• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2011

Алғашқы кандидат тіркелді

430 рет
көрсетілді

Кеше Орталық сайлау комиссиясы Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркеу мәселесін қарады. ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов кандидатты тіркеп, Н.Назарбаевқа президенттікке кандидат ретінде тіркелгені туралы куәлік беріліп және ол бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс табуы қажеттігін қарастыратын қаулы жобасын жария етті. Қаулыға Орталық сайлау комиссиясының барлық мүшелері бірауыздан дауыс берді. Сайлау заңнамасына сәйкес Қа­зақстан Республикасы президенттігіне кандидат облыстардың кем дегенде үштен екісінің, Астана мен Ал­маты қалаларының атынан тең­дей өкілдік ететін сай­лаушылардың жалпы санының кем дегенде 1 пайыздық қол­дауына ие болуы тиіс. Осы жерде сәл шегініс жасайтын болсақ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректо­ры Ерлан Сыдықов Президенттің өкілеттігін ұзарту туралы референдум өткізу бастамасын көтер­гені белгілі. Бес миллионнан астам қол жиналуымен қатар, «Қа­зақ­стан-2020» демократиялық күш­тердің коалициясы да қа­лыптасып үлгерді. Алайда Елбасы референдумнан бас тартып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешім қабыл­даған­нан кейін сайлау додасы бас­талып кетті. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезекті ХІІІ съе­зінде сөйлеген сөзінде Нұр­сұлтан Назарбаев аталған бас­та­маға қолдау көрсеткен қазақ­стан­дықтарға ризашылығын білдіре оты­рып, өзінің осындай шешім қа­былдағанын жеткізген еді. Өз ұстанымын Нұрсұлтан Әбішұлы былай түсіндірді: «Мен үшін ел Пре­зиденті ретінде халықтың сенімі бәрінен де жоғары. Тек елі­міздің жо­ғары мүдделерін басшы­лыққа алған мен референдумның орнына мерзімінен бұрын президенттік сай­лау өткізу туралы шешім қабылдадым». Осы құрылтайға қатысқан Ерлан Сыдықов сайлау мен референ­дум­ның екеуі де халық билігін жү­зе­ге асырудың заңды жолы екендігін айта келіп, Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­ты «Нұр Отан» ХДП атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынған болатын. Мұндай ұсыныс партияластары тарапынан қызу қол­дауға ие болғаны белгілі. Ұсы­ныл­ған құжаттарды қарай келе, Орта­лық сайлау комиссиясы олар­дың сайлау заңнамаларына сәйкес келетіндігін анықтап, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы  На­зарбаевты Қазақстан Рес­пуб­ликасы президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.