Жаңа Жолдаудың жанымызға жақын, қуана құптайтын жаңалығы – тілдерді дамытуға ерекше көңіл бөлінуі. Бұл жөнінде арнайы тарау берілген. «Біздің міндетіміз 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады», деп нақты атап көрсетілді.
Бұл – жауапкершілігі мол үлкен міндет. Оның ойдағыдай орындалуына қазақстандық әрбір азаматтың ықыласы мен ынтасы, ұйымшылдығы қажет. Мұны мемлекеттік тіл жанашырларына деген шынайы қамқорлық пен қолдау деп бағалауға тиіспіз. Осы мүмкіндікті бағамдай, бағалай, орынды пайдалана білуіміз қажет.
Әрине, 95 пайыздан астам жергілікті ұлт өкілдері тұратын Сыр өңірінде Жолдауда белгіленген міндет қазірдің өзінде орындалып та отыр. Дегенмен, барлық мекемелерде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуде, ұлттық салт-дәстүрлерді жаңа талапқа сай өрістетуде жетілдіре түсетін жайлар да жеткілікті. Сондықтан алдағы уақытта да тілді дамытудағы игі шаралардың өрістей беретініне сенеміз.
Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ, «Сыр мектебі» газетінің бас редакторы.
Қызылорда.