• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2016

Қазақстандық франчайзинг

736 рет
көрсетілді

немесе франшиза болатын отандық брендтер бар ма? Мемлекеттің де және оның жекелеген адамдарының да тәуелсіздігінің басты шарты табыс табуда да, мамандық таңдауда да, қысқасы, барлық жағдайда ешкімге алақан жаймау екені аян. Қазір біздің Үкіметіміз осы мүд­делі мақсат жолында қаншалықты жұмыс істеп жатыр десек, шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты бағдарламалар да жеткілікті. Әрине, оның ішінде аяғынан тұрып кеткен жобалар бар. Дегенмен, дәл қазіргідей әлемдік күрделі ахуалда осы мемлекеттік бағ­дарламалардың бастапқы нәтижесін көретін кез келді. Түрлі дағдарыстық жағ­даяттар кейбіреулер үшін күр­делі кезеңдердің басталғанын білдір­се, енді біреулер үшін үлкен мүмкін­дік­тер уақыты. Төтесінен айтқанда, көтеріліп отырған тақырыпқа, яғни қазақ­стан­дық франшизаға қатысты көрмелер де ұйымдастырылып жүр. Бірақ, бізде франшиза болатын мықты отандық брендтер бар ма? Осы сұраққа жауап бермес бұрын, жұрттың бәрі бизнеспен айналысып жатпағандықтан, оқырмандарымызға франшиза «жеңілдік» деп аударыла­тын француз сөзі екенін айта кетелік. Яғни франшиза – франчайзинг келісім­шартының нысаны. Барынша қысқа түсінікті айт­қанда, дайын брендті немесе бизнес үлгісін пайдалануға құқық бере­тін немесе танымал болған сауда белгісі мен дайын технологияларды қол­дануға мүмкіндік беретін басқа да кешенді игілік. Әрине, фран­чайзи мен франчайзердің арасында қол қойылған келісімшартта барлық жеңілдіктер, міндеттер мен франчайзердің талаптары көрсетіледі. Франшиза – бизнесте ғана емес, спортта да, медиа саласында да бар. Яғни атақты спорт командаларының атын қосымша пайдалану, танымал сериалдар мен компьютер ойындарын шығару. Мәселен, дүниежүзін жаулап бара жатқан бургер дайындайтын брендтердің бәрі де франшиза. Демек, бүгінгі таңда бизнеспен айналысу үшін жаңадан дөңгелек ойлап табудың қажеті жоқ. Сонымен елімізде бұл бағыт қалай дамып отыр деген сауалдың жауабын іздеу барасында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына бас сұққан едік. Себебі қор Қазақстан Республикасы халқының бизнес бастау ынтасы мен шағын және орта кәсіпкерліктің франчайзинг жүйесін пайдалана отырып жаңа бағытта кәсіп ашу бастамаларын қолдау мақсатында екінші деңгейлі банктерге шарттасып қаржы салу бағдарламасын жасады. Бұл қаржы одан әрі франчайзингтік жобаларды қаржыландыруға бағытталуы тиіс. Яғни аталған бағдарлама жа­салғанға дейін қандай да бір белгілі брендті пайдаланып жұмыс істегісі келген кәсіпкерлерде мұндай жеңілдік болған жоқ. Мәселен, биылғы 5 мамыр күні атал­ған бағдарламаны жүзеге асыру мақ­сатында «Даму» қоры мен «Bank RBK» АҚ және «Астана банкі» АҚ ара­сында 1 миллиард теңге қаражат салу жөнінде несиелік келісімге қол қойыл­ған. Әр банкке 500 миллион тең­геден салынады. Осы келісім аясын­да 2016 жылдың 11 мамыры күні «Даму» қоры 1-ші траншты жүзеге асырып, «Bank RBK» АҚ-қа 250 млн теңге, «Ас­тана банкі» АҚ-қа 250 млн теңге жөнелткен. Қаржыландыру талаптарына сәй­кес, банктер 6 ай ішінде бұл қара­жатты ШОБ субъектілеріне фран­чай­зинг­тік жобаларды қаржыландыру үшін беруі тиіс. Осы арада ШОБ субъектілерін қар­жыландыруға қойлатын талаптардың бар екендігін айтайық. Қаражат шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің тек жаңа жобаларына ғана беріледі. Са­лалық шектеу қойылмайды. Бір ша­ғын және орта бизнес субъектісіне 80 000 000 теңгеге дейін және 84 ай мер­зімге бөлінеді. Қарыз алушының қо­лына тиетін номиналды жылдық сый­ақы мөлшерлемесі 14,65 пайыздан аспайды. Бүгінгі күні «Bank RBK» АҚ бөлінген 250 000 000,00 теңгенің 105 430 079,11 млн-ын игерсе, «Астана банкі» АҚ 250 000 000,00 теңгеден 159 600 000,00 млн теңгені игерген. Нә­тижесінде 500 млн теңгенің 265 млн-нан астамы кәсіпкерлердің қолына тиді. Дегенмен, қаржы орны­мен жұм­салуы қадағалана ма, франчайзингке деп бөлінген қаражат «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпей ме деген заңды сұрақ та туады. Бағдарлама бойынша қандай жобалар қаржыландыруға жатпайтыны туралы «Даму» қорының басқарушы директоры – басқарма мүшесі Ғабит Лес­беков бізге төмендегідей мәлімет берді. «Аталған бағдарлама бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің барлық жобалары қаржы­ландырылмайды. Атап айтқанда, бұрындары шығынға батқан жобаларды қайта «тірілтуге», заңды және жеке тұлғаларға берілген несиені өтеуге, үлестес тұлғалар/компа­ния құрыл­тайшыларының алдындағы несиелік қарыздарды өтеуге болмайды. Оның ішінде мүлік, активтерді сатып алып, кейіннен үшінші жаққа ресімдеуге, үшінші жақтағы тұлғаға ресімделген жер телімінде құрылыс жүргізуге болмайды. Сондай-ақ, қаржыны оффшорлы аймаққа, жалған кәсіпорындарға аударуға немесе жалған мәмілелерді өтеуге, бұрын алған қаржысын қайта қаржы­ландыруға рұқсат жоқ. Оған қоса өз бизнесін жүргіз­гісі келетін тұлғалар еншілес ком­па­ниялардың, тұлғалардың фран­чай­­зингін алуға, заңды тұлғалар­дың акция­лары мен кез келген құнды қағаз­­дарға салған инвестициясын, үлесін сатып алуға болмайтындығын білуі тиіс. – Мұндай шектеулердің ішінде акциздеуге жататын өнім шығару, қару-жарақ, есірткі тектес заттар секілді азаматтық айналымнан шығарылған тауарларды шығару-жеткізіп беру бар. Бұл несиені құмар ойындар бизнесіне және елдегі террорлық әрекеттер секілді заңмен тыйым салынған қызметтерге жұмсауға тыйым салынады, – дейді басқарма мүшесі. Мәселен, қарап отырсақ, Алма­тыда 2013 жылдан бері «KazFranch» көрме-форумы өтіп келеді. Бұл – отандық және шетелдік франшизаларды экспозициялауға арналған Қазақстандағы жалғыз алаң. Оны «Даму» қоры мен Еуразиялық франчайзинг қауымдастығымен біріге отырып ұйымдастырады. Аталған көрмеге өз франшиза­ларын әзірлеген халықаралық және қазақ­стандық компаниялар да қаты­сып келеді. Былтырғы форумнан көр­ші мемлекеттердің де компания­ла­рын көрдік. Мысалы, 2015 жылы өткен көрмеде алғаш рет «Эльдани» қоғамдық қоры жүзеге асырған әлеу­меттік франшиза таныстырылды. Аталған қоғамдық қор мүмкіндігі шек­теулі жандардың басын қосып, қолөнер бұйымдары мен кәдесый жасап жүр. Бастапқыдай емес бұйымдарының сапасы жақсарып жатқаны қуантты. «KazFranch» көрмесінің негізгі мақсаты франчайзингтік қарым-қатынастың өсуін ынталандыру арқылы Қазақстанда шағын және орта бизнестің сапалы дамуына көмектесу, франчайзинг саласына қатысушылардың тәжірибе алмасуына жағдай жасау екені белгілі. Өз бизнесін дамытуға мүдделі жандарды тоғыстырған көрмесінде «Даму» қорының басқарушы директоры – басқарма мүшесі Ғабит Лесбеков «Франчайзинг – бизнесті жүргізудің тиімді түрлерінің бірі, қазіргі уақытта қазақстандық кәсіпкерлер оған айрықша қызығушылық танытып отыр. Отандық брендтер мен франчайзингтік жүйелерді қалыптастыру мен дамыту ШОБ-ты дамытуда мультипликативтік нәтижеге ие болмақ. Қазақстанға шетелдік франшизді тарту экономи­каның инновациялық дамуына көмектеседі әрі жаңа басқарушылық және бизнес-технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Оған қоса тауарлар мен қызмет көрсету нарығын дамытуға ықпал етеді», деген-ді. Еуразиялық франчайзинг қауым­­­дастығының президенті Бек­нұр Қисықовтың мәлімдеуінше, Қазақстанда франчайзинг нарығы жылына орташа есеппен 15 пайызға өсуде. Бүгінде франчайзингтік желілердің саны 4 558 франчайзи мен 497 брендті құрайды. Франчайзинг нарығының айналымы жылына 3 млрд долларға жетеді. Бұл секторда барлығы 30 000 аса адам жұмыс істейді. Көрме кезінде «Mimioriki», «Сұң­қар», «RedDragon» сынды отандық брендтер қазірдің өзінде өз франшизаларын Қазақстанда ғана емес шетелде де жүзеге асырып жатқанын айтып, келушілерге өнімдерін ұсынды. Сол сияқты франшиза бойынша ісін енді бастаған «Жас Кемеңгер», «Крен­дель», «Party Food» сияқты қазақ­стан­дық компаниялардың саны өсуде. Бұ­лар қазір ауқымды бизнеспен айна­лыспаса да, өз тауарлары мен өнім­дерінің сапасына жауап бере алады. Қорыта айтқанда, бүгінде «Даму» қоры Қазақстандағы франчайзингті дамыту бойынша қаржылық және қаржысыз шаралар кешенін іске асыруда. Кешендік қолдау – кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқы­лы кәсіп­керлік мәселелері мен консуль­тациялық қызмет көрсету, соның ішінде франчайзинг мәселелері мен франшиза бойынша іске асырылатын жобаларды қаржыландыруға банктерді тарту және ішінара кепіл­ден­діру арқылы несиелер тартуда кәсіп­керлерге көмек көрсетуден тұрады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ