Алматыда 2017 жылы өтетін 28-ші Қысқы Универсиадаға дайындық аяқталып келеді. Осыған орай газет тілшісі Универсиадаға дайындық және оны өткізу жөніндегі дирекцияның жетекшісі Наил НҰРОВПЕН әңгімелескен еді.
– Наил Фаридұлы, ұйымдастыру комитетінде Универсиаданың тұмары мен медальдар логотипін бекіттіріп алдыңыздар. Қандай уайымыңыз бар?
– Мен әңгімені уайымдамайтын мәселелерден бастайын: ең алдымен, құрылысшыларымыздың Универсиадаға арнап ғажайып спорт ғимараттар тұрғызғанын атап өткім келеді. Аса маңызды спорттық үш нысан 95 пайыз дайын. Олардың ішінде 12 мың орындық әмбебап «Алматы-Арена», 3 мың орындық «Халық-Арена» және Алматыда тұңғыш рет бой көтерген Олимпиада қалашығы бар. Ал енді мен не үшін уайым жейді деңіз? Универсиадаға қызмет көрсету шарттары бойынша спорт ойындары мүмкіндігінше айқын әрі таза өтуі тиіс, сатып алынған құрылғылар мен бұйымдардың, – олардың шамасы 1000 лоттан асады, – барлығы да Универсиаданың порталында жүктеулі тұр. Бүгін біздің алдымызға пайдаланатын өнімдердің 60 пайыздан астамы отандық болуы керектігі міндеттелген. Олардың барлығы байқау қорытындысы бойынша анықталады. Сол байқауда ең үздіктер жеңімпаз атанса екен, бұл бәсекеде елімізде спорттық құрал-саймандар жасайтын және қызмет көрсететін озық компаниялардың жолы болса екен деймін. Бұл – бір. Екіншіден, Алатаудың етегіне қар жылдағыдан қалың түссе екен деп те армандап отырмын.
– Бұқаралық ақпарат құралдарына берген бір сұхбатыңызда Универсиада-2017 әлемдік спорт жарыстарының ішіндегі ең тиімді жолын, бағытын, бағдарламасын ойластырған спорт ойындары болып отыр дедіңіз...
– Қала әкімі Бауыржан Байбек бізбен әр кездесуінде студенттік спорт ойындарының мүмкіндігінше тиімділігі жағына басымдық беру керектігін үнемі ескертеді. Біз бұл Ойындар неғұрлым қымбатқа түссе, соғұрлым үздік өтеді деген ойдан аулақпыз. Алыс-жақыннан келген спортшылар мен турист қонақтарды Шығыстың ертегісіне тән аста-төк тоймен думандатып қарсы алуды немесе шашылып-төгіліп, барымызды көрсетуді мақсат етпейміз. Қаланы түрлі-түсті жарнамаға бояп, қымбат қатынас көліктерін заулатып жүргізіп қою да ойымызда жоқ. Біз қонақтарымызды мүмкіндігінше қысқы спорт ойындарының ұйымдастыру шараларының көңіл көншітетіндей ғұрыптарымен таңдандыруға ұмтыламыз. Өткен Азия ойындарындағыдай емес, бұл жолы қатынас көліктері жалға алынады. Бюджет үнемдейміз. Тек қана тестілік жарыстан жарты миллиард теңге үнемдей алатынымыз туралы да айтқым келеді. Конькимен жүгіру мен трамплиннен секіруде, хоккей ойыны мен салтанатты қабылдаулар санын шектеуде, шетелдерге жарнама шығаруда ілкімділік таныттық. Мәселен, Азия ойындарында мәдени шараларға мейлінше қомақты қаражат бөлінген, біз бұл жобалардан да үнем жасадық. Универсиада алауы эстафетасын алып жүру іс-шараларын да қайта қарадық. Мұның бәрі жаппай қысқарту жасалды деген сөз емес, керісінше, қаржының бәрі де өз орнымен, мазмұнымен жұмсалатынын көрсетеді. Бірақ, шаралардың тиімділік жағына ерекше көңіл бөлінді. Көптеген декорациялық қойылымдар мен айрықша пафостық шекпен-шерулер де жобадан сызылып тасталды.
– Универсиаданың директорына, спортшыға және Қазақстанның қатардағы азаматына сауал: «Универсиада-2017» бізге – Қазақстанға не береді?
– Алдымен азамат ретінде айтарым: Универсиада спорт әлемінде жаңа есімдерді шығаруы тиіс. Баршаға мәлім бір жайт бар: жас жеткіншек Серік Сәпиевке ұқсағысы келеді, Мессиді пір санайды. Солай емес пе?! Спорт – жас ұрпақ үшін бірден-бір тәрбие мектебі. Екіншіден, еліміз Универсиада арқылы ғажайып спорттық құрылыс нысандарын иеленді. Өзіміздің танымал спорт кешендерімізді де күрделі жөндеуден өткізіп аламыз. Мәселен, биік таудағы «Медеу спорт кешенінің» тұрғызылғанына қанша жыл өтті? Шымбұлақ спорт курорты мен «Алатау» биатлон кешені жедел жөндеу жұмыстарына зәру еді. «Табаған» ұмытыла бастаған. Универсиаданың арқасында олардың барлығының қайтадан өңі кіріп, әрлене бастады. Үшіншіден, біз арман қанатындағы жас мемлекетпіз. Универсиаданың бұл сатысы Олимпиадалық ойындарға бастап алып келе жатыр. Бірінші баспалдақта біз Азиада өткіздік, екіншіде Универсиада өткелі тұр, үшіншіде... Мүмкін тағы бір қысқы Азия ойындары немесе жабық ғимараттар талабы бойынша спорт түрінен жарыс шығып қалар... Қалай дегенде де, түптің түбінде Қазақстанға Олимпиадаға жол ашылады. Міне, мен соған сенемін.
Әңгімелескен
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген
Нұрманбет ҚИЗАТОВ