• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Тамыз, 2016

Антиядролық акция

462 рет
көрсетілді

Семей сынақ алаңының жабылғанына  25 жыл толуы аясында өтті Қазақстан – әлемдік қоғам­дастыққа «бейбітшілік бітімгері» ретіндегі батыл дипломатиялық қадамдарымен танылған мемлекет. Әсіресе, Семей қаласы тәуелсіздік жылдары адамзатты ядролық қа­ру­сыздануға үндеген, бейбіт атом­ды қолдайтын ірі орталыққа айна­лып үлгерді. Мұнда жыл сайын 29 тамыз – Халықаралық ядро­лық қаруға қарсы іс-қимыл күнін­де «Бейбітшілік» акциясы өтеді. Биыл аталған акция Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуына арналды. Жалпы, 29 тамыз – қазақстандықтар үшін айтулы күн. Осыдан 25 жыл бұрын, дәл осы күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей сынақ алаңын жабу туралы тағдыршешті шешім қабылдады. Иә, содан бері, ажал аранын аш­қан ядролық жарылыстардың тоқ­та­ғанына ширек ғасыр толыпты. Түйемойнақ аралындағы «Өлімнен де күшті» монументінің жанына жиналған жұртшылықтың қатары биыл да қалың екен. Атал­ған шараға Шығыс өңірі мен алыс-жақын шет елдерден, атап айтқанда, Жапония мен Пәкіс­таннан, Ресейден келген қонақтар бар, барлығы 25 мыңнан астам адам қатысты. Мәртебелі меймандар азалы монументке гүл шоқтарын қойып, полигон құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды. «Бейбітшілік» акциясына Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун арнайы жолдауын жолдаған екен. «Бүгінде әлем халқы Қазақстандағы Семей полигонының жабылған сәтінен бері ширек ғасыр болғанын атап өтуде. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында бұл күн Біріккен Ұлттар Ұйымын, мүше мемлекеттерді, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдарды, жастар желілері мен БАҚ-ты мейлінше қауіпсіз әлем құрудың құнды қадамы ретінде ядролық сынақтарға тыйым салу қажеттілігі жөніндегі ағарту мен ақпараттандыруды белсенді жүргізуге үндейді! Мен ядролық қарудан азат, бейбітшілікке ұмтылған қазақстандықтардың батылдығын бөліп қараймын. Барлық елдер мен халықтарды Бас Ассамблеяның 20 жыл бұрын қабылдаған ядролық сынақтарға тыйым салуды тегіс қамту туралы келісімінің күшіне енуіне тез арада қол жеткізуге шақырамын!» делінген БҰҰ Бас хатшысының жолдауында. Өңір басшысы Даниал Ахметов өзінің баяндамасында мемлекеттің жаһандық антиядролық бастамасы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға күш жұмсауынан айқын көрінетінін атап айтты. – Жас Қазақстан мемлекеті осыдан 25 жыл бұрын – бүкіл әлем елдерін бейбіт өмір сүруге шақырудың теңдессіз үлгісін көрсетті. Әлемдегі 4-інші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сынақ полигонын жабу туралы Жарлығы, ядролық державалар басшыларына тағылым болды. Бүгінгі Қазақстан – ядролық қарусыз әлем жолындағы қадамдардың бүкіл әлем мойындаған көшбасшысы. Береке мен бірлікті, тыныштық пен татулықты мұрат еткен халқымыз мақсатына жетті, бір кездегі үрей даласы бейбітшіліктің алтын бесігіне айналды. Бұл біз үшін – зор мақтаныш. Бүгінгі акция дүние жүзі елдерін, ортақ мақсатты іске асыруға шақыру­дың тағы бір анық көрінісі. Халық­аралық қауымдастық әлемдік көшбасшы ретінде танылған Нұр­сұлтан Әбішұлының іс-қимы­лын жоғары бағалайды. Шығыс­қазақ­стандықтар – жойқын қарудың қуатын бастан өткергендіктен де ядро­лық қарусыздану сала­сын­­дағы бастаманың ең белсенді жақтаушы­лары. Біздің ұлы замандасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың бейбіт­шілік бастамалары мен «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде көрініс тапқан әлемдік даму ұста­нымдары барлық елдерде кеңінен қолдау табуда, – деді облыс әкімі. Бейбітшілік акциясына Жапониядан келген қонақ, Токио университетінің профессоры Тэруэ Окадо ядролық қарудың зардабын жаппай тартқандықтан қиратқыш қарудан бас тарту барлық елдер үшін өте маңызды екенін жете түсінетінін жеткізді. – Семей мысалынан біртұтас елдің тұрғындары зардап шеккен ел қауіпсіздігінің көлеңкелі жағын көруге болады. Сіздердің елдеріңіз өте жоғары ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартты! Келесі жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болады. Және біздің елдеріміз ядролық қарусыздану саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деген үміттеміз, – деді Тэруэ Окадо. Акция қатысушылары келешек ұрпақ өкілдерінің Қазақстан мен Жапония тұрғындары қатты зардап шеккен қателікті қайта­ламайтынына сенім білдірді. Осы орайда акцияға қатысушылар өзге елдерді Елбасының барлық әлемді бейбітшілікке шақырған бастамасына қолдау көрсетуге шақырды. – Бүгінгі акцияға жастар көп жиналды. Бейбітшілік акциясы – біз, жастар үшін өте маңызды. Өйткені, Қазақстан ядролық қа­ру­дан бас татқан тұңғыш мемлекет ретінде әлемге үлгі болып отыр. Барша әлем халқының елімізден үлгі алып, ізгі бастамаларға қол­дау көрсетуі өте маңызды. Бүгін­гі шараның негізгі тіні осында. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев «АТОМ» жобасына қол қойған болатын. Біз, семейлік жастар, осы жоба аясында жұмыс атқарудамыз. Бүгінде Семей қаласында 40 мыңға жуық жас петицияға қол қойды. Туған топырағымызда 40 жыл атом қасіреті ойран салғандықтан, семейлік жастар бұл бастаманың парқын жақсы біледі, сондықтан олар әрдайым бейбітшілікті қол­дауға әзір, – дейді Семей қала­лық «Сана» жастар қоғамдық ұйы­мының жетекшісі Айдос Төлеухан. Қазіргі кезде ядролық сынақ­тардан зардап шеккен өңірде атом қуаты бейбіт мақсатта қолда­нылуда. Курчатов қаласында Ұлт­тық ядролық орталық пен ядролық технологиялар паркі базасы аясында инновациялық жобалар жүзеге асырыла бастады. Сондай-ақ, атом саласын дамыту, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған орта мен халық денсаулығын қорғау міндеттемелері шешімін тауып, радиация салдарынан пайда болатын онкологиялық ауруларды анықтау, емдеу және оңалту бойынша радиологиялық медицина кластерін құру жұмыстары атқарылуда. Акциядан кейін шетелдік ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен ядролық қарусыздану мен атом зардабынан арылудың өзекті мәселелерін талқылаған түрлі жиындар өтті. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» СЕМЕЙ