Қыс... Жеді – желтоқсан желігіп өте шықты... Тентек дәлу – қаңтар біраз тепсінді. Сосын өлмеген құлға «жақсы болса – құт, жаман болса – жұт» болып үттің – ақпанның айы келді... Ар жағы амал – наурыз...
Шыр айналған дүние деген осы да. Осылай айналғалы қаншама ықылым заман өткені белгісіз. Білсек, болжалын ғана білерміз.
Орыстың аяз туралы, қыстың күні бар билікті қолға алған Аяз ата туралы ертегілерін бала кезімізде көп оқыдық. Теледидардан тамашаладық. Шетелдің Санта Клаусын да. Пушкин жырлаған қыс ше... Бірақ, менің санамда айқын сақталғаны – бастауыш сыныпта жаттаған Абайдың «Қыс» атты өлеңі. Бала қиялға шынымен-ақ қыс данышпан ақын суреттегендей «ақ киімді, денелі, ақ сақалды» шал болып елестейтін. Алты-жеті жасар бала сезім сол тылсым әлемнен келген «шалды» қалай көрер екенмін деп біраз сандалғаны да бар. Анау Арғанатының жотасынан түсер деп ауылдың батысына көп қараған да шығармын. Менің ауылымның қысы қатал әрі ұзақ қой, Оралхан Бөкей ағам айтпақшы. Сондықтан оны «тірі бейнеде» көргім келгені заңды болар...
Қар жамылған далада төбешік-төмпешіктерді сырғанаққа айналдырып, шанамен зулаған балалығым осы «шыр айналған дүниенің» бір қиырында сағым болып көшіп жүрген тәрізді. Әзірге көше берсін. Ол жоқ, ғайып болған деуге ауыз бармайды.
Қыстың бір сиқыры бар. Аязы арқырап, бораны бұрқырап жатса да осы мезгіл тазалық пен сұлулықтың, алмағайып тіршіліктің бір құпия сырын өзіне бүккен тәрізді.
Көз алдымызда қаһарымен, қарымен көрінген мезгілдің шын бейнесі тұрса, көңіл кеңістігінде, жан-дүние шеңберінде қыстың әр айы әр қалыппен, әр бейнемен, тылсым сыр, басқаша кейіппен құбылады. Иә, мына әлем бар, таным тілімен сөйлесек, фәни мен бақи, бұ дүние мен о дүние бар. Одан басқа біз таныған ғаламда рухани әлем бар екенін бәріміз білеміз ғой. Бірақ әрқайсымыздың оны көңіл көзімен көруіміз, түйсінуіміз әртүрлі. Рухани танымда жыл мезгілдері жансыз зат, тек табиғаттың мезгілдері деп қаралмай, жанды бейне ретінде танылатыны ақиқат. Абай атам қысты тектен текке «басқан жері сықырлап келіп қалған кәрі құда» түрінде бейнелемеген болар... «Қылышын сүйретіп қыс келеді» дейтін үлкендер де.
Қазақтың поэзия кеңістігінде жыл мезгілдерінің «жанды кейіпке» айналуының ең басы мен білгенде Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат түрк» еңбегінен мәлім («Қыс пен жаздың айтысын» айтамын). Сол заманнан бұл заманға дейін қыстың қатал бейнесі біраз жырланды. Бүгіннің тереңнен толғар текті ақындарының бірі Есенғали Раушановтың поэтикалық әлеміндегі қыс қалпы – солардың бірі әрі бірегей мысалы.
Ақынның табиғат хақындағы өлеңдерімен бірге жыл мезгілдерін көркем тілмен сипаттайтын қара сөзбен жазылған туындылары да оқырман қауымға белгілі. Солардың қатарында «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» атты ұлы ақын Абай өлеңімен аттас жазбасы бар. Күздің соңғы айы мен қыстың алғашқы айы ғой бұлар. Қауыс пен жеді...
«Бiздiң қазақтың: “Қараша келедi, жақсылыққа бақса бетегеден биiк, жусаннан аласа келедi, жамандыққа бақса қары мен жаңбыры таласа келедi” дейтiн айы осы ай. Байқап отырсаңыз, көшпелі ел он екi айдың ешқайсысын да жамандамаған. Қараша тұрмақ, қаһарлы қаңтардың өзiнен жылылық тауып, қыстың жазға бергiсiз май тоңғысыз күндерi деп сүйсiнедi», деген «білмейтіні жоқ» қаламгердің осы сөзіне бас шұлғисың. Осылай дей отырып екі мезгілдің тоғысындағы екі айдың тынысы мен тіршілігін танытады. Қарашадағы құстардың күнкөріс әрекетін баяндай келе тіршілік үшін күрестің оңай еместігін көрсетеді.
Қарашадан кейін келген қыстың алғашқы айы – жеді-желтоқсанды ақын көз алдымызға мүлде басқаша, тың да тылсым қалпымен әкеледі.
«Сөйтiп жүргенде: “Менi қарашұбар қарашаның туысы деуге қалай ғана тiлiң барады?” дегендей аққұба қыс келедi. Оның аты – желтоқсан. Жер дүние түнде жауған қардан соң алыс жолдан шаршап келiп, бiр сәт қалғып кеткен атасының ұйқысын бұзып алмайын деген баладай демiн iшiне тартып тына қалған. Төңiрек аппақ-ау, аппақ. Тек бұта басына iлiнiп қалған бiр жапырақ қызыл матадай боп әр жерден суықторғай көрiнедi».
Қазақтың желтоқсаны (орыстың декабрін еске алыңыз. Осы айдың бір құпиясы болар, сірә) «саяси өмірімізде» азаттыққа талпынған ай еді ғой... Иә, осы Есенғали ақын емес пе:
Желтоқсан деген бір ай бар,
Шабынтып мінген үлекті.
Шыңылтыр күнде шырай бар,
Жылытар ма екен жүректі?! - деп жырлаған.
«Тарихқа көз салсаңыз, бұл айда неше бiр ұлы оқиғалар болған. Бiз үшiн бұл ай 1986 жылы қазақ жастарының көтерiлiсiмен қымбат. Бұл қозғалаң туралы да соңғы кезде әртүрлi алыпқашпа әңгiме көп. Саясат жүрген жер – лаң. Лаңсыз, дау-дамайсыз, таза өмiр сүруге болмас па, тоба? Мысалы, Ана-Табиғат секiлдi» дейді ақын.
Желтоқсан жайлы бұл өлеңінде ақын рух бұлқынысын бейнелеген. Намыстың, ызаның ширығуын танытуда желтоқсан айын шабынған үлекті мінген қалыпта кейіптеген. Кешегі күнгі екі жүзді саясаттың құрбаны болған, замананың қыспағына түскен ашу-ызаның шарасыз халін нардың үлек қалпынан айрылып, көртке ұқсауымен көрсете отырып, ақын тарихи оқиғаның қасіретін тұспалдайды:
Кеп-кеше мықты секілді ед,
Көртке ұқсап қалды жүдеп нар.
Желтоқсан сайын жетім боп.
Бір жылап алар жүрек бар...
Жүрек жылайды. Жылайтыны – қысымға, әділетсіздікке шыдамайды. Заманның адамға үстемдігі, тағдырдың талайы жылатады оны. Желтоқсан айының мұңлы да қорғансыз бейнесін тым әсерлі бейнелеген ақын қыс мезгілін жырлауды ай кезегімен ары қарай жалғастырады... «Қысқы таң» мен «Қысқы кештің» (ақын өлеңдері) суреті де назардан қалыс қалмайды:
Өршелене ұйытқыған өтті бүлік,
Жатыр дала манаурап, көк тынығып.
Ай нұрына шомылған қарашаш түн
Тас үңгірдің қойнына кетті кіріп.
Сірессе де сіреу қар күтірлеп бір,
Тұл боранға не үшін түтілмек бұл?
Тебінгідей аспанда тегене-күн
Аппақ нұрға, дариға-ай, шүпілдеп тұр.
Қысқы таңның да осындай тек өзіне тән сұлулығы, өзіне ғана тән ерекше болмысы бар. Адамзат тіршілігіндегі үмітке шүпілдеген таң қаһарлы қыста да сол болмысынан жазбайды. Ал, қыстың кеші қандай еді?!
Көпек итпен қосыла боран ұлып,
Түндікті тау төбесін орады бұлт.
Түнгі қолат қойнына құлап жатты
Түйетайлы беткейден жол ағылып.
Таң – үміт болғанда, кеш – күдік пе? Өзі қыс болса, өзі кеш болса. Солай болған күнде де өмірге ынтық пенде одан түңіле алмайды. «Он екi айдың ешқайсысын да жамандамаған, қаһарлы қаңтардың өзiнен жылылық тапқан» (Е.Раушанов) көңіл қайдан түңілсін! Сондықтан да:
Ымырт емен аяғы түнмен біткен,
Ырзығым бар келетін күннен күткен.
Күн батты деп күрсіне алмадым мен,
Ертең таң боп атарын білгендіктен, – деп, ақынмен бірге күбірлейміз. Күн мен түн, қыс пен жаз алмасқан өмірді сүйгендіктен сөйтеміз.
Бораны ұлыған қыстың тағы бір айы – қаңтар. Тентек дәлу. Бұл айдың келуі мен кетуі қызық. Мұны Есенғали «Қаңтардың келуі» өлеңінде былай баяндайды.
Ысқырығы ысқырып,
Ыспа қара бұлт мініп,
Желтоқсан мен қараша
Жетегінде жұп құрып,
Қатты келген қаңтар еді,
Бұл да кетті жөніне
Әр тұсқа аппақ күрке тіктіріп.
Қаңтарды мен біртүрлі жақсы көретінмін. Осы айда дүние есігін ашқандықтан болар. Есейген шағыма дейін әр жыл сайын бір-бір адымдап қаңтарға қарай жақындап келе жатқандай сезінуші едім, енді керісінше, бір адым шегініп алыстай түскен тәріздімін. Жүрекке кейде жылы, кейде суық қаңтар. Менің кінәмшіл көңілім ғана солай қабылдайтын шығар дейтінмін. Сөйтсем, бұл ай да бұлғақ екен-ау. Оны ақын да айтады:
Есін жиды міскін бақ,
Қар жауып тұр ұшқындап.
Осы екен ғой, тәйірі,
«Осал болса – қыс бұлғақ».
Қойды ырғалып қарағай,
«Қаңтардың күні қарға адым» деп мысқылдап.
Қарағай мен шалқалай күлген «тарпаң айға» таба болған қайран қаңтарым-ай! Ақынша айтар болсам:
Шаққа тұрған жаның бар екен,
Таққа міну не теңің еді, қаңтар-ай?
Жазғырды деп сөкпе, дәлуім. Тентектігіңе басып шамданбағайсың. Уақыттың өткіншілігіне деген өкпемізді білдірген түріміз де...
Қаңтар ауып, ақпан адымдап келеді. «Қаңтардың күні қарға адым, ақпанның күні ат адым» деп отыратын нағашы әжем есіме түседі. Күннің ұзарғанын айтқаны ғой. Балалығым сағым кешіп жүрген Шығыстағы былтырғы һәм биылғы қатал да қаһарлы қыс бойымды тітіркендіреді. Есенғали ақынша:
Ақпан-тоқпан,
Ай мүйізді алты күн.
Райдан қайт, жарқыным,
Жылан түкті жеті күн,
Жылдам болғай кетуің,
Қырыңа алсаң қырық күн,
Атыңнан түс, тыныққын, – дегім келеді үт айына. Қазағыма құт болғай деп дұға қыламын іштей. Жеді жылжып, дәлу сырғып кеткенімен, ақпанның қаһарынан қорқамыз. Ақын ағамыз дәл айтқан:
Мінгені Ақпан шалдың ала байтал,
Қылығы көп болып тұр санап айтар,
Қаһарын төгеді-ай кеп төрде отырып,
Қарсы алса қол қусырып қарағай-тал.
Қыла алмай қырланса да еменге түк.
Салды ойран жас қайыңға төмен кетіп.
Байғұсқа Каңтар да аяп тимеп еді,
Шал келіп қырып салды сереңдетіп.
Ақпан шалдың мінезі жаман. Қатал-ақ. Есенғали ақын қыстың көктемге ұласар тұсын арқау еткен «Өліара» өлеңінде «Тақтан түссе де аттан түспеген ақшұнақ шалдың» ашуына таң қалады. Ашуын ауыздықтар кім бар дейсің. Бірақ, бар екен. Уақыттың заңдылығын ақпанның ашуы жеңе алмайды. Мезгіл өтеді, қыстың соңы болған үт те кетеді. Ақпанды жеңетін – жылы жүзді, жұмсақ мінезді амал айы бар. Көктемнің алғашқы айы. Мың сан қамшысын үйіріп, ақ боранын бұрқыратқан ақпан еріксіз жуасиды, ғұмыры таусылады. Ол да Есенғали айтқандай күз сияқты «қайтыс болады». Ақын уақыттың осындай өзгермелі қалпын да өлең тілімен былайша толғайды:
Өліктен қарға қуып күшігенді
Көбеген ерте туған үсіп өлді,
Түн ауа шошып тұрып ышқынады ол,
Сан пәле кіреді әсте түсіне енді.
Ертең-ақ Есентай жақ жайнап, күліп,
Құс біткен ән салады сайрап тұрып.
Ақпан шал таудан асып жоғалады,
Байталға жамалдатқыр жайдақ мініп,
Ал біз қаламыз…
Біз, яғни адамдар қаламыз. Алла жазған пенде қаһарлы қыстан сытылған тіршіліктің куәсі болады. Тағы да ақын жырлайды:
Қар астында бәйшешек гүл желкілдек.
Самал қашан есер екен еркіндеп?!
Бірінші боп қуанады сарышымшық
“Наурыз әпкем келеді ертең төркіндеп”.
Жылда осылай жыласа да қыстығып,
Ақпан сайын бойына ерек күш кіріп,
Бірінші боп шақырады Наурызды ол
Ең соңғы әнін сап тұрғандай ышқынып.
Пенде баласының жылылыққа талпынған көңілі ғой бұл. Сарышымшықтай шырылдаған үмітке толы көңіл...Үмітті үсік шалмағай.
Қаһарлы ақпан шалдың кәрінен сақтасын.
...Менің ауылымды қазір де қалың қар басып жатыр. Мектеп пен екі ортаға да аяқ жол салып отырмыз дейді. Ол ауылда менің дүниедегі ең қымбаттыларым – ата-анам бар, көзге елес, көңілге сағыныш болып орныққан балалығым бар, сол балалығымның куәсі болған үйім, тау мен тас, ой мен қыр, бастау мен өзен бар...
Ақпан шалдың қабағы жылы болса екен оларға.
Ғалам тоңып тұр. Күллі дүние аппақ қардың құрсауында. Ақын айтқандай «қар астында қамығады кең ғалам...». Тек суықтыққа, қысқа ғана емес, ғайып-жалғанның тұрақсыздығына қамығатын болар...
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ, ақын. Астана.