашығын айтайын, біздің қо­ғамның бір бөлігі ядролық мәр­тебені сақтауды жақтады. Осы бір жалған арбауға илік­пеу үшін зор күш-жігер қажет болды. Ядролық қарудан және ядро­лық держава мәртебесінен бас тар­ту біздің саналы, шынайы таң­дауы­мыз, Қазақстанның бүкіл хал­қы қолдаған ерікті акт болды. Осы тарихи шешімнің гума­ни­тарлық өлшемі де айтарлықтай маңызды еді. Қазақстан аумағында іс жүзінде 40 жыл бойы жүргізілген үздіксіз ядролық қару сынағы жерімізге және ұлтымыздың денсаулығына алапат зиянын тигізді. Барлығы 456 ядролық және термоядролық заряд сыналды, соның ішінде 116-сы ауада жасалды. Ауданы 300 мың шаршы ша­қырым полигонның айналасында шамамен бір жарым миллион адам тұратын! Ал кеңестік әскери бас­шы­лықтың Қазақстанның аумағында полигон орналастыруға қатысты құжаттық негіздемесінде осы жер­лердің «елсіздігі» туралы жалған сөздер бар. Полигон ғана емес, оған жапсарлас аумақтар да интенсивті ра­диоактивті ластануға ұшырады. Бұл сол төңіректе тұратын адам­дардың, сондай-ақ барша тірі таби­ғаттың сәулелік патологияға ұшырауына әкелді. Мамандардың бағалауынша, сәулелік зақымдануға ұшыраған азаматтардың жалпы саны 500 мың адамға дейін жетеді. Әлі бірнеше қазақстандық ұр­пақ өз денсаулығынан сол қа­терлі сынақтардың салдарын сезінетін болады. Әлемдегі басқа бірде-бір ел Қа­зақстан мен қазақстандықтар сияқты ядролық сынақтан зардап шекпеген шығар, сірә. Біздің ядролық қарудан азат әлемге бүгінгі ұмтылысымыз –жал­пы­ұлттық Мәңгілік Ел идея­сының маңызды құрамдасы. Құрметті конференцияға қатысушылар! Қазақстан үлгісінде ширек ғасыр ішінде біз ядролық қарудан азат әлем құрудың тиімді моделін қалыптастырдық. Осы модельді біз әлемнің бар­­лық елдеріне пайдалануды ұсы­намыз. Ол мынадай арқаулық негіз­дерді құрайды. Бірінші – бұл Семей ядролық сынақ полигонын жабу, ядролық қаруға иелік етуден бас тарту мен оны өз аумағында орналастыруға кез келген уақытта тыйым салу туралы кең ауқымды жалпыұлттық консенсус негізінде еркін қабыл­данған шешім. Екінші. Біз Тәуелсіздігімізге ядролық полигонсыз иелік еттік! Біз Тәуелсіз елімізді құрдық және бекіттік, оның жоғары ха­лық­аралық беделіне ядролық қарусыз-ақ қол жеткіздік! 2006 жылы Орталық Азияда яд­ролық қарудан азат аймақ құ­ру туралы Семей шартына қол қо­йылды. Оған барлық қатысушылар – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан – 2015 жылы арнайы хаттамамен ре­сім­делген ядролық клубтың бес дер­жавасынан қауіпсіздік кепіл­дігін алды. Осылайша, 1994 жылы ядролық державалардың Будапешт меморандумына қол қоюын есепке ала келгенде, еліміз қауіпсіздіктің қосарланған кепілдемесіне ие болып отыр. Үшінші. Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық іргелі халықаралық шарттардың қатысушысы болып табылады. Төртінші. Халықаралық келі­сімдер негізінде, транспарентті ре­жімде, біз ядролық қаруы жоқ ел мәртебесін алу бойынша прак­тикалық іс-қимылдың толық цик­лын жүзеге асырдық. Бесінші. Денуклеаризацияның қазақстандық моделі еліміздің Ресеймен, АҚШ-пен және басқа да бірқатар елдермен, сондай-ақ, халықаралық ұйымдармен кең көлемді халықаралық ынты­мақ­тастығына арқа сүйейді. АҚШ сенаторлары Семьюэль Нанн мен Ричард Лугардың бас­тамасы бойынша қабылданып, жүзеге асырылған «Қауіп-қатерді бірлесіп азайту» бағдарламасы орасан зор рөл атқарды. Оның шеңберінде Қазақстанда әскери атомның барлық нысандарын жою бойынша жүргізі­летін жұмыстар толықтай қаржы­лан­дырылды. 2012 жылы АҚШ, Ресей және Қазақстан Президенттерінің бұрын­ғы Семей полигонында үш­жақ­ты ынтымақтастықты жалғас­тыру туралы Бірлескен мәлімде­месі қабылданды. Біз халықты және Семей өңі­рінің зардап шеккен жерлерін оңалту бойынша бірқатар қарар қабылдаған БҰҰ көмегін әрқашан сезініп келдік. Қазақстандықтар бірқатар донор-елдер – Жапония мен Еуропалық одақ мемлекеттерінің бұрынғы полигон аумағында экологиялық тепе-теңдікті сақтау және қалпына келтіру, радиация­дан зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсету бойынша үлесін ерекше бағалайды. Біз әлемдік қоғамдастықтың радиациялық ластану салдарын жою бойынша жұмыстарға көмегі күшейе түседі деп үміттенеміз. Алтыншы. Еліміз, ядролық мәртебесінен бас тарта отырып, ядролық энергетика мен ядролық отын өндірісін қоса алғанда, бейбіт атомды дамыту мүмкіндігін сақтап қалды. Ұлттық ядролық орталық пен «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы құрылып, жұмыс істеуде. Біз Төмен байытылған ядролық отын халықаралық банкінің депозитарийі атандық. Бұл факт Қазақстан қауіп­сіз­дігінің жоғары деңгейі мен біздің жоғары халықаралық беделімізді айғақтайды. Жетінші. Бүгінгі әлемде Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыста көшбасшылық шебін сақтап келеді. Біздің бастамамыз бойынша мәні барлық адамдарды ядролық қаруға жаппай тыйым салу жолын­дағы күреске жұмылдыру болып табылатын АТОМ жобасы жүзеге асырылуда. Әлемдік қоғамдастық бола­шақта Қазақстанның ядролық қару­дан азат әлем құру жолына қадам басудағы тәжірибесінің осы жеті іргелі негізін лайықты баға­лайтынына және пайдаланатынына сенімдімін. Ханымдар мен мырзалар! ХХІ ғасырда әлемді жаһандық ядролық соғыс қатерінен арылту­дың парасатты баламасы жоқ. Жер өркениетінің дамуы, ғы­лыми-техникалық прогрестің жаңа кезеңіне тым тақап келген Төртінші индустриялық революция, ядролық қаруды таратпау және жою міндетін адамзаттың аман қалуы мәселесіне айналдырып отыр. Қазіргі кезде әлемдік ядролық жанжал алдындағы жалпыға ортақ қауіп сезімі ішінара ұйқыға кеткендей. Кейбіреулер алдыңғы онжыл­дықтарда қалыптасқан халық­аралық уағдаластықтар жүйесіне үміт артады. Бірақ шындық мынадай, қабыл­данған шарттар ядролық клуб державаларының ХХ ғасырдың ең соңында кеңеюіне кедергі келтіре алмады. Халықаралық құқықта, өкініш­ке қарай, атомды әскери қолдануға тыйым салатын режімді айналып өтуге мүмкіндік беретін көптеген екіұштылықтар бар. Планетаны ядролық суицид қатерінен азат етудің жолы жеңіл болмайтыны айтпаса да түсінікті. Ол түбегейлі ментальді өзге­рістерді, жаңа көпжақты саяси шешімдерді, халықаралық қаты­настарда сенімнің жоғары дең­гейін талап етеді. Мұқият дайындалып жасалған бағдарлама мен бүкіл әлемдік қоғамдастық іс-қимылының үйле­сімді алгоритмдері қажет екенін атап көрсетті. Біріншіден, ХХІ ғасырда адамзат дамудың жаһандық қауіп­сіздіктің ажал құштырар сын-қатерлері тіпті де планетада жинақ­талған ядролық қарудың саны емес, оның бар болу фактісінің өзі болып табылатын нүктесіне жетіп отыр. Оның халықаралық террорис­тер қолына түсу ықтималдығы әлденеше есе қауіптірек. Және бұл әлемнің барлық елдерінің таратпау үдерісіне жаппай қатысуы үшін айтарлықтай аргумент болып табылады. Екіншіден, ядролық таратпау және қарусыздану үдерістеріндегі табыс немесе сәтсіздік әлемдік қоғамдастықтың мелитаристік анохранизмді еңсере білу қабі­летіне тікелей тәуелді. Болуының өзі арандатушылық пен мағынасыздық туындататын әскери блоктарды өткеннің еншісінде қалдырған жөн. Өзімнің жалпыәлемдік со­ғыс­қа қарсы шаралар туралы көз­қарасымды мен әлемді бірте-бірте демилитариязациялау үшін негіз бола алатын «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесімде мазмұндап бердім. Мен планетаны ядролық өзін өзі жою қатерін шешімді түрде төмендету мүмкіндігін осыдан көремін. Үшіншіден, әскери қуаттардың осындай түрлеріне де-факто ие барлық мемлекеттердің қатысуымен ядролық арсеналды қысқарту үдерісін көпжақты қылу қажет. Оған қазіргі таңда «табал­ды­рықтағы» топқа жататын мем­лекеттердің ядролық мәртебелерін толық заңдастыру алғышарт қалауы тиіс. Барлық ядролық державалар Ядролық қару-жарақты қысқарту туралы шарт қалыптастыру бо­йынша келіссөздерге кірісуі керек. Төртіншіден, ХХІ ғасырда яд­ро­лық қауіпсіздіктің халық­аралық құқықтық базасы өз негізін нығайтты. Қазақстанның бастамасы­мен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2015 жылдың 7 желтоқсанында, адам­зат тарихында алғаш рет, Ядро­лық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Қазірде ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі барлық халықаралық құқықтарды коди­фи­кациялаудың маңызы зор. Ядролық державалардың атом қаруына ие болудан өз еркімен бас тартқан, сондай-ақ, ядросыз мәр­тебесіне ие мемлекеттерге кепіл­діктерінің заңдық тұрғыда мін­деттейтін жүйесін дамыту қажет. Ядролық қаруға ие болуға және таратуға қарсы қатаң шаралар қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін қалыптастыру керек. Мұндай көпжақты келісімдерді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларымен бекіткен орынды. Қазақстан БҰҰ-ның ядролық қаруға толық және жаппай ты­йым салуына қол жеткізу үшін іс-қимылдар жасауда. Бесіншіден, бізге ірі державалармен және күштердің жаңа орталықтарымен арадағы қарым-қатынастарды реттейтін жаңа механизм қажет. Оның сыртында дау-жан­жал­дардың алдын алу үшін жаңа халықаралық ұйымдар құру немесе қазіргі бар институттарды ре­формалау қажет деп есептеймін. Ірі державалар арасына қатыс­ты дағдарыстарды басқару жүйесін құру керек. Сондай-ақ, қару-жарақтың қарапайым түрлері мен жаңа әс­ке­ри технологияларды таратуға ба­қы­лауды күшейтудің де маңызы зор. Мен бүкіл үкіметтерді ядролық қауіпсіздік негізін құрайтын халықаралық шарттар мен инсти­туттарды одан әрі нығайту бойынша жаңа міндеттемелер қабылдауға шақырамын. Мен, сондай-ақ, бүгінде өз елдері мен халықтарының өкі­лі болып табылатын барлық пар­ламентшілерді де осы іске бел­сенді атсалысуға шақырамын. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа мүшесі ретіндегі қызметі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі осы және өзге де шараларға арналатын болады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүше, ядролық қарудың ең үлкен арсеналына ие мемлекеттерге бүкіл әлем алдында айрықша жауапкершілік жүктеледі. Біз дәл сол мемлекеттер осы жұ­мысқа басшылық жасап, үлгі көрсетуі тиіс деп санаймыз. Алтыншыдан, ядролық қауіп­сіз­дікті күшейтуге, ядролық қару­ларды сынауға және жетілдіруге қарсы кең ауқымды қоғамдық қозғалыс ядролық қатерден арылу ісіне жаңа серпін беруі тиіс. Қымбатты достар! ХХІ ғасырда адамзаттың яд­ролық қарудан азат әлемге қа­рай лайықты жол табуға күш-қуатының жететініне сенімім мол. Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдық мерейтойын салтанатты жағдайда атап өте отырып, біз әлемді ядролық өзін өзі жойып жіберу қатерінің ешқайда жоғалып кетпегенін тағы да сезінуге шақырамыз. Әлемдік қоғамдастықтың байыпты ұжымдық іс-қимылдар энергиясына ұлғайтылған ерік-жігері мен ой-санасының біздің планетамыздың ядролық апат шыңырауына қарай қадам басуына жол бермейтініне сенемін. Бүгінде оны ең бір күйреткіш қарудан азат ете отырып, әлемді неғұрлым қауіпсіз етуге әлі де мүмкіндік бар. Бүгін осы мінберден айтылатын үндеулер мен ұсыныстардың саясаткерлер мен ғалымдардың, бүкіл ізгі ниетті адамдардың құ­лақ­тарына жетеріне сенімім мол. * * * Ең алдымен, Қазақстан мен оның халқының атына айтылған жылы сөздері үшін бүкіл конфе­ренцияға қатысушыларға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Ядросыз әлемге қол жеткізуге бағытталған сындарлы идеялар мен ұсыныстар үшін алғыс айтамын. Олар конференцияның қоры­тынды құжаттарын дайындауда ескеріледі және халықаралық ұйымдарға жіберілетін болады. Біздің конференцияның дәл бүгін – 29 тамызда өтуінің де символдық мәні бар. Бес жыл бұрын, 2011 жылы Халықаралық ядросыз әлем үшін форумында Ядросыз әлем үшін Астана декларациясы қабылданды. Бүгінде ең бір белгілі қайрат­керлер шоғырының қатысуы біздің форум проблемасының мейлінше көкейкесті және маңызды екенін көрсетеді. Адамзаттың озық бөлігінің яд­ролық қаруға тыйым салуға және жоюға деген ұжымдық ерік-жігерінің көрінісі де осы болып табылады. Қазірде бірыңғай үндеулермен ғана шектелмей, планетамызды ядросыз болашаққа қарай нақты істермен алға бастырудың маңызы айрықша зор. Ол жер тұрғындарының болашақ ұрпағының бақыты мен өркендеуі үшін, бүкіл елдер мен халықтардың мүддесі үшін қажет. Ядролық қару туралы ортақ конвенцияның талдануы және қабылдануы бұл бағыттағы нақты қадамдардың бірі болып табылады. Сіздер қолдау көрсетеді деп үміттенемін. Ол ядролық қаруды орнатуға тыйым салып, оның ішінде оған ие елдер үшін де, оны жоюдың нақты мерзімдерін белгілеуі тиіс. Сонымен бірге, біз ядролық қаруға заңнан тысқарылық мәрте­бесін беретін өзге де заңдық тұрғыда міндеттейтін құжаттар­дың қабылдануын жоққа шығар­маймыз. Жаһандық ядролық қарусыз­дануға қосқан біздің еліміздің үлесіне және менің жеке өзімнің қарапайым үлесіме берілген жоғары бағалар үшін тағы да терең ризашылық сезімін білдіргім келеді. Сондай-ақ, Қазақстан Прези­дентінің Жаһандық бейбітшілік және қауіпсіздік сыйлығын тағайындау туралы бастама үшін алғы­сымды білдіремін. Бүтіндей алған­да, мен бұл бастаманы қолдай­мын. Сірә, оны Ядролық қарусыз­дану сыйлығы деп атау неғұр­лым дұрыс болатын  сияқты, оның атауын әлі де ойлану қажет. Біз ойласамыз және осындай сый­лық тағайындау жөнінде шешім қабылдайтын боламыз. Қарашада Қазақстанның аста­насында менің бастамаммен Астана бейбітшілік саммиті шақы­рылатынын хабарлағым келеді. Оған мемлекеттердің, үкі­мет­тердің басшылары, белгілі саясат және қоғам қайраткерлері, көптеген елдердің ғалымдары мен бизнесмендері қатысатын болады. Жаңағыдай сыйлықты тағайындау және оны алғашқы лауреатқа тапсыру туралы дәл осы саммитте әңгіме қозғауға болар еді. Конференцияға қатысу­шы­лардың бәріне тағы да алғыс айта­мын. Сіздерге өз қызметтеріңізде зор табыстар тілеймін. Назар қойып тыңдағандарыңыз үшін рахмет!