Кезінде қазақ боксы мақтаныштарының бірі болған КСРО-ның 1984 жылғы чемпионы, 1985 және 1986 жылдарғы күміс жүлдегері Асылбек Қилымовты спорт жанкүйерлері ұмыта қоймаса керек. Жақында біз белгілі былғары қолғап шеберімен кездесіп, аз-кем әңгімелескен едік.
– Бокстың сүйек майын шаққан шетелдік бір журналистің «Майк Тайсон – өз мүмкіншілігінің 50 пайызын ғана жүзеге асырған боксшы» деген пікірін оқып едім. Төрткүл дүниені дүрліктірген «Темір Тайсон» өз мүмкіншілігін жартылай ғана жүзеге асырса, қазақтың күрзі жұдырықты жігіті Асылбек Қилымовта бұл көрсеткіш 30-40 пайызды құрайтын шығар. Неге?
– Рахмет. Шынымды айтсам, осы сұрақты өзіме де көп қойдым. Оның жетегінде ой дариясына сан рет шомдым. Бірақ әлі оның нақты жауабын таба алған жоқпын. Көп нәрсені күні бүгінге дейін түсіне алмай, дал боламын. Бәріне спортпен қоян-қолтық қабаттасып жүретін саясат кінәлі сияқты.
– Сонда өзіңізді «тоталитарлық жүйенің солақай саясатының құрбанымын» деп санайсыз ба?
– Бүгінде олай деп, өзімді тым жоғары бағалағым келмейді. Бірақ мен бір-екі мысал келтірейін. 1979 жылы Молдавияда КСРО-ның жасөспірімдер арасындағы чемпионаты өтті. Оған қатысу үшін қала, облыс, спорт қоғамы және Бүкілодақтық кәсіподақ спорт қоғамының біріншіліктерін жеңу керек. Мен олардың үшеуін оңай жеңіп шығып, жеңімпаз атандым. Соңғысында ақтық бәсекеде ұтып тұрсам да, прибалтикалық қарсыласымның қолын көтерді. Негізі, мұнда екінші орын алған боксшының өзін Одақ чемпионатына шақыртулары керек-тін. Бірақ мені ешкім де шақырмады. Бапкерім Александр Драч бұрын Молдавияда қызмет еткен маман еді. Ол бірден өзінің бұрынғы таныстары арқылы мені сол республика құрамасына қосып жіберді. Өйткені, ол кезде чемпионатты ұйымдастырушы республикаға өз командасын қоюға рұқсат берілетін. Сөйтіп, мен молдовандар командасы сапында рингке шықтым. Әбден ашынсам керек, қарсыластарымды алғашқы раундтарда-ақ нокаутпен жеңе бастадым. Содан барлық қарсыластарымды ұтып, жасөспірімдер арасында Одақ чемпионы атандым. Бұдан кейінгі үш жылда Қарағандыда (1980), Пензада (1981), Каунаста (1982) өткен жасөспірімдер біріншіліктерінде топ жардым.
Кейін КСРО құрамасы сапында өнер көрсете бастағанда бапкерлердің кей қылықтарын түсіне алмай-ақ қойдым. Финляндияда өткен халықаралық турнирдегі бірінші жекпе-жекте қарсыласымды бірінші раундта-ақ нокаутқа жібердім. Құраманың бас жаттықтырушысы Артем Лавров маған ұрысты. «Неге жұдырықтаспайсың?» дейді. Екіншісінде нокаутқа түсірдім. Лавров тағы жер-жебіріме жетті. Үшінші жекпе-жегімде қашып-пысып жүріп алдым. Үзілісте Лавров мақтады. «Міне, осылай жұдырықтасу керек» деп қояды. Соңында оны да сылқ еткіздім. Лавров тағы ұрысты. Ал мен түсінбеймін. Неге мен өзімді басқаға ұрғызып қоюым керек?!
– Ең өкініштісі, халықаралық аренада елеулі жеңіске жете алмадыңыз. Оның да сыры бар ма?
– Ұзын-қысқасы 15 халықаралық турнирде жеңіс тұғырының ең биік сатысына шығып, осынша рет КСРО туын көкте желбіреттім. Мұны мақтан етемін. Ақ шаршы алаңдағы ең басты арманым Олимпиада чемпионы болу еді. Ол жүзеге аспады. Оның да себебі бар. 1984 жылы Олимпиадаға баратын КСРО құрамасының сапына 4 қазақ іліндік. Төрт қазақ! К.Әбдірахманов, С.Нұрқазов, С.Қонақбаев және мен. Бірақ Олимпиада қарсаңында бізге КСРО Лос-Анджелеске спортшыларды жібермеу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Өз басым жай соққандай, мең-зең болдым. Осыдан кейін спортты саясат демей көр. Ал сол Олимпиадада мен екі рет жеңген Оңтүстік Корея боксшысы Шин Джун-Соп чемпион атанды. Мен оны 1982 жылы 18 жасымда Финляндияда нокаутқа түсіргенмін. Содан соң 1983 жылы Таиландта таза жеңгенмін.
– Соққыңыздың қуатты болуы жаратылыстан ба, әлде жаттығулар арқылы қол жеткен жетістігіңіз бе?
– Табиғи жаратылыстан. Тәңірдің берген сыйы шығар. Ауылда өстік. Үйде мал бар, бау-бақша да болатын. Олардың бәріне су керек. Құдықтан қауғамен су тартатынмын. Екі шелекті иін ағашқа іліп, екеуін қолға ұстап, таситынбыз. Қысқа отын дайындау үшін қол арамен аралап, балтамен ағаш жаратынмын. Мүмкін осы жұмыстардың да септігі тиген шығар. Жалпы, мен рингте 216 жекпе-жек өткізіп, оның 82 пайызын аяғына жеткізбей аяқтадым. КСРО құрамасының сапындағы жаттығуларда соққымды тексергенде, 724 килоны көрсеткен.
– Бокстан неге тым ерте, 23 жасыңызда, ең өкініштісі, Олимпия ойындарына бір жыл қалғанда кеттіңіз?
– Жалықтым. Рингте өткізген 10 жыл өмірімде әділеттілік көрдім деп айта алмаймын. Ал Олимпиадаға баратын құраманың сапына мені алатындарына сенімді болған жоқпын. Сол себепті 1987 жылы қолғабымды «бұрышқа» атып ұрдым.
Әңгімелескен
Нұрғазы САСАЕВ