Осы күндері Туризм және спорт министрлігіне Қысқы Азия ойындарының қонақтары мен қатысушыларынан алғыс хаттар молынан түсуде. Солардың бірі жақында Азиада кезінде Астана мен Алматы қаласында сапармен болған Халықаралық олимпиялық комитетінің президенті Жак Роггеден келді. Ол VІІ Қысқы Азиаданың лайықты өткізілуімен және Қазақстан спортшыларының жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алғанымен құттықтайды. Сонымен бірге еліміздегі спорттық инфрақұрылымның сапасы мен қазақ халқының қонақжайлылығына ризашылығын білдіріпті.
Бұдан басқа министрдің атына елімізді Азиаданы өткізуімен құттықтаған Азиада олимпиялық кеңесінің президенті Шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабақтан алғыс хат келіп түсті. АОК басшысы Азиаданың өз тарихында үлкен жетістікке жеткенін, құрлықтың басты жарыстарының бірінің Қазақстанда өткізілуі болашақта республикалық ұлттық олимпиадалық комитетіне тәжірибе жинап, басқа да ірі жарыстарды ұйымдастыруға септігін тигізетінін атап айтқан. «VІІ Қысқы Азия ойындарының өткізілуі келесі жарысты қабылдайтын елдерге үлгі көрсетті. Қазақстан Азиаданы жоғары деңгейде өткізу үшін барлық жағдайды жасады», – делінген АОК президентінің хатында.
Дастан КЕНЖАЛИН.