Ресми Бағдад бертінге дейін басқа араб елдеріне қарағанда, аймақтағы өзіндік геосаяси орны бар ел ретінде сыртқы дербес саясатын жүргізіп келген болатын. Ирактың бұл қадамы Сирияға, Иранға қатысты ұстанымдарынан айрықша байқалды. Сонымен бірге, Ирак Күрдістаны және басқа да көптеген белгілі Ирак саясаткерлері, оның ішінде оппозициялық тұлғалар тәуелсіз сыртқы саясат жүргізуде белсенділік танытып отыр. Алайда, Үкімет басына келген жаңа Ирак билігі 2015 жылы әлемдік державалармен, аймақ елдерімен қарым-қатынастарына жаңа ұстаным енгізуімен ерекшеленді. Хайдар әл-Әбади бастаған Ирак үкіметі қазіргі таңда аймақ елдеріне деген саяси тұғырнамасын қайта електен өткізіп жатыр.
Ирак-АҚШ қатынасы негізінен әскери байланыстарға негізделеді. Дегенмен, бұл байланыстар Ирак АҚШ-қа толық тәуелді болған кезеңінен бастап, Америка елден қарулы күштерін шығарғанға дейінгі аралықта күрделі кезеңді бастан өткізіп келеді.
Америка Құрама Штаттары ұзақ уақыттан бері Ирактағы қалыптасқан жағдайды өз ырқында ұстау және оның аймақтағы ұтымды орналасқан геосаяси орнын өз мүдделеріне сай пайдалану үшін оған қатысты саяси-дипломатиялық, экономикалық, әскери, әлеуметтік және басқа да мақсаттардағы іс-шараларды жүзеге асыруға ерекше басымдық беріп отыр.
Вашингтон Ирактан өз әскерін әкеткенімен, Бағдадтың билік құрылымы мен өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мүмкіндіктерінің жеткіліксіз екенін есепке ала отыра, оған ықпал ету тетіктерін сақтап қалды. Ал Ирак үшін АҚШ-тың экономикалық және қаржылық көмегі әлі де маңызды. Сонымен қатар, Ирактың саяси элитасы да Ақ үймен тығыз ынтымақтастықты дамытуды қуаттайды.
АҚШ Иракпен әскери келісімшарттар жасасу арқылы да осы елдегі өз мүдделерін жан-жақты ойластырып отыр десек болады. Олар Ирак әуе кеңістігін қорғау бағытында әскери-техникалық ынтымақтастықты жандандыра түсті. Вашингтон F-16 әскери жойғыш ұшақтарын және әуе шабуылына қарсы қорғаныс құрылымдарын жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіп, қазіргі таңда оның алғашқы партиялары Иракқа әкелінді. Ақ үй көп миллиардты келісімдер Иранның аймақтағы амбициясын тізгіндеуге мүмкіндік берумен қатар, АҚШ әскерін шығарғаннан кейін Иракпен арадағы ұзақ мерзімді қатынастардың негізін қалауға септігін тигізетін болады деп жоспарлайды.
АҚШ-тың Иракқа деген айрықша қызығушылығының тағы бір тұсы, көмірсутегіне байланысты. Бағдад Вашингтонның аймақтағы басты экономикалық серіктесі саналады. Екі елдің сауда қатынасы соңғы он жылда 5 есеге өскені осының дәлелі болса керек (2002 жылы 3,8 млрд доллар болса, бұл көрсеткіш 2014 жылы 21,6 млрд-қа жеткен).
Бірқатар сарапшылар АҚШ шииттік және сүнниттік экстремизмнің өсуіне, Иранның ықпалына, сондай-ақ Сириядағы тұрақсыздыққа қарсы тұруға септігін тигізетін Ирактың одақтасы болатынына үлкен үміт артады.
Ирактың көрші елдер арасындағы басты одақтасы Иранмен қарым-қатынасы да жоғары деңгейде жалғасуда. Бағдад пен Тегеран жақын болашақта сауда айналымын 25 млрд долларға жеткізуді көздеуде. Ирак пен Иран ресми түрде өзара мүдделі экономикалық және сауда қарым-қатынастарын дамытуға ниет білдіргенімен, бірінші кезекте саяси қатынастар тұр. Ирактың бұрынғы вице-президенті, көрнекті саяси тұлға Н.Мәлики өз елінің Иранмен саяси альянс құруына жол бермейтінін мәлімдеген болатын. Дегенмен, Премьер-министр Х.әл-Әбади Иранмен арадағы жоғары деңгейдегі байланыс тараптардың мүдделеріне сай келетінін Тегеранға жасаған сапарында жеткізді. Аймақ державасы мәртебесіне ие Иран бір кезеңдерде Иракты бесінші колонна ретінде бақылауларында ұстап келген еді. Ендігі ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған) қаупі төнген тұста Тегеран Бағдадпен әскери ықпалдастық жолдарын қарастыру үстінде. Олар осы ретте Ирактағы тұғырнамасын бекемдеу мақсатында билік басындағы шииттік саяси күштермен тығыз байланыстарын күшейте түспек.
Иракта орын алып жатқан күрделі ахуалға қарамай, оның көрші елдердің арасындағы басты одақтасы Иранмен алдағы уақытта да қарым-қатынасы жоғары деңгейде сақталып қалмақ. Иран Ирактағы тұғырын нығайту үшін биліктегі шииттік саяси күштермен тығыз байланыстарын да нығайтады деп топшылауға негіз бар.
Ирактың көптеген араб елдерімен қарым-қатынасы жаңа кезеңге бет бұрды. Елді қалпына келтіру мәселесінде араб елдерінің көмегіне жүгінуді жөн деп тапқан Бағдад Сауд Арабиясы, Иордания, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт сияқты бірқатар араб елдеріне жоғары деңгейде сапарлармен барды. Бұған дейін Бағдадты Иранның тигізіп отырған ықпалының күштілігі туралы айыптап келген сүнниттік араб елдері қазіргі жаңа Бағдад билігімен ықпалдасуға ниетті екендіктерін байқатты. Олар бұл ретте, радикалды топтарға қарсы күресте Бағдад билігімен ынтымақтаса отырып, билік жүйесіндегі сүнниттік лауазымдардың артуын көздеуі ықтимал екендігін де жоққа шығаруға болмайды.
Аймақтық сарапшылар да Ирактағы соңғы жылдары үздіксіз орын алып жатқан терактілерге байланысты түрлі көзқарастарын білдіруде. Дегенмен, басым көпшілігі лаңкестік әрекеттердің өзегін Ирактың ішінен емес, сыртынан іздестіруде.
Бағдад Сауд Арабиясымен қарым-қатынастарын жаңаша түзе бастады. Ирак президенті Ф.Масум бастаған Ирак делегациясының Корольдікке жасаған сапары шеңберінде бірқатар қомақты жетістіктерге қол жеткізілді. Эр-Рияд Бағдадпен 2008 жылдан бері үзіліп қалған дипломатиялық байланыстарын қайта орнатуға ниеттерін танытты. Олар осы тұрғыда, жуық арада Бағдадта өз елшілігін, ал Ирбилде (Ирак Күрдістаны) Бас консулдығын ашу мәселесін қарастыруда.
Бағдад өз кезегінде Ирактағы дағдарыстарға бірінші кезекте Сауд Арабиясы кінәлі деген ұстанымдарыннан айныды. Олар, керісінше, ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған) дегенге және терроризмге қарсы соғыста Эр-Риядтың көмегіне жүгінуді жөн көріп отыр. Бұл туралы Ф.Масумның Эр-Риядқа жасаған сапары шеңберінде мәлімделді.
Екі ел арасындағы қарым-қатынастардағы оң өзгерістер жақын болашақта да жалғасын табатынына күмән келтіруге болмайды. Керісінше, көршілермен ынтымақтастықты нығайтуды көздеген Ирак үкіметі алдағы уақытта да Ирак-Сауд Арабиясы ынтымақтастығын жаңа кезеңге көтеруге күш салатыны анық.
Н.Әл-Мәлики Үкіметі тұсында Ирак пен Түркия қарым-қатынастары күрделі сипатта өрбіп келгені белгілі. Жаңа Ирак билігі олармен де байланыстарды жоғары деңгейге көтеру мақсатында бірқатар саяси қадамдарға барып отыр. Нәтижесінде, Ирак парламентінің төрағасы С.Жәбуридің, сыртқы істер министрі И.Жафаридің Анкараға, ал Түркия Премьер-министрі А.Дәуітоғлының Бағдадқа сапарлары жүзеге асты. Тараптар бүгінгі күні екіжақты ынтымақтастықтағы қордаланған мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.
Ирактың алдағы уақытта да сыртқы саясатты осы бағытта өрбітуге ұмтылатындығы көрінеді. Әлемдік державалардың аймақтағы саясаты Иракты өз қауіпсіздігі мен ел ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз етуі үшін сыртқы саясатта мейлінше белсенді қимылдарға жетелейді. Олар осы ретте, АҚШ, Иран, Сауд Арабиясы, Түркия сияқты әлемдік және аймақтық державалармен санаса отырып, ел ішіндегі билік жүйесін нығайтуды мақсат тұтатындығы күмән келтірмейді.
Сәлім ӘМІРОВ,
саясаттанушы