Австралиялық «Dominos» компаниясы ұшқышсыз ұшатын құрылғыларды тұтынушыларға пицца және басқа да азық-түліктерді жеткізу үшін пайдаланбақ. Бұл туралы The Guardian хабарлады.
Алғашқы тәжірибе алаңы ретінде Жаңа Зеландияда біраз тапсырыстар орындалған екен. Мамандар дрондардың жұмыс нәтижесін өте жақсы деп бағалап отыр.
– Дронның көмегімен тұрақты түрде тапсырыс орындау 2016 жылдың соңына қарай жолға қойылады. Бірінші кезекте Австралия, Бельгия, Франция, Голландия, Жапония және Германия елдерін қамту жоспарланған, – дейді компания өкілдері.
Бұл жұмысқа ұшатын дрондармен қатар, жолмен жүйткитін дрондар да қолданылады. Ондай құрылғы тротуармен, велосипедке арналған жолмен сағатына 20 шақырым жылдамдықпен заулап отырып, 2 жарым килоға дейін жүкті жеткізе алады. Пицца аппараттың жүксалғыш бөлігінде ыстық күйінде сақталады. Тапсырыс беруші тиісті ақшаны дронның кассасына салғаннан кейін ғана жүксалғыш ашылып, тұтынушының сұраған асын ұсынады.
Нұрислам АСҚАР