• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Қазан, 2016

Баспасөзге жазылу басталды

626 рет
көрсетілді

Кеше «Қазпошта» акционерлік қоғамының Астана және Алматы филиалдарында кезекті мерзімді баспасөзге жазылу  науқанына арналған акциялық шаралар өтті. Астана. Жыл сайын «Қаз­пошта» АҚ Астана филиалы мерзімді басылымдардың өкілдері мен қалалық оқыр­мандардың арасында баспасөзге жазылу күнін өткізеді. Бұл күні оқырмандар өздерінің сүйікті газет-журналдарына же­ңіл­дікпен жазылып, редакция өкілдеріне сауалдарын қойып, акциялық шара барысында жылы лебіздерін арнап, өлең шумақтарын оқып мәре-сәре болып қалады. Кеше де еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» бастаған «Казахстанская прав­­да», «Астана ақшамы», «Ве­­чер­няя Астана», «Қазақстан кә­­сіподағы», «Сән мен сахна», «Қазақ газеттері» ЖШС-ына қа­­расты басылымдар, басқа да бірқатар елге белгілі газет-жур­налдардың редакциялары елордадағы пошта ғимаратында өз тауарларын оқырмандарға ұсынды. Келушілерге шараның мән-маңызы жайлы баяндаған «Қаз­пошта» АҚ Астана филиа­лы­ның директоры Сәуле Әбіл­баева оқырмандар мен редакция қызметкерлерін баспасөзге жазылу күнімен және 9 қазан Дүниежүзілік пошта күнімен құттықтады. «Біздің филиалдың бұл жолғы жаңалығы ретінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының көмегімен орталық операциялық учаске­нің жаңғыртылуын атап өткім келеді. Көріп отырсыздар, пош­талық қызмет, қаржылық қызмет көрсету залдары түгелімен жаң­ғыртылды. Сәлем-сауқат (посылка) супермаркеті ашылды. Енді тұрғындарымыз сә­лем­­демелерді жіберуде де, қабылдап алуда да бұрынғыдай кезекке тұрып әуре болмайды және оператордың қызметінсіз өз шаруаларын атқара береді. Сондай-ақ, бұл зал кешкі 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Сөй­тіп, пошта қызметі түгелдей тұтынушылардың сұ­ра­нысына негізделуде» – деді филиал директоры. Ол қазіргі күні қалалық оқырмандардың мерзімді бас­пасөзге жазылу деңгейі қан­шалықты деген журналистер сауалына «аз да емес, көп те емес» деп жауап бере отырып, күнделікті шаруасын таңертеңгі сағат сегізде газет сатып алудан бастай­тын оқыр­мандардың бар екенін, пошта филиалы жөн­­деуге жа­былған кезде олар әжеп­тә­уір на­разы­лық танытқанын да атап өтті. Алматы.  «Бас поштаның опе­рациялар залында Алматыдан шығатын барлық басылымдар арнайы сөрелерге қойылып, жазылушылар үшін үш кассада бөлшек сауда тәртібіне орай оператор қыздар тоқтаусыз жұмыс істеді.  Сөйтіп, 2017 жылдың газет-журналдарына ресми түр­де жазылу басталды.  Айтулы ша­­­раны құттықтау сөз сөйлеп ашқан «Қазпошта» АҚ Алматы филиалы директорының орынбасары А. Момынов «Биылғы баспасөзге жазылу науқаны Дүние­жүзілік пошта күнімен орайлас келді. «Қазпошта» қай кезде де халық пен басылымдар арасында алтын көпір болғанын  мәртебе санайды» деді. Ел газеті «Егеменге» ал­ғаш­­­қы жазылған Алматы қала­сының тұрғыны, зейнеткер Әбсаттар Науатов болды. Ке­зінде Шардара су қоймасын салған Қазақстанның құрметті гидротехник-инженері бізбен әңгімесінде басылыммен  сонау «Социалистік Қазақстан» аталған кезінен жақсы таныс әрі ұдайы оқырманы болып келетінін тебірене еске алды. «Егемен Қазақстан» газетіне жазылудың кезегіне тұрған екін­ші оқырманымыз – ақтаулық кәсіпкер, байырғы мұнайшы-инженер Серік Мырзаханов болып шықты. Нотариалды кеңсенің директоры Рахымжан Нұрбеков, үшінші жазылушы,  «Егемен­нің» соңғы айларда аса қызықты әрі газеттің пішімінің өзгергенін байқадым. Аға басылымға ал­дағы уақытта игілікті табыс ті­лей­мін» деді ағынан жарылып. «Егемен Қазақстан»   га­зе­тіне алғашқы леппен жа­зылған үш оқырманымызға да редакция аты­нан арнайы сый-сыяпат жасалды. Алматыда жылына бір рет өтетін баспасөзге жазылушылар күні 73 басылымды таңдаған 378 адам газет-журналға жазыл­ды. Оның  27-сі «Егемен Қазақстан»! –––––––––––– Суреттерде: 1. Астаналық оқыр­мандар «Егемен Қазақ­стан» газетіне қызығу­шылық танытуда. «Егеменге» ал­ғашқы болып жазылған оқыр­ман­дары­мыз (солдан оңға қарай) – Серік МЫРЗАХАНОВ (Ақтау), Әбсаттар НАУАТОВ және Рахымжан НҰРБЕКОВКЕ газет­­тің арнайы сыйлығы тапсырылды. Талғат СҮЙІНБАЙ, Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, Нұрманбет ҚИЗАТОВ