• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2011

Сынық Қанат пен ғажап Қуат

580 рет
көрсетілді

Дүйсенғали

Торғайдың даласындай сұлу жерді Дүйсенғали сирек көрді. Сол сұлу өңірдегі Амантоғай ауылында өсті. 70-ші жылдары мектепті бітірген соң комсомол-жастар бригадасында қал­ған сы­ныптастары Айтбай Қар­қа­батов, Батырхан Сәбитбеков, Абзал Ос­панов, Әділ Мұхамет­жанов, Қа­лихан Дүбірбековпен Дүй­сен­ғалидың жұбы жазыл­ған емес. Жайлаудағы қой со­ңын­да жүр­ген ол да бір дәурен екен-ау. Ба­лаң жігіттердің бәрі де ат құла­ғында ойнайды, с­а­ғым­ды далада алы­сып-жұ­лыс­қан достар ойын­ғ­а да, әңгімеге де, әзілге де той­майтын. Олар­дың айтқан әнін, көкіректегі армандарын дала­ның ерке са­ма­лы алысқа алып кетіп жататын. Сыныптастарының арасын­да еті тірі, ұйымдастыруға келгенде жұртты ұйытып әкететін Дүйсен­ғалиды аудандық комсомол комитеті қызметке шақыр­ды. Комсомолда Дүйсенғали сияқ­ты өнер­лі, білімді, екі тілге бірдей ағып тұрған кадр ерекше бағаланатын. Әттең, дүние-ай, тасы өрге домалап бара жатқан жастың жолы өзге арнаға оқыс бұрылып кетті... Іссапармен кетіп бара жатқанда авто­көлік апа­тына ұшырады. Же­ңіл мәшиненің алдынан шыға келген КамАЗ-дан қаймығып, рөл­ді бұр­ғаны сол еді, өзенге құ­ла­ды. Мо­йын омыртқасы сын­ған­дықтан екі қол, екі аяғы бірдей жансызданып қалды. Дүй­сенға­лиға алдымен есін жиюдың өзі мұң болды. Он төрт күн бойы Арқалықтың ауруханасында ес-түссіз жатты. – Ауылдан ағайындарым мені адам болмайды деп орайтын кілем алып келіпті. Арқалық қала­сын­дағы ауруханада балалар дәрі­гері болып істейтін ағайы­мыз: «Бала­ның көзі жұмылмай тұрып әкет­пең­дер. Алып кеткенде өлтір­ген­нен басқа көмектерің қайсы?» деп мені тастап кетуге кеңес беріпті. Содан екі күннен кейін мен есімді жидым,–дейді Дүйсенғали сол ауыр күндерді есіне алып. Жас жігіт қанаты қырқылған құстың кебін киді. Бірақ жүрек атша тулап соғып тұр. Өмір үшін жанталасқан күн­дер басталды. Дүйсенғалидың тек бір жыл жеті ай дегенде ғана екі қолына жан кірді. Ұлының маңдайынан тер моншақтап ағып, қиналған сәтін­де анасы Бибіажар: «Құлыным, үмітіңді үзбе, болаша­ғың алда» деп жұбататын. – Достарым мені мүгедек екен деп өзгеріп кеткен жоқ, өмір­ге деген құштарлығымды арт­тырған да солардың аппақ пейілі шығар, – дейді Дүйсенғали. Ол бастапқы кезде қайтсем де жүремін деп ойлады. Киев, Мәс­кеу, Ташкент, Ленинград сияқ­ты қалалардағы нейрохирургиялық орталықтар, Қырымдағы санаторий Дүйсенғалидан қалған жоқ. Қарағандыдағы омыртқасы за­қым­данған науқастар үшін бейімдеу-емдеу орталығына жылда келіп емделіп жүрді. Ол осында Ару­на Жақсығұловамен танысты. Аруна Ол бала кезінен-ақ Аруна десе – Аруна болатын. Ата-ана­сы­мен қоса алғашқы көрген немересін әжесі өбектеді. Сабақ­қа ал­ғыр болды, мектептегі спорт, акробатика үйірмелеріне қатыс­ты. Мектепті бітірер жы­лы беті ап­пақ қағаздай, қою қара, тол­қынданып тұратын бұрымы білектей, талдырмаш қыз боп өсті. Ол келе жатқанда ауыл үйдегі көршілердің бәрі де еліктің ла­ғын­дай мөлдіреген қыздың көр­кі­не қызықтай қарайтын. Аруна заңгер болуды арман­да­ды. Ал жетпісінші жылдары заң факультеті Алматы мен Қа­ра­ғанды қалаларындағы университеттерде ғана болатын. Ата-ана­сы да, әжесі де Ару­на­ны алысқа жібергісі келмеген соң, ол Қос­та­най педагогика инс­титутының та­рих факультетіне құжат тап­сыр­ды. Ж­а­тақ­­ха­на­дан орын тимей, ата-ана­сының айтуы­мен Қос­танай қа­ласында тұратын бір жамағайын­дары­ның үйіне келді. Үш емти­ханды жақ­сы тапсыр­ды. Төртінші ем­ти­ханды тапсыру­ға дейін әлі екі күн бар. Алыстағы Қарасу ау­да­нын­дағы үйіне бармай-ақ, соң­ғы емтиханға мұқият да­йын­да­лайын деп ойлаған. Кітапханадан келсе әлгі туысының әйелі ауру­ханаға түсіп қалыпты, өзі сияқты абитуриент балалар да кетіп қалған. Үйде жамағайын ағасы екеуі ғана қалды. Ата-анасының қанатының астында әлі ештеңе көр­меген періште қыз өмірде жа­мандықтың, арам пиғылдың бола­тынын білмеген. Таң ата әлгі «аға­сы» шырт ұй­қыда жатқан балапан қызға тиісті, айтқанына көндіргісі келді. Ха­йуан­дық сезімі оянған алпамсадай жігіт есікті ашылмай­тын­дай етіп жауып алыпты, аппақ ары үшін жанталасқан қыз жан­ұшы­ра балконнан секіріп кетті. Шал­­қалай құлаған екен, үш омырт­қасы жан­шы­лып сынды. Қостанай облыс­тық ауру­ханасына Аруна үшін Мәс­кеу­ден бел­гілі мамандар да шақы­рылып, бір жылда үш операция жасады. Бірақ еш нәтиже болған жоқ, Аруна аяғын баса алмады. Ол үш жылға дейін жүрем деп ойлады, мүгедек арбасына отыр­ғысы келмеді. Әкесі Рахметолла марқұм жыл сайын бар қаржы­сын жинап, қызын арқалап алады да, қай жерде нейрохирургиялық орта­лық болса сонда кетеді. Аруна мен әкесі келе жатқанда үй-ішімен шулап алдынан шығады. Әжесі де, ана­сы да, бауырлары да Аруна бұ­рын­ғыдай тал шыбық­тай майысып жүріп келеді деп үміттенеді. Қайран көңілдер-ай, су сепкендей басылады. Рахметолла бір бөлмеге Аруна үшін жаттығуларға керекті түрлі құ­ралдардың барлығын жасап қой­ды. – Әкем сол құралдардың бә­рін де Қостанай қаласындағы зауыт­тарға барып жасатып әкелді. Үл­гілерін қайдан алғанын білмеймін. Кейін Қарағанды қаласын­дағы бейімдеу орталығында емделгенде сон­дағы құрал-жабдық­тармен бірдей екенін байқадым,–дейді Аруна. Рахметолла қызынан көп үміт кү­тетін. Қанаты қырқылған аққу­дай мөлдіреп отырған қызына қараған са­йын жүрегі езілетін. Қы­зының тағ­дыры әкенің жүрегі­не салмақ салды, ол небәрі 43 жасында дүние салды. Аруна Қарағанды қаласын­дағы омыртқасы зақымданған нау­қастар үшін бейімдеу орталығына емделуге келгенде арбада отырған Дүй­сенғалиды кездестірді. Қосылған қос өзен секілденіп... Дүйсенғали оған қарап отыр екен, екеуінің жанары түйісіп қал­ды. «Ат ерінді, ер мұрынды келеді» деп қазақ бекер айтпаған-ау, сірә», деп ойлады Аруна. Қоңқақ мұ­рын, қараторы жігіттің ұялы көз­дері аса мейірімді екен. Сөзінен де, әзілінен де бір шынайылық, тазалық бай­қалады. Арбада отыр екенмін деп жабығуын да, ауруы­ның жанына батқандығын да білдірмейді. Жігіттегі ерік-жігер, қай­сарлық Арунаны бірден тәнті етті. Екеуі шүйір­ке­лесіп кеткенін бай­қа­май да қалды. Дүйсенғалимен жанары түйіс­кенде қыз әнтек жымиған. Елік­тің лағындай екен. Аппақ жүзін бұрып еді, жігіт қыздың жәуді­ре­ген қарақат көзіндегі таңғы шық­тай тазалыққа шомылғандай бол­ды. Толқынданған қап-қара бұры­мы арбадан түсіп жүр. Адамдармен жатырқамай, жабық­пай сөй­леседі. Жүзінен әдемілік қа­на емес, ақылдылық еседі. Дүйсен­ға­ли өзінің арбада отырғанын ұмы­тып кеткендей, Аруна тұрып жүрсе ғой деп ойлады. Білектей бұрымы тізесіне түсер ме еді, ол мұнан да әдемі болып кетер еді. Екеуі әңгімелескенде Дүйсен Арунаның кітапты осыншалықты көп оқығанына таңғалды. Арунаға Дүйсенғалидың өмір­ге деген ынтызарлығы ұнады. Ол мү­гедекпін деп рухын түсірмепті, 90-шы жылдардың басында Аман­тоғай­дан жеке кәсіпорын, одан дүң­гіршік ашып, кә­сіпкерлікпен айна­лыс­қан жігіт екен. – Үйде отырғанда аяқ-қолы сау жігіттер сөз ай­тат­ын. Мен ондай ұсы­ныс­тарды қабылда­ма­дым. Мені сыйласа да, сүйсе де бәрі бір өмірде жұп­таса алмаймыз-ау деген ішкі даусымды тыңда­дым. Ал анам мен бауыр­ларым мені тұрмыс құра­ды деп ойлаған емес. Тіпті сіңі­лім: «Мен сені өмір бойы бағамын, кү­йеуге де шық­паймын», дей­­тін. Бі­рақ әкем қайтқан соң бұл өмірдің мәңгі емес екенін түсіндім, есейдім. Ойлана келе өзім үшін ешкімді де жолынан қал­дыруға тиіс емеспін, Дүй­­сенғалиға тұр­мысқа шыға­мын деп шеш­тім. Өйткені Дүй­сен­ға­ли­мен сөйлес­кен­де ар­қам­ды қабыр­ғаға сү­йе­­г­ендей, өзі­ме сүйеніш тап­қандай бо­латын­мын. Оған өте сендім, – дейді Аруна. – Бірақ Аруна қолға оңай түсе қойған жоқ. Бұ­рынғы Торғай об­лы­сын­дағы Аман­тоғай ау­даны мен Қостанай облы­сын­дағы Қарасу ауданының арасы 430 шақырым. Сондай қашық­тық­тан Арунаға үш жыл бойы жылына 3-4 рет барып тұрдым, – дейді Дүйсен. Амантоғайда дүрілдеген той өтті. Мұндай той Торғай, Қос­та­най өңірінде бұрын-соңды болма­ған шығар. Ел:«Екеуі бірдей арбада оты­рып енді қалай өмір сүреді, бір ша­ңы­рақты қалай ұстайды?» деген дүдә­мал оймен тарасқантын. Тойдың артынша Аруна келіннің пісірген тамағы, құйған шайы, үйді ұстауы бүкіл Амантоғайға аңыз боп жа­йыл­ды. Аяқ-қолы бал­ғадай әйелдер дү­кен сөресіндегі барды қанағат тұтып отырғанда, Аруна үйдегі қой­­маны тосап пен тұздалған, маринад­тал­ған көкөніс­тер мен салаттарға толтырып қоя­тын. Оның сыры бар. Жарақат ал­ғаннан кейін біраз жыл үйде отыр­ды. Кітапханада оқы­ма­ған кітап қал­дырмады. Сосын кітаптан тоқуды, тамақ пісіруді үй­ренді, өзі үйреніп ғана қоймай мек­тептің оқу­шы­лары­на үйірме ашты. Тын­бай ізденуі, ең­бекқорлығы оның өзін өмір­ге да­йын­даған екен. Қазір екеуі үйдің барлық тірлігін өздері атқарады. Дүйсенғали мен Арунаның қол ұстасып бірге келе жатқаны­на биыл он сегіз жыл толады. Аға­йын-жекжаттың ұйытқысы, ақыл­шысы да екеуі. Үйі үлкен, қонаққа жайған дастарқаны жиыл­майды. Туған-туыстары мен достары қуа­нышын да, қайғысын да Дүйсен­ғали мен Арунаға келіп бөліс­кен­ше асығады. «Үміт-Надежда» Шамалы уақыт Арқалықта тұр­ған олар 90-шы жылдары Қос­танай ауданына көшіп келді. 2002 жылы облыстың бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің көмегі­мен Қостанай қа­ла­сынан үй алды. Олардың тұр­мы­сы бұрынғыдан да түзелді. Дүйсен­ғали кәсіпкерлікпен айналысты, Ару­на Қостанай мемлекеттік уни­вер­ситетінің заң факультетін бітіріп алды. Қазір осы білім ордасындағы заң факультетінде дәріс береді. Білім қарымы жетерлік, қай жағы­нан да өмірлік тәжірибелері бар екеуі ойласа келе омыртқасы за­қым­­да­нып, арбада отырған мүге­дек­тер үшін «Үміт-Надежда» қо­ғамдық бір­лестігін ашты. Бұл қа­зір об­лыс­тағы ең алдыңғы қатар­лы, бел­­сенді жұмыс жүргізетін үкі­меттік емес ұйым болып саналады. «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігі алғашқы кездері мерекелер сайын Қостанай қала­сы­ның өзін­дегі арбаға таңылған елуден аса мүг­е­дек­тің басын қосатын. Енді маңызды жобалар бойынша олар өткізіп жүр­ген шаралар мү­ге­дек­тердің заңды құқықтарын қор­ғау сияқты үлкен істерге тал­пыныс жа­сай бас­тады. Соңғы бес жылда бірлестік Қазақ­станның сол­түстік, орта­лық, ба­тыс, оңтүс­тік және шы­ғыс об­лыс­тарына автошеру жа­сады. Бұл Қазақстанда тұңғыш рет қолға алын­ған шара болатын. Осы ар­қылы мүгедек­тер­ді қолмен бас­қа­рылатын авто­кө­ліктермен қам­тамасыз етуге мем­лекет тара­пы­нан жеңілдіктер жасауды қалпына келтіру мәселе­сін Үкімет алдына қоюды мақсат етіп отыр. Мүм­кін­дігі шектеулі адам­дардың автошеруін өткізу ай­ту­ға ғана жеңіл. Оған ғаріп жандар өздері қолмен бас­қа­рылатын етіп, қайта жасақ­тап ал­ған тоқ­санға таяу мәшине қатыс­ты. Автошеруге қатысқандар Қа­зақ­­­стан­дағы тарихи орындарға тәу етті, ау­дандарға, ауылдарға тоқ­тап, жұрт­­шылықпен кездесті. Сол ар­қылы мүгедектердің қоғам­нан тыс қалмай, белсенді өмір сүре білетіндігін дәлелдеуге тырысты. Қолмен басқарылатын автокөліктер қазір­де Ресейде, алыс шетелдерде шы­ға­рылады. Дүйсенғалидың ай­туын­ша, ондай көліктерді біздің еліміздегі зауыттар да қолға алса бітпейтін іс емес. Қостанай­дағы «АгромашХолдинг» акционерлік қо­ғамы шетелдік мәшине­лер­ді құ­­растырып жатқан жоқ па? «Үміт-Надежданың» жұмы­сы қа­зір сан-салалы, олар өткіз­ген акциялар, байқаулар, спорт­тың керлинг, арбадағы би түрінен жарыс­тар қостанайлықтарға ғана емес, республикаға да танымал болып қалды. Дүйсенғали қазақ­стандық мүгедектер конфедера­ция­сының Қостанайдан ашылған филиалы­ның директоры қызметін де қоса атқарады. – Облыста 22 мың мүгедек жан бар. Ал Қостанай қаласының өзін­де олардың саны 5600-дей болады. Соның тең жартысы балалар. Мү­гедектерге торғайға жем шаш­қан­дай, азын-аулақ мемлекеттік жәр­дем­ақы берумен шектелуге бол­майды. Басты мақсат–оларды қо­ғам­нан тыс қалдырмау, ғаріп жандар қоғамдағы «екінші сорт» адам болмауы керек.Өткен жылы «Кедергісіз өмір» жобасы бойын­ша облысты аралап шық­тық. Об­лыс орталығынан тым шал­ғай жат­қан Қамысты мен Жан­гелдин ау­да­нына ғана жете алмай қалдық. Қал­­ған аудан­дардың бар­лығында бо­лып, семинарлар, дөң­ге­лек үстел мә­жі­лістерін өткіздік. Сонда Науы­р­зым ауданында жа­сы он беске келсе де мектепке бар­маған, оқымаған мү­ге­дек ба­ланы кездестірдік. Бұл мәсе­лені шешуді біз дереу қолға алдық, – дейді Дүйсенғали. Өткен жылы қыркүйек айын­да Аруна Жақсығұлова Орталық Азия­дан жасақталған делегация құра­мында Жапонияға барып келді. Күн­шығыс елінің Сыртқы істер ми­нистрлігінің қаржылан­ды­руы­мен жүзеге асқан Jica ұйы­мының бағ­дарламасы бойынша жапон­дық­тар Орталық Азиядағы мүм­кін­дігі шектеулі жандардың белсенді лидерлері үшін семинар-кеңес өткізді. Өйткені Жапонияда бұл жөнінен тәжірибе де, көр­сетерлік іс те бар екен. – Бір айдан аса Жапонияда бол­ғанымызда онда мүгедек жандар үшін жасалған әлеуметтік кө­мектің барлығына куә болдық. Эко­номикасы да, әлеуметтік тұр­мысы да ширығып дамып кеткен бұл елде мүмкіндігі шектеулі адамдар өздерін өте еркін сезінеді екен. Оның барлығы да адамдарға жасалған жағдайға байланысты. Арбада отыратындар метрода да, қоғамдық көліктерде де ешкімнің көмегінсіз еркін жүреді, ал зағип жандар үшін жасалған жолдар тіпті қолайлы. Егер мүгедектерге метрода жүргенде бір қолайсыз сәт туа қалғанда арнайы нүктені баса қойса, көмекшілер келіп тұр. Қа­зақстанның да экономикасы да­мып келеді, қалаларда мүгедек жан­­дарға қолайлылық орнатуға неге болмасқа? – дейді Аруна. – Біздің өміріміз ешкімнен кем емес. Бақыт адамның қасын­да еріп жүреді деген рас. Өйткені бақыт дегеннің өзі адам көңілінің ор­ны­ғуымен, толуымен пара-пар түсі­нік. Деніміз сау болғанда мұнан да көп іс бітіретінімізге дау жоқ еді. Бірақ өмірде әр адамның орны, арқалаған жүгі бар. Арқа­мызға тағ­дыр жүк артқан кезде мү­ге­дек­пін деп жасы­май, адам­ның өзіне сенімі мен ру­хы биік­тігінің үлгісін көрсету біздің еншімізге тиген болар, бәлкім,–дейді Аруна мен Дүйсенғали. Осы жұппен алғаш танысып, әңгімелескен кісі сынық қанат ақ­қу мен сұңқарды көргендей жү­ректі сыздатар сезім мен ойдың ортасында қалары бар. Ал олар­дың өмірге деген құштар­лықпен атқарып жатқан ісін көргенде құсты аспанға ұшыратын қанат болса, адамды биікке көтеретін ақыл-парасат пен ішкі рухани қуат екенін әркім мойындап қалады. Иә, Дүйсенғали Оспанов пен Аруна Жақсығұлова жұртты қайсар­лығымен тәнті етіп келеді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.