Кеше елордадағы «Астана» Ұлттық сурет галереясында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай фотограф Карла Нұрдың «Шағылыс» атты жеке көрмесі өтті.
Карла Нұр – өнердегі жаңа есім. Жас әрі талантты фотографтың өнер әлеміндегі баспалдағы Voxpopuli.kz агенттігінде фототілші қызметінен басталған. Сол агенттікпен ғана шектелмей, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысын нығайтып, өзін шебер фототілші ретінде таныта бастаған тұста оның өмірі кілт өзгереді. Француздың Реза атты әскери фототілшісі оған репортажды фотосурет түсіру жайында кеңес береді. Бұл – Карланың көрмедегі жүрекжарды сөздері.
Ол – еліміздегі әлеуметтік фотожурналистиканың жаңа жанрын ашуға үлес қосқан заманауи фотограф. Voxpopuli.kz агенттігіндегі қызметі барысында еліміздің түрлі шалғай аймақтарынан 143 фоторепортаж түсіріпті. Және оның барлығында басты кейіпкерлер қарапайым адамдар болған.
Қазіргі таңда Карла Нұр елордамыздың басты мәдени орталығы – «Астана Опера» театрында фотограф қызметін атқарады. Өнердегі негізгі әуестігі – графика. Бұл – оның шығармашылығының елеулі бір қыры.
«Шағылыс» көрмесіне фототілшінің дәстүрлі емес әдіспен салынған графикалық жұмыстарының түпнұсқалық сериясы қойылды. Ал автордың өзі жас суретшілерге арнайы шеберлік дәрістерін өткізіп, келген қонақтармен тәжірибе бөлісті.
Көрме биылғы жылдың 12 қыркүйегіне дейін жалғасады.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ