• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Қыркүйек, 2016

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің бұйрығы  №324

274 рет
көрсетілді

2015 жылғы 26 наурыз, Астана қаласы Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы өрт қауіпсіздігі қағидаларын бекіту туралы «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-48) тармақшасына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы өрт қауіпсіздігі қағидалары бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Б.К. Сейдахметов): 1) осы бұйрықтың заңнамада бекітілген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін; 2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді; 3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын; 4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Респубикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын. 4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушы Ж.ҚАСЫМБЕК «КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қ.Н.Қасымов ________________ 2015 жылғы «___» ____________ Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы №324 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы өрт қауіпсіздігі қағидалары 1. Жалпы ережелер 1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы өрт қауіпсіздігі қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 14-бабының 1-тармағының 41-48) тармақшасына және «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуір­дегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзір­ленген және Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы өрт қауіпсіздігінің тәртібін белгілейді. 2. Қазақстан Республикасының азаматтық авиация­­сындағы өрт қауіпсіздігінің тәртібі мыналарды қамтиды: 1) қоймаларды, аэровокзалдарды (жолаушылар, жүк терминалдарын) ұстау; 2) өртке қарсы сумен жабдықтауды қамтамасыз ету; 3) әуе кемелері тұратын орындарды, технологиялық жаб­дықтарды және механикаландыру құралдарын ұстау; 4) радиотехникалық жабдықты және байланысты пайдалану базаларының объектілерін ұстау; 5) арнайы көлікті сақтау, жөндеу және пайдалану орындарын ұстау; 6) авиаотынмен қамтамасыз ету объектілерін ұстау және өртке қарсы қамтамасыз ету; 7) бастапқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз ету. 3. Азаматтық авиация ұйымының басшысы азаматтық авиация ұйымында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұлғаларды тағайындайды. 4. Әуе кемелерінде және әуеайлақ объектілерінде өрт­тен құтқару жұмыстарын орындау үшін азамат­тық авиация ұйымының басшысы ұшуды іздестіру авариялық-құтқарумен қамтамасыз ету қызметі­нің (бұдан әрі – ҰІАҚҚҚ) авариялық-құтқару командала­ры­ның құрамына кіретін өрттен құтқару жасақтарын құрады. ҰІАҚҚҚ басшысы әуежай объектілерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін адам болып табылады. 5. Авиаотынмен қамтамасыз ету объектілері ҰІАҚҚҚ кезекші үй-жайы және мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының жергілікті бөлімшесінің тікелей телефон байланысымен жабдықталады. 6. Инженерлік-техникалық қызметкерлерді және қызметшілерді азаматтық авиация ұйымдарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды өткізуге қатысуға тарту үшін өртке қарсы техникалық комиссиясы құрылады. Өртке қарсы техникалық комиссиялар туралы ережені осы Қағидалардың қосымшасында келтірілген Азаматтық авиация ұйымдарындағы өртке қарсы техникалық комиссиялар туралы үлгілік ережеге сәйкес азаматтық авиация ұйымдары бекітеді. 7. Азаматтық авиация ұйымдарының құрылымдық бөлімшелерінде (авиациялық-техникалық база, жанар-жағармай материалдарының және радиотехникалық жабдықты және байланысты пайдалану қызметі) цехтік (объектілік) өртке қарсы техникалық комиссиялар құрылуы мүмкін. 8. Осы Қағидалар негізінде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аза­маттық авиация объектілерінде өртке қарсы қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулық-әдістемелік оқулықты әзірлейді, олар мыналарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді: 1) қоймаларда және аэровокзалдарда (жолаушылар, жүк терминалдарында); 2) әуе кемелері тұратын орындарда; 3) радиотехникалық жабдық және байланыс объектілерінде; 4) арнайы көлікті, технологиялық жабдықты және механикаландыру құралдарын сақтау, жөндеу және пайдалану орындарында; 5) авиаотынмен қамтамасыз ету объектілерінде; 6) азаматтық авиация ұйымдарының объектілерін өртке қарсы сумен жабдықтау бөлігінде; 7) азаматтық авиация ұйымы персоналын оқыту, нұсқау беру және жұмысқа рұқсат беру бөлігінде; 8) азаматтық авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) аумағындағы әуе кемелерінің; 9) авиациялық техниканың және объектілердің; 10) өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігіндегі өзге де мәселелерді реттейді. 9. Азаматтық авиация ұйымдары осы Қағидалардың және уәкілетті орган бекітетін нұсқаулықтар негізінде жалпы ұйым үшін және әрбір жеке объект үшін жергілікті мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарымен келісілген өрт қауіпсіздігінің шаралары туралы ішкі регламенттерді бекітеді. 10. Жалпы азаматтық авиация ұйымы үшін және әрбір жеке объект үшін өрт қауіпсіздігінің шаралары туралы ішкі регламенттерде мыналар көрсетіледі: 1) аумақты, ғимаратты және үй-жайды, оның ішінде эвакуациялау пункттерін ұстауды жүзеге асыру; 2) әуе кемелеріне қызмет көрсетудің технологиялық процестерін жүргізу, жабдықты пайдалану, өрт қаупі бар жұмыстарды жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар; 3) жарылыс - өрт қаупі бар, өрт қаупі бар заттар мен материалдарды сақтауды және тасымалдауды жүзеге асыру; 4) темекі шегу, ашық от қолдану және отпен жұмыстар жүргізу орындары; 5) жанатын заттар мен материалдарды жинауды, сақтауды және жоюды, арнайы киімді ұстауды және сақтауды жүзеге асыру; 6) ауытқу өртке немесе жарылысқа алып келуі мүм­кін бақылау-өлшеу аспаптарының шекті көрсеткіштері; 7) өрт кезінде объектінің қызмет көрсетуші персо­налының әрекеті, оның ішінде: мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшесін шақыру кезектілігі; технологиялық жабдықты авариялық тоқтатуды жүзеге асыру; желдеткішті және электр жабдығын сөндіруді жүзеге асыру; өрт сөндіру құралдарын қолдану және өртке қарсы автоматты орнату; адамдарды, жанатын заттарды және материалдық құндылықтарды эвакуациялауды жүзеге асыру; азаматты авиация ұйымының барлық үй-жайларын қарауды және өрт - жарылыс қауіпсіз жағдайына келтіруді жүзеге асыру. Жалпы азаматтық авиация ұйымы үшін және әрбір жеке объект үшін өрт қауіпсіздігінің шаралары туралы ішкі регламенттер үш жылда бір реттен жиі емес, сондай-ақ технологиялық процесс және жұмыс жағдайы өзгерген кезде, ішкі регламенттің негізінде алынған нұсқаулық құжаттар өзгерген кезде және объектіде болған өртті, аварияны және жарылысты талдау негізінде қайта қарауға жатады. 2. Өрт қауіпсіздігінің тәртібі 1-параграф. Қоймалар, аэровокзалдар (жолаушылар, жүк терминалдарын) ұстау тәртібі 11. Аумақтар, ғимараттар, құрылыстар, ғимараттар мен құрылыстарды бөлетін өртке қарсы бөгеттер, сондай-ақ қоймалар мен аэровокзалдардың (жолаушылар және жүк терминалдарының) үй-жайлары өрт қауіпсіздігінің талаптарына және құрылыс нормаларына жауап беруі тиіс. 12. Өткелдер, кіреберістер, дәліздер, стационарлық өртке қарсы баспалдақтар, ғимараттардың шатырындағы жанбайтын қоршаулар, баспалдақ торлары, шатыр астындағы үй-жайлар дұрыс жағдайда ұсталады және ештеңемен қоршалмайды. 2-параграф. Өртке қарсы сумен жабдықтау тәртібі 13. Әуежай аумағында немесе әуежайдың пери­метр­лік қоршауынан 1 км қашықтықта табиғи су көздері (өзен­дер, көлдер, тоғандар) болған жағдайда жылдың кез келген мезгілінде өрт сөндіру автомобильдерін қою және су тарту үшін кірме жолдар және пирстер салынады. 14. Өрт сөндіру резервуарлары, су қоймалары, су құбыры желілері және гидранттар, спринклерлік, дренчерлік және сорғы қондырғылары өрт шыққан немесе тұтанған жағдайда олардың жарамдылық жай-күйі мен үнемі дайындығын қамтамасыз ететін тұрақты техникалық бақылау жүзеге асырылады. 15. Жөндеу жұмыстары жүргізілген немесе өртке қарсы сумен жабдықтау желілерінің учаскелері бөлінген, сорғы станциялары істен шыққан, спринклерлік және дренчерлік қондырғылары ақаулы болған, өрт сөндіру су қоймаларынан су аққан жағдайда азаматтық авиация ұйымының өрт қауіпсіздігіне жауапты адамға хабарланады. 16. Мүмкіндік болмаған немесе өртке қарсы пайдаланылатын су құбырлары қондырғыларын экономикалық жағынан орынсыз болған жағдайда, әуежайлардың аумағында өртке қарсы су сыйым­дылықтардың (су айдыны, резервуарлардың) саны кемінде екеуді құрайды. Өртке қарсы сыйымдылықтардың санына қарамастан, әрбір ауа сыйымдылығында өрт сөндіруге арналған судың жарты мөлшері сақталады. Өртке қарсы сумен жабдықтау көзі ретінде жерасты немесе жер үсті сулары пайдаланылады. Мұндай жағдайда жерасты суларын тарту өрт сөндіру қажеттіліктеріі және оны су тасушыға жеткізу үшін қажетті су мөлшерін сенімді алуға кепілдік беруі тиіс. 3-параграф. Әуе кемелері тұратын орындарды, технологиялық жабдықтарды және механикаландыру құралдарын ұстау тәртібі 17. Әуе кемелері тұратын орындар: 1) жанар-жағармай материалдарының қойма­ларынан (бұдан әрі – ЖЖМ), отын құю тұрақтарынан кемінде 100 метр; 2) әуе кемелері ангардан 25 метр жақын емес орна­ласқан және байланыс құралдарымен жабдықталған ангарларды қоспағанда, өндірістік ғимараттар мен құрылыстардан 50 метр қашықтықта орналасады. Әуе кемесі тұратын орындардың айналасындағы аумақ (радиусы кемінде 50 метр) құрғақ шөптен, қоқыстан және жанғыш материалдардан тазартылған, таза ұсталады. Отынның қалдығын және өңделген май­ды ағызу үшін арнайы сыйымдылықтар, ал пайда­ланыл­ған сүрту (ескі) материалдарын жинау үшін тығыз жа­бы­латын қақпақтары бар металл жәшіктер қойылады. 18. Тұрақтарда әуе кемелерін орналастыруды жү­зеге асыру, сондай-ақ олардың арасындағы ең аз қауіп­сіз қашықтық азаматтық авиацияның әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) пайдалануға жарамдылық нормаларымен бекітілген Заңның 14-бабы 1-тармағының 41-39) тармақшасына сәйкес белгіленеді. 19. Тұрақта тұрған, оның ішінде авиациялық техникалық базаның ангарындағы және ұшақ жөндеу корпусындағы әуе кемелері үнемі жерге қосылуы тиіс. 20. Әуе кемесінің жерге қосылған құрылғыларын техникалық пайдалану Заңның 14-бабы 1-тармағының 41-39) тармақшасына сәйкес бекітілген азаматтық авиациядағы әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) пайдалануға жарамдылық нормаларына сәйкес жүзеге асырылады. 21. Әуе кемелері тұратын орындар, оның ішінде топырақ әуеайлақтарда статикалық электрден қорғану үшін стационарлық жерге қосу құрылғыларымен жабдықталады. 22. Әуе кемелері тұратын орындарда мыналарға: 1) жабынға (жерге) отын, май, гидроқоспа және басқа да тез тұтанатын және жанатын сұйықтықтарды төгуге болмайды. Төгілген жағдайда соңғыларына дереу түрде құм себіледі және жиналады; 2) темекі шегуге арнайы бөлінген орыннан басқа жерде темекі шегуге; 3) жұмыс істеп тұрған механикаландырылған құралдар мен технологиялық жабдықтар, сондай-ақ, әуеайлақтағы электрлік қоректену көздеріне қосылған әуе кемелерін қараусыз қалдыруға; 4) өрт сөндірудің алғашқы құралдарынсыз қозғалтқышты іске қосуға немесе басқа жұмыстар атқаруға рұқсат етілмейді. 4-параграф. Радиотехникалық жабдықтар мен байланысты пайдалану базаларының объектілерін ұстау тәртібі 23. Радиотехникалық жабдықтар мен байланысты пайдалану (бұдан әрі – РТЖБП) базаларының объектілері жанбайтын едені бар, отқа төзімділіктің II дәрежесінен төмен емес жеке тұрған немесе топ­тастырылған ғимараттарда орналасады. Топтасты­рыл­ған ғимараттардағы технологиялық жабдықтар үй-жай өзге үй-жайлардан жанбайтын қабырғалармен немесе кемінде 0,25 сағат шегіндегі отқа төзімді қоршаумен бөлінеді және сыртқа шығатын жеке есігі болады. 24. Қонуды қамтамасыз ететін объектілерді қоспа­ғанда, қызмет көрсетуші персоналдың тұрақты қатысуынсыз жұмыс істейтін объектілер өрт болған жағдайда электрлік қоректену көздерін автоматты түрде ажырататын аппаратурамен жабдықталады. 25. РТЖБП базасы объектілеріндегі үй-жайларда қа­жетті температураны қамтамасыз ету үшін өрт қауіп­­сіз­дігінің мынадай талаптарын орындаған кезде өнер­­кәсіп­те әзірленетін электр пештерін орнатуға рұқсат етіледі: 1) үй-жайда қажетті температураны автоматты түрде сақтауды қамтамасыз ететін (жылу температурасын реттеу автоматтары реттелгеннен кейін пломбаны ашпай оларды реттеуді еркін өзгерту мүмкіндігін болдырмау мақсатында пломбалануы тиіс) жабық жылыту элементтері бар электр пештері қолданылады; 2) электр пештері үй-жайдың ең салқын бөлігіне және жабдықтан кемінде 1 м қашықтықта орнатылады; 3) жанатын материалдардан жасалған едендер мен қабырғалар жылу оқшаулағыш және электр пеші (грелка) аралығы кемінде 15 см ауа қабатын қамтамасыз ете отырып, электр пеш (горелка) тұрған жерден кемінде қалыңдығы 10 милиметр асбест картоны бойынша қаңылтырмен қоршалады және тығыздалады; 26. РТЖБП базасы объектілерінің қоршау периметрі бойынша ені 3 метрден кем емес өртке қарсы жолағы, жырту арқылы алшақталатын өсімдік жабыны жырту арқылы жабылады. 27. Ағаш мачтасы, фидер бағаналары мен кергіш зәкірлері орнатылған жер беті кемінде 1 метр радиуста қазылуы тиіс. 28. Объектілердегі жанатын материалдардан жасалған кабельдік арналар асбест картоны үстінен табақ қаңылтырмен қапталуы тиіс. 29. Ғимарат шатырының металл жабындысын, аппаратура корпусын, сымдардың, құбырдың металл қаптамаларын, электр қалқандарының корпусын, трансформаторларды, электр пештерін, өтпелі изолятордың бекіткіш болттары және басқа да металл заттарды жерге қосу қажет. 30. Генераторлар мен монтаждау сымдары орауыштарын оқшаулау кедергісін кемінде жылына бір рет және жөндеуден кейін өлшеу жүргізіледі. 5-параграф. Арнайы көлікті сақтау, жөндеу және пайдалану орындарын ұстау тәртібі 31. Отынды құюшылар, отын цистерналары, бензин қотарушы станциялар, жылжымалы агрегаттар (сервисерлер), май құюшылар кедергісіз шығуды қамтамасыз ете отырып, ашық алаңдарда, шатыр астында немесе гараждардың оқшауланған үй-жайларында бөлек сақталады. 32. Оттегі өндіруші және оттегімен зарядтау стан­циялары басқа автомобильдерден бөлек орналастырылады. 33. Фекальды сұйықтықтарды, улы немесе инфек­цияланған заттарды таситын автомобильдер, сондай-ақ газ отынмен жүретін автомобильдер топтар бойынша бөлек және басқа автомобильдерден жеке орналастырылады. 34. Жиырма бестен астам автомобильдер немесе арнайы көліктер жинақталған арнайы көлік қызметінде (бұдан әрі - арнайы көлік) өрт кезінде оларды эвакуациялау жағдайын жасау үшін арнайы көлік қызметінің бастығы арнайы көлік орналастырудың, эвакуациялау кезегі мен тәртібі жазылған жоспарды әзірлеп, бекітеді. 35. Арнайы көлікті орналастыру жоспарында сондай-ақ жүргізушілердің түнгі уақыттағы, демалыс, мереке күндеріндегі кезекшілік кестесі және оталдыру кілттерін сақтауды жүзеге асыру анықталады. 36. Арнайы көлік үй-жайын және ашық сақтау алаңын арнайы көлікті тез эвакуациялауға кедергі келтіруі мүмкін заттар мен жабдықтармен жабылуы рұқсат етілмейді. 37. Қызмет көрсетудің оннан астам бекеті немесе жиырма бестен астам автомобиль (немесе арнайы көлікті) сақтау көзделген үй-жайдың кемінде екі қақпасы болуы қажет. 38. Арнайы көлік тұратын орын он автомобильге бір арқан (штанга) есебімен тіркеме арқан және штангалармен қамтамасыз етіледі. 39. Гараждарда ұсталық, термиялық, пісіру, бояу, ағаш өңдеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдалана отырып, бөлшектер мен агрегаттарды жууға рұқсат етілмейді. 40. Арнайы көлікті тұраққа және жөндеуге арналған үй-жайларда, шатыр асты мен ашық алаңдарда: 1) арнайы көлікті нормадан асатын санда орналастыруға, олардың орналастыру схемасын бұзуға, автомобильдер, арнайы машиналар және ғимарат элементтері арасындағы қашықтықты кемітуге; 2) арнайы көлікті отын бақтары мен сыйым­ды­лықтарының ашық қақпақтарымен, сондай-ақ жанармай ағып жатқанда сақтауға; 3) отынды ыдыста ұстауға және арнайы көлікті отынмен жабдықтауға; 4) тұрақ орындарында жүгі түсірілмеген автомо­бильді қалдыруға; 5) ыдысты тез тұтанатын және жанатын сұйықтық­тың астында сақтауға; 6) шығатын қақпа мен жолды жабуға; 7) қозғалтқышты, жүйелерді, тораптар мен агрегаттарды ашық отпен (жалынмен, алаумен, дәнекерлегіш шаммен) қыздыруға, сондай-ақ техникалық байқаулар, жөндеу және басқа жұмыстарды жүргізу кезінде жарық түсіру үшін ашық от көздерін пайдалануға; 8) арнайы көлікте май сіңген сүрткіштер мен арнайы киімдерді қалдыруға; 9) от алдырылған арнайы көлікті қараусыз қалдыруға; 10) тиісті біліктілігі жоқ адамдарға техникалық қызмет көрсету мен арнайы көлікті жүргізуді тапсыруға рұқсат етілмейді. 41. Арнайы көлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу кезінде мыналарға: 1) алдын ала тазаламай және жарылыс қаупі бары-жоғы үшін алынған ауа сынамаларын талдаудың дұрыс екені туралы деректі білмей отын цистерналарында немесе резервуарларында қандай да бір жұмысты орындауға; 2) сенімді түрде жерге қоспай отын құйылған цистерналар немесе резервуарларға жөндеу жүргізуге; 3) жұмыс сұйықтықтары мен газдар босатып алмай технологиялық жабдықтарды бөлшектеуге кірісуге; 4) сыйымдылығы отынмен (газбен) толтырылған және маймен толтырылған картерлерді арнайы машиналарды жөндеуге рұқсат етілмейді (ТҚ-1 базалық шасси бактарында отын және қозғалтқыштардың картерлеріндегі май болса да рұқсат етіледі). 6-параграф. Авиаотынмен қамтамасыз ететін объектілерді ұстау және өртке қарсы қамтамасыз ету тәртібі 42. ЖЖМ қоймалары мен орталық май құю станцияларынан жалпы желідегі автомобиль жолдарына немесе қоймалардың кіреберіс жолдарына өрт сөндіру автомобильдеріне арналған кемінде екі жол жабдықталады. 43. Авиаотынмен қамтамасыз ету объектілерінің ғимараттары мен құрылыстары (металл резервуарларды қоспағанда) кемінде II дәрежелі отқа төзімді болуы тиіс. 44. Автокөлік техникасы қоймаларының аумағына ұшқын сөндіргішсіз кіруге рұқсат етілмейді. 45. ЖЖМ қоймаларының аумағы құрғақ шөптен, түскен жапырақтан, өндірістік қалдықтардан үнемі тазар­тылады. Төгілген мұнай өнімдері алып тасталады, ал май тамған жерлерге құм себіледі. Жазғы уақыт­та шөп шабылады және кеппеген күйінде қойма аумағы­нан тасып әкетіледі. Шабылған шөпті ЖЖМ қойма­ла­рының аумағында кептіруге және сақтауға рұқсат етілмейді. 46. ЖЖМ қойма аумағының бос алаңдарында жалпақ жапырақты ағаш пен бұталар егуге, гүлзарлар жасауға рұқсат етіледі, бірақ резервуарлардың сыртқы жағынан кемінде 5 метр қашық болуы тиіс. Қоймалар ағашты жерде орналастырылған кезде олардың айна­ласындағы аумақ тазартылады жапырақты тұқым ра­диусы 20 метр, қылқан жапырақты 50 метр және ені кемін­де 2 метр минералдандырылған белдеумен көмкеріледі. 47. Авиаотынмен қамтамасыз ету объектілері аумағында ашық отты - алау жағуға, жарықтандыру үшін факелдер, сіріңкелер, шырақтар, керосин шамдарын пайдалануға рұқсат етілмейді. 48. Авиаотынмен қамтамасыз ететін аумақта, өндірістік ғимараттар мен құрылыстарда темекі тартуға рұқсат етілмейді. 49. Темекі шегуге су мен өрт сөндіргіш және урнамен жабдықталған арнайы бөлінген орындарда рұқсат етіледі. Темекі шегуге бөлінген орындарда белгілер мен жазулар ілінеді. 50. Оталғыш бу мен газ жинақталған аймақтарда жөндеу - профилактикалық жұмыстар жүргізген кезде ұшқын шықпайтын аспаптар пайдаланылады. Жабдықтар мақта-мата шүберегімен сүртіледі, синтетикалық маталарды қолдануға рұқсат етілмейді. 51. Мұнай өнімдерінің буы мен газы бөлінетін үй-жайлар мен эстакадаларда жұмыс істейтін персоналға темір шеге немесе таға қағылған аяқ киіммен жүруіне рұқсат етілмейді. 52. ЖЖМ қоймасының ғимараттары мен құрылыс­тары және орталық май құю станциялары: 1) найзағайдың тікелей әсерінен; 2) найзағайдың екінші рет болуынан (электрос­татикалық және электромагниттік индукция); 3) жоғары әлеуетті қоқыстан; 4) статикалық электр пайда болуынан қорғалады. 53. ЖЖМ қоймалары құрылыс нормаларының талаптарына сәйкес сумен жабдықтау және өрт сөндіру жүйелерімен жабдықталады. 54. Әрқайсысының көлемі 5000 м3 аз резервуары бар қоймаларда өрт сөндіру автомобильдерімен және/немесе өртке қарсы сыйымдылықтардың мотопомпаларымен (резервуарлар немесе ашық жасанды және табиғи су айдындары) өртті сөндіру және суыту үшін су беруге рұқсат етіледі. Бұл ретте: 1) өртке қарсы сыйымдылықтардың көлемі (резер­вуарлардың немесе ашық су айдындарының) өрт сөндірудің есепті кезеңінде су шығынының нормасына сәйкес келуі тиіс; 2) өртке қарсы ашық су айдындарының көлемі судың ықтимал булануы немесе мұздың пайда болуын ескере отырып айқындалады; 3) өртке қарсы су қоймалары өрт автомобильдеріне арналған бос кірме жолдармен жабдықталады және ұсталады; 4) өртке қарсы сыйымдылықтардың саны (су қоймасының, резервуарлардың) екіден кем болмауы тиіс, әр сыйымдылықта өрт сөндіруге арналған су көлемінің жартысы сақталуы тиіс; 5) өртке қарсы сыйымдылықтарда судың қол сұғыл­майтын қорын қалпына келтіру уақыты оны өртте пай­даланғаннан кейін тоқсан алты сағаттан аспауға тиіс. 55. ЖЖМ қоймаларында және автоматтандырылған ЖЖМ-де диаметрі кемінде 200 милиметр өртке қарсы су құбыры орналастырылады. 56. ЖЖМ қоймаларында және орталық май құю станцияларында ауа-механикалық көбікпен өрт сөндіру көзделеді. Өртті сөндіру үшін стационарлық автоматтандырылған өрт сөндіргіштерді, стационарлық автоматты емес өрт сөндіргіштерді және жылжымалы өрт сөндіргіштерді орнату көзделеді. 57. Өрт сөндіру қондырғыларын қолдану, сондай-ақ оларды тексеру кезеңділігі мен рәсімдері осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген нұсқаулық-әдістемелік құралдарда реттеледі. 58. Қоймалар аумақтарында өрт кезінде резервуарларды суытудан суды қабылдау үшін пайдаланылатын өндірістік немесе өндірістік - жауын кәріздері көзделеді. 59. Резервуар паркінің шұңқырлы алаңдарындағы жауын қабылдағыштар қоршау білігін немесе парктің сыртқы қоршауынан (шұңқырлауынан) тыс тұрған орындарды әрекетке келтіретін бекіту құрылғыларымен (жапқыштармен, сырғытпалармен) жабдықталады. 60. Кәріз желілеріндегі құдықтарда: 1) 400 м арқылы кәріз магистральдық желісінде; 2) ғимараттардан шығару орындарында (сорғы станциялары, су төгу, зертханалар); 3) резервуарлық парк шұңқырлы алаңында - шұңқырлаудан (қоршаудан) тыс орналасқан жауын қабылдағыштардан шығу орындарында; 4) су құю құрылғылары (темір жол немесе автомобиль цистерналары үшін) алаңдарында орналасқан жауын қабылдағыштардан шығу орындарында; 5) кемінде 10 метр қашықтықта - мұнай ұстап қал­ғыш­қа дейін және кейін кәріз желілерінде биіктігі кемін­де 0,25 метр гидравликалық бекіткіштер орнату көзделеді. 61. Кәріздің жалпы шығу орындарында орталық ұстап қалғыш орнатылады. Орталық ұстап қалғыштан өндірістік ғимаратқа, құрылыстар мен резервуарларға дейін қашықтық кемінде 30 метр, ал сорғы станция­лары мен резервуарларға қызмет көрсететін станциялардағы ұстап қалғыштар 10 метр болуы тиіс. Барлық құрыл­ғылар өртке төзімді материалдардан жасалады. 62. Қосымша су тоқтату арығын пайдалану кезінде: 1) бөлініп алынған мұнай өнімдерінің жалпы қабатының түзілуіне жол берілмейді; 2) жиналып қалған қождардың мөлшеріне қатысты арықтарды тазарту жүргізіледі. 63. ЖЖМ және орталық май құю станцияларында орталықтандырылған жылумен жабдықтау көзделеді. 64. Ғимараттар мен құрылыстарды жылыту мен желдету үшін жылутасығыш ретінде температурасы 130оС-тан аспайтын ыстық су қолданылады. 7-параграф. Өрт сөндірудің бастапқы құралдарымен қамтамасыз ету тәртібі 65. Өрттен құтқару жасақтары өрттен құтқару техникасымен, отты сөндіру құрамдарымен, арнайы авариялық-құтқару жасақтарымен жарақталады. 66. Азаматтық авиация ұйымдарында әуеайлақтың санатына қарай талап етілетін өртке қарсы қорғау деңгейі бойынша өрт машиналарының тактикалық-техникалық сипаттамаларына сәйкес жеке құрамның толық қарулы жасағына ие авиациялық оқиға орнына өрт көлігі құралдарында бір уақытта жеткізілетін өрт сөндіру құрамының нормативтік қоры құрылады. Әуеайлақтарды талап етілетін өртке қарсы қорғау деңгейі бойынша санаттау азаматтық пайдалануға жарамдылық нормаларымен бекітілген Заңның 14-бабының 1-тармағының 41-39) тармақшасына сәйкес бекітілетін авиация әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) жүзеге асыру белгіленеді. 67. Азаматтық авиация ұйымдарының барлық өндірістік қоймалық, көмекші және әкімшілік ғимараттары мен құрылыстары, сондай-ақ жекелеген үй-жайлары мен технологиялық қондырғылары шағын тұтануларды, сондай-ақ бастапқы даму сатысында өрттерді өшіру және жою үшін пайдаланылатын өрт сөндіргіштермен жабдықталады. 68. Азаматтық авиация ұйымдарының өндірістік және қоймалық ғимараттары мен құрылыстарында және аумақтарында өрт сөндірудің бастапқы құралдарының жиынтығы бар арнайы өрт қалқандары орнатылады. Өрт қалқандары мүмкіндігінше үй-жайдан шығу орындарына жақын, көрінетін және оңай қол жететін орындарда орнатылады. Ұйымдардың аумақтарындағы бір қалқан 5000 м2 алаңға есебімен өрт қалқандарымен қамтамасыз етіледі. 69. Өрт сөндіру құралдарын айқындау кезінде жанатын заттардың физикалық-химиялық және өрт қаупі бар қасиеттері, олардың өрт сөндіргіш құралдарына қатынасы, сондай-ақ өндірістік үй-жай алаңдары, ашық алаңдар мен қондырғылар есепке алынады. Қазақстан Республикасы Азаматтық авиациясындағы өрт қауiпсiздiгi қағидаларына 1-қосымша Азаматтық авиация ұйымдарындағы өрт-техникалық комиссиялары туралы ереже 1. Жалпы ереже 1. Өндiрiс ұйымдарының жұмысшылары, қызмет­шiлерi және инженер-техникалық қызметкерлерiнiң қалың бұқарасын өртке қарсы профилактикалық ша­ра­лар жүргiзуге және өрттен сақтау жолындағы бел­сендi күреске тарту мақсатында азаматтық авиация ұйымдарында өрт-техникалық комиссия құрылады. 2. Өрт-техникалық комиссия азаматтық авиация ұйымдарының қызметкерлерiнен құрылады. Комиссия азаматтық авиация басшысының бұйры­ғымен белгіленедi (тағайындалады), оның құрамына өртке қарсы күрес қызметiнiң бас инженерi (төрағасы), бастығы, инженер-техник қызметкерлерi - энергетик, технолог, механик, техника қауiпсiздiгi инженерi, сумен жабдықтау маманы және азаматтық авиация ұйымы басшысының ұйғарымы бойынша басқа да қызметкерлер енедi. 3. Өрт-техникалық комиссиясы өзiнiң практикалық жұмысында Мемлекеттiк өрттi бақылаудың жергiлiктi органдарымен тұрақты байланыс жасауы тиiс. 2. Өрт-техникалық комиссиясы жұмысының тәртiбi және негiзгi мiндеттерi 4. Өрт-техникалық комиссиясының негiзгi мiндет­терiне мыналар жатады: 1) өндiрiстiң технологиялық процестерiнде, агрегаттар, қондырғылар жұмысында, лабораториялар, шеберханалар, қоймалар, базалар түптiң түбiнде өрттiң шығуына, жарылыс немесе апат жағдайына апарып соқтыратын өртке қауiптi тәртiп бұзушылық және өзге де кемшiлiктердiң бетiн ашу; 2) ұйымдағы өндiрiстiк цехтарда, қоймаларда, әкiмшiлiк үйлерiнде және тұрғын үйлерде өрт-профилактикалық жұмыстарды iске асыру, өртке қарсы қатаң тәртiп орнауы жолындағы ұйымдастыру және жүргiзу iсiне жәрдемдесу; 3) өрт қауiпсiздiгi мәселесi бойынша рациона­ли­за­торлық және өнертапқыштық жұмыстарды ұйымдастыру; 4) жұмысшылар, қызметшiлер және инженер-техник қызметкерлерi арасында өртке қарсы ережелер мен тәртiптi сақтау мәселелерi бойынша көпшiлiк - түсiндiру жұмыстарын жүргiзу. 5. Өрт-техникалық комиссиясы алға қойылған мiндеттердi жүзеге асыру үшiн мыналарды атқаруға мiндеттi: 1) өндiрiстiк процестерде, агрегаттарда, қой­маларда, лабораторияларда, электр шаруа­шы­лығында, жылу жүйелерiнде, желдету және басқа да нысандар мен қондырғылардағы өрт қаупiне жол берiлген кемшiлiктерiнiң бетiн ашу мақсатында барлық өндiрiстiк ғимараттарда, базда, қоймаларда, лабораторияларда және ұйымның басқа да қызметтiк үйлерiнде жылына кем дегенде 2-4 рет толық тексерiс жүргiзу; 2) жұмысшылармен, қызметшiлермен, инженер-техник қызметкерлерiмен әңгiмелер және лекциялар өткiзу; 3) ұйымның өртке қарсы жағдайы туралы мәсе­лелердi жергiлiктi ұйымдар мен өндiрiстiк кеңестерге бақылауға ұсыну; 4) ұйымның рационализаторлық және жаңашылдық бюросына өрт қауiпсiздiгi мәселелерi бойынша тақырып ойластырып ұсыну және ұйымның өртке қарсы жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды жүзеге асыруға жағдай туғызу; 5) әкiмшiлiкпен бiрлесе отырып, цехтар, қоймалар, лабораториялар және ұйымның басқа да нысандары үшiн өрт қауiпсiздiгi нұсқауларын, ережелерiн әзiрлеуге белсене қатысу; 6) ұйымда өрттен қорғау мамандарына өрт қауiп­сiздiгi мәселелерi жөнiндегi ғылыми-техникалық қызметкерлердiң қатысуымен өрт-техникалық конференциясын өткiзу; 7) ұйым цехтары, қоймалары мен үйлерiнiң өртке қарсы жағдайына және өрттен қорғау мекемесiнiң әзiр­лiгiне қоғамдық байқау өткiзу, сондай-ақ Мемлекеттiк өрттi бақылау органы ұсынған өртке қарсы шаралардың орындалуын тексеру. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 29 қазанда Норма­тивтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу­дің тізіліміне №12217 болып енгізілді.