Азиада алтыны әскерден босатады
Оңтүстік Корея спортшылары жалпы командалық есепте үшінші орынға тұрақтағаны белгілі. Құлдилап сырғанауда қола алған осы елдің спортшысы Джунг Дохён жарыстың алғашқы күндерінде қола медальді қолға түсіріп, одан Азиаданың алтынын жеңіп алмақ болғанын білеміз. 31 қаңтарда корей спортшысы: – Бүгін мен чемпион атана алмадым. Бірақ, алдағы жарыс күндері бұл мақсатым орындалады деген үміттемін. Оңтүстік Корея заңы бойынша ірі халықаралық жарыстардың чемпиондары әскери борышын өтеуден босатылады. Бізде тіпті әйгілі әртістерге де, президенттің ұлына да мұндай жеңілдік берілмейді. Сондықтан жеңіске ұмтылуыма себеп бар. Әскерден босасам жаттығуларымды әрі қарай жалғастырамын. Сәйкесінше, өз елімнің абыройын қорғап, жеңіс туын желбіретуге мүмкіндігім көбейеді, – деген болатын. Құлдилап түсу жарыстарында қазақстандық Дмитрий Кошкин мен Игорь Закурдаев бірінші, екінші орынға ие болды да, үшінші орында осы Джунг Дохён тұрған еді. Оңтүстік Корея Азиадаға тау шаңғышыларынан жасақталған жаңа құрама жібергені белгілі. Олар өз елінің аманатын ақтады десек те болады. Сөйтіп, бұл елдің спортшылары 3 алтын, 1 күміс, 3 қола медальді жеңіп алды. Ким Сан Джу деген қыздары екі рет құрмет тұғырының биік сатысына көтерілді. Сондай-ақ, ерлер арасында Джун Дохён 1 алтын, 1 қола медальді иеленді. Енді әскерден босатылатын Джун Дохён алаңсыз жаттығумен айналысып, талай рет жүлдегерлер тұғырына көтерілетін болар?!Алматының ауасы да сатылды
Азиада басталмай тұрып-ақ, елімізге Азияның әр қиырынан қонақтар ағылып келіп жатты. Спортшылар мен жаттықтырушыларды айтпағанның өзінде, шетелдік жанкүйерлер мен журналистер бір қауым ел болды. Алыстан келген меймандар Қазақстаннан естелікке не алып кетті деп ойлайсыз? Азиаданың дүбірі естілгеннен-ақ еліміздегі кәдесый, тәберік жасаумен және сатумен айналысатын кәсіпкерлер Олимпиададан өз нәсіптерін алып қалуға ұмтылды. Азиада-2011 символы болған Ирби деген атауға ие ірбіздің баласының суреті бейнелген тауарлар тиісті орындардан табылды. Сол сияқты Алматы мен Астанадағы спорт сарайларының фойесінде, жарыс жүріп жатқан кешендерде Азиада-2011-дің эмблемалары мен таңбалары бар кәдесыйларды сату басталды. Азиада-2011 атрибутикасын сатушылардың арасында жүргізілген сауалнама көрсеткендей, шетелдік туристер Азиада тұмары – Ирби барысы бейнеленген төсбелгілер мен кілтбауларға қызыққан. Ал қазақстандықтар, бірінші кезекте, «Қазақстан» деген жазуы бар бас киім мен бөкебайларды сатып алуға тырысады. Жерлестеріміз көбінесе Ирбидің бейнесі бар тоңазытқышқа жабыстыратын магниттер, сондай-ақ қазір Қазақстан құрамасында ойнап жатқан «Барыс» клубының фотосуретін сатып алған. Хоккей кездесулері арасындағы үзілістерде мұз ареналарының фойесінде бір-бірімен төсбелгі айырбастаушыларды да көруге болатын еді. Ерлер хоккейі турниріне қатысушы командалардың төсбелгілері ең үлкен сұранысқа ие болды. Мына қызықты қараңыз, Азиада-2011 ойындарының бас баспасөз орталығы орналасқан «Алматы Тауэрс» Бизнес орталығында Алматының консервіленген ауасы сатылды. Сұрастырып көргенде, бағасы – 850 теңге болып шықты. Салмағы қанша екенін кім біліпті, бірақ, ішінде қаладағы қаптаған көліктің түтіні бар ма екен деген ой туды.Жарысты тамашалауға мәжбүр болған түлкі
Биылғы Азиада жарыстары адамдармен қатар, жан-жануарларды да қызықтырғанын баяндау тіпті қызық. Бұл әңгіме ойындардың тұмары болып отырған Ірбіздің баласы туралы айтылып отырған жоқ. Алматыдағы халықаралық трамплиндер кешеніндегі К-125 трамплинінің астында түлкі тұрып жатқаны сайыстың соңғы күндерінде ғана белгілі болды. Қанат жолының биігінен қарағанда, оның іздері жақсы көрінеді екен. Ол бұл жерден өткен жазда өзіне ін қазып алған. – Бұл өте батыл түлкі. Секірулер басталғанда ол тығылып қалған, алайда, бірінші күннен кейін қараңғы батқанда шыға бастады. «Аш болсаң – іннен шығасың» дейді. Қарны ашқан жануар адамдардан қорқуын ұмытты, біз оны арасында тамақтандырып қоямыз», – деп күледі трамплиннің техникалық қызметкерлері. Азиада жарыстарына амалсыз жанкүйер болған түлкі осылайша адамдарға да үйрене бастапты.Фристайл жолы 10 күнде салынған
Азиада тұсауын кеспей тұрып, «Табаған» спорт кешенінде өткен фристайлшылардың бейресми жаттығуынан кейін жолдың шейпер-архитекторы жарыстың техникалық делегатымен бірге соңғы сынақтарды өткізген еді. Шейпер-архитектор Валентин Котляровтың айтуынша, фристайлға арналған жолды салуға небәрі 10 күн кеткен. Алайда, бұл жолда өткен жылдың жазынан бастап күрделі жұмыстар жүргізілген. – Біз жолдарды еуропалық стандарттарға сай дайындадық. 3 акробатика трамплинін салдық, могулға арналған жоталар жасадық. Жолдардың техникалық жағдайын Азиада техникалық делегаты қабылдап, бекіткен, – деді Котляров. Ал фристайл сайысында өнер көрсеткен спортшылар фристайл трассасының 10 күнде салынғанына сенбейді. Сапасы жағынан сөз келтірмейтін жарыс жолы әлімсақтан бері солай келе жатқандай, сақадай сай еді. Дмитрий Рейхерд:«Телефон қоңырауы маған күш-жігер берді»
Сонымен «Табаған» спорт кешенінде Қазақстанның фристайл құрамасының көшбасшысы Дмитрий Рейхерд 31 қаңтарда жанкүйерлердің үмітін ақтап, Азия ойындарында могул сайысының жеңімпазы атанды. Олимпиада ойындарына қатысушы, Әлем Кубогы мен Еуропа кубоктарының түрлі кезеңдерінде алдына жан салмаған Дмитрий 23,63 ұпай жинап, жапондық Уено Осамуды артта қалдырды. Жаттығулар барысында трассаны тексеріп көргеннен кейін, Дмитрий қандай элементтерді орындайтынына шешім қабылдап: – Таңдаған бағдарламамды жеңіл деп айта алмаймын, Алайда, Азиадада мен керемет бір нәрсе көрсетуді жоспарлаған да жоқпын – тек өзімнің әдеттегі орындап жүрген элементтерім, – деген еді. Могулдың алтынын асынған Рейхерд: – Мен туған еліме тағы бір алтын жүлде алып келгеніме қуаныштымын! Алайда, алда әлі қатар могул бойынша сайыстар бар. Сондықтан, әзірше «уһ» дейтін уақыт келген жоқ, – деген болатын. – Жарыс басталар алдында не жайлы ойладыңыз? – Бұл қызықты оқиға: дәл сөре кезінде, менің шығатыным хабарланып қойған, жарысқа дайын тұрмын. Тап осы уақытта телефоным шырылдады. Одан шыққан көңілді әуен маған күш-жігер берді! – Соңғы Олимпиададағы сәтсіз нәтижелеріңіз Азиадада бар күшіңді салуға ынта берген жоқ па? – Жоқ, мен бір нәрсені ойымнан шығармай, сәтсіздіктерден кейін тоқырап қалатын адам емеспін. Әрқашан алға қарау керек, алдыңа жаңа мақсаттарды қойып, сол мақсаттарға жету керек.Біреудің қателігіне қуанамын деп алтын жүлдеден айырылып қалды
Азия ойындарының чемпионы, Қазақстан биатлоншысы Александр Червяков жарыс күндерінде жанкүйерлерін қуантудан жалықпады-ау. Алтын медаль алу жоспарын да толықтай орындады. 1 ақпанда ол биатлонды спринт жарысында алтын алса, келесі күні де 12,5 шақырымдық ізге-түсу жарысында сол жетістігін қайталады. Айтқандай, осы жолы Червяков жарысқа бірінші болып шықты. 6 секөндтен кейін спорт сайысын қытайлық Рен Лонг жалғастырды. 33,5 секөнд өткен соң жарыс алаңына Жапония спортшысы Джунджи Нагаи шықты. Жол бойында осы Нагаи Қытай биатлоншысынан озып кетіп, Червяковтың соңына түсті. Бірақ қазақстандық спортшыны бір жайт құтқарып қалды. Червяковтың нысанаға атқан оқтары тимей жатқанын көрген Жапония спортшысы қуанғаны соншалық өзінің нысаналарынан көңілі ауып кетіп, мұқият болған жоқ. Мұнысын жапондық спортшы ойын аяқталған соң өзі мәлімдеді. – Червяков – өте тәжірибелі биатлоншы. Дегенмен, бүгін оның жолы болмаған сияқты. Атыс шебіне мен Червяковтан кейін келіп жетіп, оның көздей алмаған нысандарын көрдім. Жасыратын несі бар, қарсыласымның мүлт кеткенін көріп, қатты қуандым. Орынсыз болған қуаныш өзімді тығырыққа апарып тықты. Бұрын менде нысана дәлдеуде ешқандай кемшілік кетпейтін еді. Дей тұрғанмен, нағыз биатлонның қандай болуы керек екендігін баршаға көрсеттік. Жарыс тартысқа толы болды. Ойын аяқталғанша жүрегіміз жиі қағып, қобалжыдық. Менде Александрмен кездесетін сәттер әлі болады. Біз эстафетада жеке жарыс кезінде бақ сынасамыз. Есемді қайтарамын деп ойлаймын, – деген болатын. Сол жолы Александр Червяковтың айтуынша, керісінше оның жолы болған, соның арқасында ол жеңіске жетті. – Ізге түсу жарысы алдында ес жинауға бір тәуліктен аз уақыт берілді. Трассада шаршағанымыз білініп тұрды. Егер жапондықтар менің қалай атқаныма емес, өздерінің ойынына жіті көңіл бөлгенде, нәтиже басқаша болар еді. Бұл жолы менің жолым болды. Спринтте күміс медаль алған Қытай биатлоншысы Рен Лонг алған қола жүлдесі жайлы былай деп ой бөліседі: – Червяков дегенде бірден шапшаң биатлон деген ой түседі. Ол мергендігімен болмаса да, шапшаңдығымен жеңісті кез келген адамның уысынан суырып ала алады. Жарысқа шыққан сәттен бастап қазақстандық спортшының соңынан жүгірдім. Атыс шебіне дейін оны озып кетем бе деп едім. Бірақ мен өте баяу аттым. Атыс шебінде уақытымды өлтіріп алдым. Бұл Азиадада енді жарысқа шықпаймын. Бапкерлердің үмітін ақтамағаныма қынжыламын. Осылайша, Джунджи Нагаи қазақстандық спортшының қателігіне қуанамын деп босаңсып, алтын жүлдеден айырылып қалған. Айнаш ЕСАЛИ.