Өткен жылы Шотландияның Глазго қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы жүзуден әлем чемпионатында қос қола жүлдеге қол жеткізген Зүлфия Ғабидуллинаны Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдап, құрмет көрсетті. Сонда спортшының жеке бапкері Саттар Дүйсембаев: «Алда Паралимпиада ойындары келе жатыр. Алла қаласа, мемлекеттің мерейін асыратын додада ел намысын биіктен көрсетіп, әлем чемпионатында алдымызды ораған Нидерланд спортшысынан есе қайтарып, тұғырдың ең биік сатысынан көрінуді көздеп отырмыз», деген еді.
Шынында Зүлфияның алар асуы асқақ екен. Ол Рио-де-Жанейродағы ХV жазғы Паралимпиада ойындарында 100 метр қашықтыққа еркін жүзуде ел қоржынына алтын жүлде салып, осы жеңісімен медальдар соқпағын салып берді. Алты дүркін әлем чемпионы Паралимпиялық ойындарда жаңа әлем рекордын жаңартты.
Тағдыры Зүлфияға алты жасынан төсекке таңылуды жазды. Алайда, бұл оның өзін-өзі ұдайы жетілдіруіне кедергі бола алмады. Ол суда жүзу спортымен айналысып, өмірден лайықты орнын таба білді. Республикалық мүгедек спортшылар біріншіліктерінде жүлдегер атануы үлкен спортқа деген құлшынысын арттыра түскен. Ол үшін осыдан 12 жыл бұрын Олимпиадаға қатысу басты арман болды. Армандар орындалады екен. Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Саттар Дүйсембаевтың қол астында тұрақты түрде жаттығу көп ұзамай өз нәтижесін бере бастады. Бар-жоғы 8 жыл ішінде олимпиялық нормативті орындап, Лондонда өткен паралимпиялық ойындарға қатысу мәртебесіне де қол жеткізді. Оған бұйырғаны 12-орын болды. Өкініштісі, оның мүмкіндігі мүгедектік санаты бойынша дұрыс белгіленбеуінен өзінен бір сынып жоғары қарсыласпен бәсекеге түсуіне тура келген еді.
Бір жылдан кейін Канаданың Монреаль қаласында өткен әлем біріншілігінде жеткен нәтижесі оның өміріне үлкен бетбұрыс әкелді. Бұл сында Зүлфия 50 метрлік қашықтыққа алдын ала еркін жүзуден әйелдер арасында S3 класында әлем рекордына қол жеткізді. Ол 0:47.40 секундтық уақытты көрсетті. Бұған дейін Қытай спортшысы осы қашықтықты 0:47.79 секундта жүзіп өткен-ді. Соңғы сында 0:47.79 секундтық көрсеткішпен 2-орынды жеңіп алды. Ал қола жүлдеге 50 метр қашықтыққа шалқалай жүзуде ие болды.
Одан кейін Стацканал (Голландия) қаласында өткен дүниежүзілік мүгедектер ойындарында 4 алтын медаль алып, 3 әлем рекордын жаңартты. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі ұйымдастырған «Үздік спортшы-2013» салтанатты іс-шарасында «Жеңіске ұмтылыс» аталымын иеленгені де бар. Оның алдында Шардж қаласында (БАӘ) жүзуден мүгедектер арасында өткен дүниежүзілік ойындарда топ жарды. Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында жалауын желбіреткен Азия Паралимпиялық ойындарында да осы биігінен төмендеген жоқ. Ол үшін былтырғы жыл да табыссыз болған жоқ, жоғарыда жазғанымыздай, Глазго (Шотландия) қаласында өткен әлем біріншілігінен екі бірдей қола медаль олжалап қайтты. Биылдың өзінде «Эйндховен кубогі» халықаралық жарысы мен Германия ашық чемпионатының жеңімпазы атанып үлгерген еді.
Қазіргі таңда Зүлфия Ғабидуллина «Дос Тараз» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры болып қызмет етеді. Ұжыммен тіл табыса білетіндігімен, ашықтығымен, орындаушылық қабілетінің жоғарылығымен абырой-сыйға да бөленуде. Алға қойған мақсаты үлкен, еңбексүйгіш жан. Ол спортта да, өмірде де жеңімпаз!
Кеше Зүлфия Ғабидуллинаны жамбылдықтар Тараздың әуежайында құшақ жая қарсы алды. Алыс елден «алтын» арқалап келген жеңімпазды Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев құттықтап, алдағы уақытта облыс орталығынан зәулім үй салып беруге уәде берді. Ал «Халық банкінің» жергілікті филиалы осы үйдің көрімдігі ретінде 3 млн. теңгенің сертификатын табыс етті. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Саттар Бейсембаевқа 2 млн. теңгенің сертификаты тапсырылды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы