• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2016

Педиатрияда проблема бар

302 рет
көрсетілді

Өткенде Парламент Мәжілісінде мәселе көтерілді. Депутат Д.Еспаева 2011-2015 жылдарға арналған денсаулықты дамыту бағдарламасына сәйкес балалар емханаларының бұрынғыдай дербес емес, өзге емханамен бірігуінің, елдің ертеңі – балалар денсаулығына кері әсері бар екенін баса айтқан. «Қазіргі уақытта медициналық оқу орындарында «бала дәрігері» мамандығы алынып тас­талды. Бала дәрігері маманы болу үшін интернатураны аяқтау керек. Алайда, бұл ұсыныс қоғамда сынға алынған болатын. «Ақ жол» партиясына хабарласып жатқан азаматтардың айтуынша, емханаларда жалпы тәжірибедегі дәрігерге бірден жүкті әйел, балалар немесе егде жастағы кісілер қаралатын кезде, кезекті ұзақ күтіп қаласың. Ондай сәттегі науқастардың көңіл күйлері айтпаса да түсінікті. Осыған байланысты «Ақ жол» партиясының өкілдері балалар емханалары мен медициналық оқу орындарында «балалар дәрігері» мамандығын қайта қосу мәселесін қарастыруды сұрайды», – деген депутат. Мәселенің мәнісі – Болон үдерісінде жатқандай. Ол бойынша жоғары оқу орнында арнайы педиатр мамандары даярланбайды, есесіне жалпы медицина факультетінде білім алушы 5 жыл бакалавриатты бітіріп, одан 2 жыл интернатурада, екі не бес жыл шамасында резидентурада білім алып шыққанда ғана балалардың толыққанды дәрігері атанады. Яғни, студент 5 жылғы оқуда барлық дәрігерлік мамандықтарға қатысты жалпы білім ғана алып, ол тек жалпы тәжірибелік дәрігер болып шығады. Педиатр болу резидентураны тәмамдаған дәрігердің ғана еншісі. Былай қарағанда, балалар дәрігері болу үшін үлкен әзірлік керектігін, оған жету үшін өте бір тыңғылықты оқуды тауысу қажеттігіне мән берілгеніндей көрінгенімен, шынтуайтына келгенде, бұл елімізде бұрыннан да тапшы балалар дәрігерінің проблемасын одан сайын күрделілендіре түскендей. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан халқының 30 пайызын 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөс­пірімдер құрайды екен. Ал осы үлкен топты арнайы дәрігер маманнан қағу қаншалықты дұрыс дүние? Осыдан оншақты жыл бұрын медициналық ЖОО-лардағы педиатрия факультеттерін жабу туралы шешім қабылдаудың жұртшылық үшін тиімділігі қандай болды? Үлкен қалалардан жырақта жатқан, шалғайдағы жеткіншек қандай дәрігерлерге қаралуда? Болмаса, дер кезінде арнайы кәсіби дәрігер қоймаған диагноздан немесе дұрыс жасалмаған емнен қанша бала зардап шекті? Сауал көп, тұщымды жауапты табу да қиын. «Бүгінгі күні терапевт дәрігерлер төрт айлық курстан өткендіктен, олар балалар арасында ең көп таралған ауру түрі туралы ғана білімін жетілдіреді. Ал балалар ағзасының ерекшелігі арнайы біліммен қатар ұқыпты қарым-қатынасты да талап ететіні белгілі. Мәселенің моральдық-психологиялық қырынан бөлек, балаларды емдеудегі ендігі дәрігерлердің білікті әрі тиімді қызметі де күмән тудырады. Мұндай реформа ата-аналардың ғана емес, дәрігерлердің өздері тарапынан да түсініспеушілікке ұшырауда», – деген депутат сөзі көңілді кәдімгідей күпті етеді. Менің өз пайымымда 10-12 жыл бойына оқып, педиатр атанған маманның ауылдық жерлерге баруы да екіталай. Сонда ауыл балаларының жайы не болмақ? Болон үдерісіне ілесіп, әлемдік стандартқа ұмтылмақ болған бізбен көрші елдердің бірқатары кезінде педиатрлар даярлайтын факультеттерді жапқан екен, бірақ артынша ол райларынан қайтып, балалар дәрігерлерін даярлауды қайта жалғастырыпты. Ал Ресей Федерациясында мүйіздері қарағайдай атақты дәрігерлер педиатрия факультеттерінің жабылуына жол бермепті. Ол біздің ертеңімізге балта шабу болады депті. Орынды-ақ! Осы ретте біздің еліміздегі атақты педиатр, академик Камал Ормантаевтың пікірін алға тартқан жөн болар. 2015 жылы «Түркістан» газетіне берген сұхбатында былай депті. «Қазақ: «Аттыға ілесемін деп, жаяудың таңы айырылыпты» деген ғой. Кеше ғана бір одақта өмір сүрген бүгінгі ТМД елдерінің ешқайсысы педиатрия факультеттерін жапқан емес. Қайта елдің болашағы бала болған соң балалар дәрігерлерін көбейтіп, оған үлкен маңыз беруде. Ал бізде ше? Отбасылық дәрігерді ендірумен мәселе шешілді ме? Жоқ! Қайта балалар дәрігерінің саны азайып, мәселенің шешілуі күрделене түсті. Отбасылық дәрігерлерге менің қарсылығым жоқ. Олардың жалпы медицинадан хабары бар. Қазір анықталып отырғандай, адамда 14 мың аурудың түрі бар. Отбасылық дәрігерлердің солардың аттарын да толық білуі мүмкін емес қой. Солардың ішінде балаларға қатысты ауру түрлері қаншама. Жаңа туған нәресте үш жастан асқанша үлкендер секілді қай жерінің қалай ауыратынын айта алмайды. Оларға диагноз қою үшін білікті, білімді балалар дәрігері болуы керек. Балалар дәрігерінсіз біздің медицина қауқарсыз. Бұрын мединститутта педиатрларды үшінші курстан бастап дайындаушы еді. Ал қазір ше?! Оларды университеттің 6-7 курстарында атүсті дайындайды. Ал менің тұжырымым бойынша балалар дәрігерін дайындау үшін университеттерде студенттерді жеті жыл оқыту керек». Бұдан нақты айту мүмкін емес шығар?! Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»